Сапасыз интернет үшін айыппұл төлейді

Сапасыз интернет үшін айыппұл төлейді

Цифрлық даму, ин­но­вация­­лар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин сапасыз байланыс пен интернет үшін операторлар қомақты сомада айыппұл төлеп жатқанын айтты.

«Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 4 733-і, яғни 74 пайызы кең жолақты интернетке қосылған. 1 628 елді мекен 4G-ге қосылған, ал 3 105-і 3G технологиясымен қам­тамасыз етілген. Барлық елді мекендердің 34 пайызы ADSL тех­нологиясымен, яғни мыс сымымен қосылған, сондай-ақ оптика жүйе­сімен 26 пайызы қамтамасыз еті­ліп отыр. Сонымен қатар тұрғын­дар саны 260 мыңнан асатын 1 673 ауыл кең жолақты ұялы байланыс интернетпен қамтылмаған. Бай­ланыс сапасын көтеру мақсатында біз жыл сайын «базалық станса­лардың» санын көбейтіп жатыр­мыз. Бүгінде 43 мыңдай базалық станса орнаттық. Демек, жыл са­йын 4 мың жаңа станса іске қосылады», – деді Б.Мусин Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Осы орайда, ол заңнамалық өзгерістер арқылы операторларды байланыс инфрақұрылымына инвестиция салуға ынталандыру тетіктері бекітілгенін айтты.
«Атап айтқанда, әрбір бай­ланыс технологиясы үшін ең тө­менгі сапа параметрлері белгілен­ген. Нақты айтатын болсақ, 3G-ге секундына 1 Мбит, 4G-ге секун­дына 5 Мбит айқындалды. Бұл ме­ханизмге сәйкес, бекітілген сапа көрсеткіштерін бірінші рет бұз­ғаны үшін айыппұл сомасы 100 АЕК-тен 1000-ға көтерілді. Бұл талап қайта бұзылса, 200 АЕК-тен 15 мыңға дейін жетеді. Шынын айту керек, бұрын айыппұл мөл­ше­рі аз болған. Сол себепті опера­тор­ларға жауапкершілік алмай, жай ғана айыппұл төлеп жүре беру ыңғайлы еді», – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, айыппұл сома­сының өсуі операторларды өз инфрақұрылымына жауапкер­шілік­пен қарауға міндеттейді. Айып­пұл механизмі бюджетке тү­сетін кірісті көтерді. Биыл бар­лығы 1 051 тексеру жүргізіліп, 1 млрд 264 млн теңге сомасына айып­пұл жазылған. Бұған қоса, айыппұл нәтижесінде операторлар қосымша 700-ден астам базалық станса орнатты.

Б.ИКРАМОВА