Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2022 жылғы 22 желтоқсанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін айқындады. Соған сәйкес алдағы Палата отырысында «Агломерацияларды дамыту туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралады. «Агломерацияларды дамыту туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобалары Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленді. Жаңа нормалар агломерацияларды қалыптастыруға және дамытуға қажетті құқықтық жағдай жасауды көздейді. Осы заң жобаларын қабылдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қала құрылысын жоспарлау, көлік инфрақұрылымын жоспарлау, сәулет және құрылыс қызметі, сондай-ақ бюджеттік процестерді іске асыру саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының негізгі мақсаты – өсімдіктер дүниесін қорғау, қалпына келтіру және оларды пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи әртүрлілікті және өсімдіктердің жабайы түрлерінің генофондын сақтау, оларды ұтымды пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастыру. Сонымен қатар сенаторлар бейсенбіде өтетін отырыста Палата Регламентіне енгізілетін өзгерістер туралы мәселені қарайды.