«Болашақтың» болашағы бұлыңғыр емес
«Болашақтың» болашағы бұлыңғыр емес
«Болашақ» бағдарламасы керек пе? Керек емес дейтіндер оны «ғы­лыми туризм» деп мысқылдап, бү­гін­­де елімізде өткір тұрған кадр тап­­шылығын шешуде дәрменсізді-гін сы­найды. Депутаттардың дені қыр­уар ақша далаға кетуде деп санайды, сон­дықтан да оны жауып, балама жо­ба ойлап табу қажет. Ал минис­тр­лік оның кемшілігін мо-йындап, бағдарламаны оңтай­лан­дыруға, жетілдіре түсуге ша­қы­ра­ды. «Болашақтың» баспалдағы «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдың 5 қарашасында іске қо­сыл­ды. Халықаралық стипендияның ал­ғашқы қарлығаштары 187 адам 1994 жылы са­парға аттаныпты. Содан бергі уақытта түрлі ұйым­дық өзгерістерге ұшырағанымен, бағдар­ламаның түлектер қатары тек артумен келеді. Араға жылдар салып, 2005 жылы стипендиат саны 3000-ға дейін ұлғайтылған. 2008 жылы тағылымдама бағдарламалары енгізілген болса, 2011 жылы бакалавриат бағдарламасының күші жойылған. 2014-2016 жылдар арасында «6+6» нысаны бойынша тілдік дайындық енгізіліп, IELTS бойынша шет тілін білуге қойылатын талап 3.0-ден 5.0-ге дейін қатайтылған. Әлемнің 100 үздік ЖОО-да білім алуға мүмкіндік бе­ретін Split PhD ғылыми кадрларды даяр­лаудың жаңа жүйесі іске қосылған. Ал 2017-2018 жылдары GPA дипломның орташа балына қойылатын талап 3.0-ден 3.3-ке дейін, IELTS қойылатын талап 5.0-ден 5.5 дейін күшейтілді. ЖОО-лар тізімі ТОП-70 жо­ғары оқу орындарына дейін оңтайлан­дырылды. Өңірлерде 3 жылға дейін, респуб­ли­калық маңызы бар Астана, Алматы, Шым­кент қалаларында 5 жылға дейін ең­бек­пен өтеу мерзімін қысқартумен, «орта­лық-өңір» үлгісі бойынша еңбекпен өтеу енгізілді. 2019-2020 жылдары «Болашақ» стипендиясын жаңғырту қолға алынып, ЖОО-дан шартсыз шақыру қағазының болуы талап етілді. Үміткерлердің квоталық санаттары жойылып, тілдік курстар тек ауыл­дық жерден шыққан үміткерлер үшін қал­дырылды.
«Білім мен ғылым – кез келген мемле­кет­тің даму, өркендеу көрсеткіші. Бұл орай­да адами капиталды арттырып, ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін бірегей жоба – «Болашақ» стипендиясының рөлі зор. Халықаралық бағдарлама жүзеге асы­ры­лып келе жатқан 29 жыл ішінде 11 800-ден астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүм­кін­дігіне ие болды. Бүгінде «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқылы білім алған түлектер елі­міздің өсіп-өркендеуі жолында қызмет етіп жатыр. Биыл Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша «Болашақ» стипен­диясының транформациясы жүргізілді. Бағ­дарлама мамандықтарының тізімі сұра­ныс­қа қарай жаңартылған. Техникалық жә­не IT мамандықтарға гранттар саны 60 пайыз­ға дейін ұлғайтылды», – дейді Ха­лық­аралық бағдарламалар орталығының бас­қарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Мың тұлпардың жүз жүйрігі қайда? «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» де­мекші, «Болашақтың» бары мен жоғын түгендеген Мәжіліс депутаттары болды. Шу Үкі­мет сағатында Әлеуметтік кодекс жо­басын талқылау барысында Мәжілістен шық­ты. Депутат Айгүл Жұма­баева аты дар­дай халықаралық стипендия­ның елге тигізіп жат­қан пайдасына күмән келтірді. Жұмыс істеп жатқанына 29 жыл болса да, ол Қа­зақ­стандағы жұмыс берушілер шетелден ма­ман­дар тартуды жалғастырып жатқанын ашына атап өтті.
