Құрылыс қалай қымбаттайды?
Құрылыс қалай қымбаттайды?
650
оқылды
Еліміздің қай қиырында болмасын бюджеттің бүйі­рінен қаржыны сүліктей со­рып, түрлі нысандарды салу кезінде қитұрқы әрекетпен бөлінген қомақты қаржыны жымқыру оқиғалары жиі кез­деседі. Ақыры, сиыр­құйым­шақтанып, «сақалды» құры­лысқа айналатын, одан кейін «Қажетті материал­дар тым қым­баттап кетті» деген же­леу­­мен тағы қосымша қара­жат сұрату «жазылмаған қағи­даға» айналған. Де­ген­мен нақты іске келгенде мил­­лиард­таған сома құ­йылған нысандардың са­пасы сын көтермей, халық­тың ащы жанайқайын туды­рып жат­қаны да шындық. Әрине, мұ­ның артында жем­қор жү­йенің басындағы «кө­ке­лер­дің» тұр­ғанын да жұрт жақсы біледі. Түйінді мәселе «AMANAT» пар­тиясының сайлауалды бағдар­ламасын жүзеге асыру шеңберінде партияның Орталық аппараты пар­тиялық бақылау департаментінің инспекторы Заур Гучияев пен Ақ­мола облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы жүргізген ны­сандарға мониторинг кезінде тағы бір мәрте қаралды. Арнайы комис­сия алдымен ат басын Аршалы ауданындағы Аршалы, Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарындағы газ тарату желілеріне бұрып, жаңадан қосыла бастаған көгілдір отынның таралу жағдайын байқады. Сондай-ақ Жібек жолы және Жалтыркөл ауылындағы мектептердің құры­лысы да назарға ілінді. Жоғарыда аталған ауылдарда осы жылдың соңына дейін 382,3 ша­қырымдық газ желісін тарту жос­парға енгізілген. Бекітілген тізімге сәйкес, 6 жоба бойынша Аққайың, Қоянды, Целиноград ауданының Шұбары, Аршалы ауданында Ар­шалы кенті, Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарында табиғи газ құбырлары қойылуы тиіс болған. Аршалы және Жалтыркөл ауыл­дарында жұмыстар толықтай аяқ­талып, 134,5 шақырым газ желісі тө­селген. Алайда іс жүзінде жүргі­зілген нақты жұмыстан гөрі шикілік басым болғандары да бар. Құрылыс материалдары қымбаттап кетті деген желеумен алты жобаның төр­теуі бойынша жұмыс жобаларына түзетуге тапсырылған. Атап айт­қанда, Жібек жолы ауылындағы жұмыстардың тек 48 пайызы ғана орындалып, 110 шақырым ғана газ желісі төселген. Сол сияқты Аққа­йың ауылында 86 пайызы ғана орындалған. Ал Қоянды ауылы мен Шұбары ауылындағы жағдай тіпті өрескел. Мұнда жоспарланған жоба бойынша, газ құбырының әрқай­сысында небәрі 3 және 10 пайызы ғана төселген болып шықты. Партиялық бақылау комис­сия­сы бұдан кейін жоғарыда аталған ауылдардағы бюджет есебінен са­лынуы жоспарланған білім ошақ­тарының құрылысына бас сұқты. Білім саласында да мерзімі аяқталса да құрылыстың бітпей, халықты сансыратып қойған жайлар жиі байқалады. Мәселен, елорданың тап ірге­сінде орналасқан Аршалы ауданына қарасты Жалтыркөл ауылында 300 орындық мектеп құрылысы толық қаржыландырылмай, уақытында аяқталмаған. Биыл бөлінуі қажет болған 518,1 миллион теңгенің тек 87,9 миллион теңгесі ғана бөлінген. Ал облыстық бюджеттен бөлінетін барлық 136,4 миллион теңге сома толық аударылған. Сөйтіп, аталған қиындықтарға байланысты құры­лыс келер жылға қалған. Құрылыс­ты аяқтау үшін республикалық бюд­жеттен тағы қосымша 430,2 мил­лион теңге қажет деп табылған. Облыстық бюджет жобасында келер жылға тағы 632 миллион теңге қарастырылыпты. Бақылау комиссиясы мүшелері мұнымен қоса, Көкшетау қаласын­дағы бірқатар нысанның құрылы­сына да мониторинг жүргізді. Мұн­да да жең ұшынан жалғасқан жем­қорлық «мен мұндалап» тұрған сияқ­ты. Әсіресе, елдің барлық ай­мағында ЖОО мен колледждердегі студенттер жатақханасы жетіспей жатқанда жатақханалар құры­лы­сының жобалары да «бағаның ­өсуінен» түзетуге енгізі­ліпті-мыс. Көкшетау қаласында да құры­лысын биыл аяқтау жоспарланған үш бірдей жатақхана жобаның қым­баттауы себепті түзету жүргізілген. Шаһардағы жоғары техникалық колледж жатақханасына облыстық бюджет қоржынынан