«Қорада Choco Pie жеп отырған» – Білім басқармасы оқушының өлімінен кейін суицидті жоққа шығарды
«Қорада Choco Pie жеп отырған» – Білім басқармасы оқушының өлімінен кейін суицидті жоққа шығарды
Фото: novochag.ru
Абай облысының Білім басқармасы оқушының өліміне қатысты мәлімет таратты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Zakon.kz-тің жазуынша, желтоқсан айының ортасында Абай облысы Жарма ауданына қарасты Үшбиік ауылында 9-сыныптың екі оқушысы үлкен балалар қорлағаны үшін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Олардың біреуі көз жұмды. Екіншісі аман. «Еуразия» бірінші арнасының хабарлауынша, бұл жағдайға төбелес себеп болған. Сыныптастарының айтуынша, 11-сынып оқушылары жасөспірімдерді бірнеше рет ұрып, психологиялық қысым көрсеткен. Абай облысының Полиция департаменті Жарма полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 3-бөлігі («Өзін-өзі өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған соң мектеп директоры мен сынып жетекшісі қызметінен айырылды. Желтоқсанның 19-ы күні облыстық Білім басқармасы жасөспірімдердің бұзақылық салдарынан өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ ведомство өкілдері марқұмның бір күн бұрын төбелеске қатыспағанын айтты. Ал өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген екінші бала жай ғана сабақтан қашып кеткен.
«Ол қорада отырған, сабаққа келмеген соң сынып жетекшісі оны іздей бастаған. Ол оның үйіне жүгіріп барды. Ал ата-анасы да оны іздеп, қораға кіргенде ол сол жерде Choco Pie жеп отырған», – дейді Абай облысы  Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова.
Бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.