«Әлеуметтік кодекс жобасында сыртқы кө­ші-қонға қатысты жаңа тәсілдерді жүзеге асыру көзделген. Сонымен қоса, Қа­зақ­станға шетелдік ғалымдар мен басқа да тап­шы мамандықтар бойынша мамандарды тар­ту үшін жаңадан «Ашық Қазақстан» тұ­жырымдамасының жобасы дайындалған. Сон­да салық төлеушілердің қыруар қар­жы­сы жұмсалып жатқан «Болашақ» бағ­дар­ламасынан не қайыр? Онда бір студентінің бір жылдық оқуының құны шамамен 35 мил­лион теңгені құрайды. Ал елімізде ха­лықаралық дәрежедегі мамандар тапшы. Сон­да мыңға жуық «Болашақ» түлегінің ара­сынан қажетті 200 маман табылмай, мем­лекет тағы да жалақысы қазақ­стан­дықтардан бірнеше есе жоғары шетел­дік­терді тартуға мәжбүр болса, бұл бағд­ар­ла­ма­ның тиімділігі мен пайдасы туралы мә­се­ле көтеретін кез келген шығар?» – деді Айгүл Жұмабаева.
Сол жиында Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі шетелдіктерді жұ­мысқа алу жүйесін қайта қарауға уәде бер­ді. Ал депутаттың сөзін қалың көпшілік іліп әкетіп, әлеуметтік желіде қызу тал­қы­ла­ды. Шындығында, халықаралық бағ­дар­ла­ма өз өзектілігін жоғалтып келе жатқанын аң­ғартса керек. Әрі халықтың пікірінен әлеу­меттік жіктің де сыңайы аңғарылады. Отыз жылдағы мыңнан тұлпардың осынау қиын кезеңде жүзден жүйрігі шықпай тұр­ғаны ащы да болса уақыт шындығы. Ендеше жақ­таушы тараптың да уәжін тыңдап көрелік. Бағдарлама әлі де жетілдіріледі
Бұл мәселені өткен жұма күні «AMANAT» партиясының Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қо­ғамдық кеңестің кезекті отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова да қозғаған болатын. Кеңес төрағасының сұрағына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің өзі жауап берді. Депутат: «Сіз кезінде осы «Болашақ» бағдарламасының қалыптасып, дамуына еңбек еттіңіз. Оның концептуалды негізін қа­лаған азаматтардың бірісіз. Ендеше нақты айтыңызшы, «Болашақ» Қазақстанға дәл қазіргі экономиканы дамытуға қажет пе?» деген сұрақ қойды. «Болашақ» бағдарламасының траге­дия­сы екі үлкен мәселеден тұрады. Біріншісі, ол – біздің экономиканың құрылымы. Өкі­ніш­ке қарай, біздің экономиканың құры­лы­мы өте дара, қарапайым, яки күрделі емес. Мәселен, Рикардо Хаусманның The Atlas economic complexity деген моделі бар. Онда экономиканың өте күрделі болуы ке­рек екені айтылады. «Боингті» жасау үшін Аме­рика экономикасының құрылымында ке­мінде 400 сала жұмылдырылады. Сол сияқ­ты бізде де сондай болу керек. Енді тра­гедия неде? Біздің балалар барады, оқи­ды. Олар басқа экономиканың құрылымы­ның талабына сай білім алады. Ал қайтып келгенде ол білімге біздің елде сұраныс жоқ. Міне, бұл бірінші мәселе болса, екінші тра­гедия: басында бізден барғандардың көп­шілігі бакалавриат болғандығында. Оның үстіне, олардың көпшілігі, яки 65 пайызына дейін гуманитарлық мамандықтарға барды. Инженерлік-техникалық мамандықтар өте аз оқыды. Әлі күнге дейін солай. Ал эконо­ми­каны көтеру үшін, зауыт салу, инф­ра­құры­лымдарды көтеру үшін көбінесе ин­же­нерлік мамандықтар керек. Міне, осы кем­­шіліктерді түзеу керек», – дейді ми­нистр.
