Агломерация қалыптастырудың құқықтық тетігі қаралады
Агломерация қалыптастырудың құқықтық тетігі қаралады
205
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төра­ғалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2022 жылғы 22 желтоқсанда өте­тін Сенат отырысының күн тәртібін айқын­дады. Соған сәйкес алдағы Палата отырысында «Агло­мерацияларды дамыту туралы», «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне агло­мерацияларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобалары қаралады. «Агломерацияларды дамыту туралы» және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобалары Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмаларын орындау мақ­­сатымен әзірленді. Жаңа нормалар агло­мерацияларды қалыптастыруға және дамытуға қа­жетті құқықтық жағдай жасауды көздейді. Осы заң жобаларын қабылдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қала құрылысын жоспарлау, көлік инфрақұрылымын жоспарлау, сәулет және құрылыс қызметі, сондай-ақ бюджеттік процестерді іске асыру саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының негізгі мақсаты – өсімдіктер дүниесін қорғау, қал­пына келтіру және оларды пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи әртүрлілікті және өсімдіктердің жабайы түрлерінің генофондын сақтау, оларды ұтымды пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастыру. Сонымен қатар сенаторлар бейсенбіде өтетін отырыста Палата Регламентіне енгізілетін өзгерістер туралы мәселені қарайды.