«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесте жергілікті жұрттың назарындағы бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Жауаптылар тыңдалып, олқылықтарға қайта жол бермеудің жай-жапсары айтылды. Мәселен, кеңес мүшелері оқу жылының басында Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында қайтыс болған 1-курс студентінің жағдайына назар аударды. Өкініштісі, білім беру мекемесі тарапынан мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында ешқандай жұмыс қолға алынбаған. Өйткені колледжде ауылдан шығып үлкен өмірге енді қадам басқан жастармен жұмыс істейтін, олардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектесетін психолог маман жоқ екен. Колледж директорының міндетін атқарушы Сейілхан Кендірбаев аталған жағдайға байланысты жатақхана меңгерушісі мен комендантқа сөгіс берілгенін, түнгі кезекшілікте болған тәрбиешінің жұмыстан босатылғанын айтты. Қоғамдық кеңес мүшелері оқу орнында ішінара қызметтік тексеру жүргізу керек деген тоқтамға келді. Жатақханаға орналасқанына 2 жұма ғана болған бозбаланың өз-өзіне қол салуы мұндағы оқу-тәрбие жұмыстарының әлсіздігін аңғартса керек. Мұнан соң кеңес мүшелері Шымкент қаласындағы №69 мектептегі ағылшын тілі мұғалімінің мәселесін талқылады. Ұстаз мектеп формасына қойылатын талапты сақтамағаны үшін оқушының қолына қаламсап тығып алған. Әйтсе де, кеңеске қатысқан мектеп директорының орынбасары А.Құсайынова мұғалімнің қаламсабы оқушының қолына байқамай тиіп кеткенін айтып, әріптесін ақтап алмақ болды. Оқушының анасы да жазған арызын қайта алған екен. Кеңес мүшелері бұл мектептегі форма тәртібін сақтау, оқушыларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету мәселесінің назарға алынатынын жеткізді. Жуырда Шымкент қаласындағы №4 емхана бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Гүлмира Нұрбекова Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы тарапынан қысым көріп жатқанын ашық айтып, Президентке видеоүндеу жариялаған. Сәйкесінше, бұл мәселе де Қоғамдық кеңестің назарынан тыс қалған жоқ. Кеңесте көтерілген мәселе бойынша Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков сөз алды. Басқарма басшысының айтуынша, №4 қалалық емхана осында тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткіші бойынша жоғары деңгейде. Емхана жұмысындағы олқылыққа Шымкент қаласына келген сапарында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та көз жеткізіп қайтқан екен. Басқарма басшысының айтуынша, осынау келеңсіздік үшін басшылық тарапынан емхана дәрігерінің міндетін атқарушыға бірнеше мәрте ескерту жасап, қатаң талап қойған екен. Қоғамдық кеңес мүшелері Гүлмира Нұрбекованың да уәжін тыңдады. Партия филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің төрағасы Есенбек Серкебаев тараптардың айтарына құлақ асқанын айтып, бұл мәселенің кеңес мүшелерінің бақылауында болатынын жеткізді. Кеңестің отырыстары алда көшпелі форматта мәселесі көп мекемелердің ғимаратында өткізілмек.
Шымкент қаласы