биыл 37,3 миллион теңге бөлінген. Ал жоба-ны толықтай аяқтауға 1 207,3 миллион теңге қажет болған. Оның ішінде облыстық бюджеттен 2023 жылға 856,8 миллион теңге қарасты­ры­лыпты. Сол сияқты Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары техникалық колледжі жатақханасын салуға облыстық бюджеттен 207,5 миллион теңге бөлінген. Бірақ жал­пы жобаның аяқталуына 839,9 мил­лион теңге қажет болған. Бұл қа­ражат та биыл болмай, келер жыл­ғы облыс бюджетіне жүк болған. қүрылыс нысаны Студенттер орын тапшылығын сезінген сәтте Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде де түйінді мәселені шешу үшін жа­тақхана салу жоспарланған. Аталған мақсатта облыстық бюджеттен 207,5 миллион теңге бөлінген. Алайда жоба басталғаннан кейін оны аяқ­тауға қажет сома қайта өзгеріп жалпы сомасы 1 миллиард 200 мил­лион теңге қажет болып шыққан. Оның ішінде облыстық бюджеттен келер жылға 1 миллиард теңге қа­растырылыпты. Сөйтіп, бюджеттен биыл жоспарланған жобалар түзету енгізілуі себепті келер жылға «сыйлық» болған. Қаражат жетпей жобаға түзету енгізу балабақша құрылысында да табылды. Мәселен, Көкшетау қала­сындағы тіл кемістігі бар балаларға арналған 280 орындық балабақша құрылысына облыстық бюджеттен биыл 251 миллион теңге бөлінген. Бұған қоса, облыстық бюджеттен келер жылға тағы 500 миллион теңге қарастырылған. Алайда балабақша құрылысын аяқтау үшін жалпы қаражат қажеттілігі 1 120,2 миллион. теңге болып шыққан. Яғни, тағы 369,2 миллион теңге қаражат жетпей қалған. Қазір нысанда сыртқы және ішкі қабырғаларын қалау, бірінші қабат тақталарын монтаждау мен іргетастың гидрооқшаулауын сыр­лау жұмыстары жүргізілуде. Қаланың іргесіндегі Нұрлы көш ауылындағы 280 орындық бала­бақша жобасына да түзету енгізіліп, қаражаттың жетіспеушілігінен құ­рылыстың құны өскен. Об­лыстық бюджеттен 272,5 миллион теңге бөлінгенімен, жобаны аяқтау мүмкін болмаған. Қаржы жетіс­пеуінен келер жылға тағы қосымша 706,5 миллион теңге сома қарастыру жоспарланыпты. Қазір нысанда ішкі және сыртқы қабырғаларының кірпіштерін қалау, екінші қабаттың төбесін жауып, монтаждау жұмыс­тары жүріп жатыр. Толық қаржы­ландырылмау себепті нысандарды пайдалануға беру келер жылға қалдырылған. Партиялық бақылау комис­сия­сы бұдан кейін Бурабай ауда­нын­дағы бірқатар нысанды аралап, салынып жатқан құрылыстарға мо­ниторинг жүргізді. Атап айт­қан­да, Щучинск қаласындағы көп­функ­циялы спорт сарайы мен 4 тұр­ғын үйдің құрылысы назарға ілікті. «Қазбайлық Астана» мердігер­лік компаниясы салып жатқан әрқайсысы 45 пәтерлі үш несиелі және дәрігерлерге арналған бір жалдамалы үйлердің құрылысы 2021 жылы басталған. Бірақ бүгінге дейін бюджет қоржынынан қомақты қар­жы бөлінгенімен, нысандар аяқ­талмаған. Құрылысы биыл аяқталуы тиіс болған дәрігерлерге арналған баспана мен несиеге берілетін 45 пәтерлі тұрғын үй аяқталмай қалған. Тұрғын үйлердің бірінде 84 миллион теңгенің, екін­шісінде 21,5 миллион теңгенің, үшіншісінде 200,7 мил­лион теңгенің жұмысы аяқталма­ған. Мердігер компания бірқатар тұрғын үй үшін былтыр жобаға түзету енгізіп, қаржы алдырған болып шықты. Мониторинг қорытындысы бойынша, орталық аппаратта пар­тиялық бақылау комитетінің оты­рысы болып, онда жауапты органдар тыңдалады.  
P.S. Құрылыс нысандарында жүргізілген мониторингтер жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың әлі де көрініс тауып отырғанын айғақтаса керек. Өйткені расында да, соңғы кезде жобаға түзету енгізу, жергілікті билікпен ауыз жаласқан мердігер компаниялардың бірнеше нысанды қатар алатын оқиғалар жиілеп кетті. Сондықтан тиісті ор­гандармен қатар қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, сонымен қатар кез келген елдің жайы елең­детер азамат қоғамдық мониторинг жүргізгені жөн сияқты.

Ақмола облысы