Журналист Михаил Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы арызды қарау жабық сот отырысында өтеді. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Михаил Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеу органдарының өтінішін қарау жабық сот отырысында өтеді, өйткені ол да мемлекеттік құпияны заңсыз жинады, таратты, жария етті (Қылмыстық кодекстің 185-бабы) деген күдікке ілінген», – делінген хабарламада.Тергеу органдарының өтінішін қарау нәтижесі кейінірек белгілі болады. Айта кетсек, бұған дейін қылмыстық істі тергеуді Бас прокуратура өз қадағалауына алған болатын. Ал Қаржы мониторингі агенттігі журналистің пәтерін тінту кезінде заңбұзушылықтар болды деген мәлімдемелерге жауап берді. Еске салайық, 18 желтоқсанда Михаил Козачковты Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысында жеке кәсіпкерлердің мүлкін рейдерлік жолмен басып алды деген күдікке ілінген ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық істі тергеу аясында ұстаған болатын. Журналист осы ұйымдасқан топқа қатысқан (ҚР ҚК-нің 262-бабы 2-бөлігі), рейдерлік (ҚР ҚК-нің 249-бабы 3-бөлігі), мемлекеттік құпияларды заңсыз жинап, таратқан (ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлігі) деген күдікке ілінген.