Саясат Нұрбекұлының айтуынша, «Бо­ла­шақ» жемісін беруі үшін әуелі стипен­диат­тар осында білім алып, мамандығы бойынша жұмыс істеп, сосын ғана шетелге оқуға баруы керек екен. Онда да оқуды бітірген соң сол жақта да кемі бір-екі жыл жұмыс істеуі қажет. Міне, осы төрт ком­понент орын­далса, онда халықаралық бағ­дарлама нә­тижелі болмақ. Ал бізде көпшілігі ба­калаврға бірден сол жаққа оқуға түсті де, қал­ған талаптар қалыс қалды. Қайтып кел­генде тағы да алған теориялық біліміне мұқ­­таж­дық жоқ, жергілікті білімі мен тәжі­рибесі тағы жоқ, оқып-тоқығаны уақыт өте ескіріп кетті.
«Болашақ» бағдарламасының пайдасы бар, бірақ мәселе оны оңтайландыруда. Мен осы модельді осыдан он жыл бұрын жазған­мын. Бір адам бір саланы өзгерте алмайды. Ол саланы өзгерту үшін топпен бару керек. Ба­калаврлар, магистрлер және PhD док­торлар. Өйткені Қытай, Оңтүстік Корея осылай жасайды. Сондықтан да модель өзгеруі керек. Мен қазір Республикалық ко­миссияның трансформациясын жасап жа­тырмын. Ол бекіген жағдайда осыны қол­ға алу қажет», – деді ҒЖБ министрі. Ведомство басшысының сөзін «Бола­шақ» түлектері де қолдап отыр. Солардың бірі «Әкелер одағының» РҚБ төрағасы Мақ­сұтбек Аймағамбетов: «Шетелге жі­бере­тіндердің біліктілігін де дұрыстап сараптау қа­жет. Өйткені IELTS немесе TOELF дәре­жесі 8-9 бола тұра, ағылшын тілі маман­ды­ғына баратындар бар. Оларға мемлекеттің ақ­шасын текке шашып, білетінін басынан бас­тап оқып не керегі бар. Кәсіби спорт­шы­лар туралы да осыны айтуға болады», – дейді.
Ал келесі бір «болашақтықтың» пікірін­ше, еліміздегі білім сапасын халықаралық деңгеймен ұштастыратын, осы жолда қа­­лыптасқан мектептен бас тартуға бол­май­ды.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқы­ған мамандар бола тұра, шетелден кадр тарту мәселесіне біржақты көзқарастың ай­тыл­ғаны өкінішті. «Болашақ» бағдарлама­сы – өңірлік жоғары оқу орнында оқып жү­ріп, одан да биік сапаға ұмтылуға бола­тынын, шет тілінде ғылыми еңбек жазу мүм­кін екенін, мемлекеттің талантты жас­тарға қолдау білдіретінін көрсеткен, одан әрі дамуға ынталандырған бірден бір құрал. Шын­дығында, еңбек нарығында мамандар­дың жетіспеушілігі, шетелдік кадрларды тарту мәселелері жан-жақты зерттеуге сұра­нып тұр. «Болашақ» бағдарламасының эко­номикалық әсеріне келер болсақ, оны бір­неше адамның нәтижесімен өлшеуге бол­майтыны анық. Сондықтан оны өлшеу­дің бір ғана шешімі бар. Бағдарламаны тағы да зерттеу қажет. Бағдарламаның түрлі ас­пек­тілерін зерттеуді жалғастыру керек», – дейді А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.
Қалай болғанда да «Болашақтың» бо­ла­шағы бұлыңғыр емес екені анық. Бірақ отыз жылда қордаланған мәселелер мен жұмсал­ған қыруар қаржы астарында оның өткені бұлыңғыр боп қалып тұрғаны өкінішті. Ен­де­ше халықаралық стипендияның етек-жеңін жинайтын уақыт келді.