Орталық Азияны ортақ ақпараттық кеңістік біріктіреді
Орталық Азияны ортақ ақпараттық кеңістік біріктіреді
392
оқылды
Астанада бірінші Орталық Азия медиафорумы басталды. Екі күнге созылатын форум аясында медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясы төңірегінде ой қозғайды. Медиа форумының күн тәртібіндегі басты мәселе – бірыңғай медиа плат­форма қалыптастыру. Іс-шараға 100-ден астам спикер қатысуда. Олар – халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журна­листер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері. Бірінші Орталық Азия медиа фо­румының қатысушылары өңірлік бі­ре­гейлік, жаңа медианы дамыту, жасан­ды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транс­формациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, аза­мат­тық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты кө­кейкесті мәселелерді сөз етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев І Орта­лық Азия медиафорумы қатысушы­ларына құттықтау жолдады. Құттық­тауды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.
– Бұқаралық коммуникациялар қар­қынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу және өңір­дегі мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастық аясын кеңейте түсу айрықша маңызды. Аймақтағы танымал жур­налистердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымдарын бірлесе талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпал­дастығы бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдердің арасында дип­ломатиялық қарым-қатынас орна­ғанына 30 жыл толып отыр, – делінген Президент құттықтауында.
медиафорум Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда Орталық Азияны бірлесе дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою рәсімінің осы мерейлі жылда өтуінің зор символдық мәні бар екендігіне назар аударды. Ал Мемлекеттік кеңесші медиа саласында, мәдени-рухани бағытта, қоғамдық-саяси өмірде байланыстарды нығайту қажет екенін айтты.
– Кейінгі жылдары Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақ­тастық қарқынды дамып келеді. Бұған алғашқы жиыны Қазақстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшы­ларының консультативтік кездесулері ерекше серпін берді. Қазір Орталық Азия өзіндік маңызы бар аймаққа ай­налу­да. Бұл – өңірлік бірегейлігімізді танытуға, ортақ мәдени кеңістік қалып­тастырып, әлемге ұсынуға деген ұмты­лысымыздың жемісі. Біз мұны одан әрі тереңдете түсуіміз керек, – деді Ерлан Қа­рин.
Тұрақтылық – жаңа әлемнің іргетасы Форумның панельдік сессиясында Түр­кия мен Моңғолияның бұрынғы пре­­зиденттері Абдолла Гүл, Намбарын Енхбаяр ойын ортаға салды.
– Біздің әлем қазір тез дамып жатыр. Қауіпсіздік саласы бойынша геосаяси сілкініс жағдайындамыз. Биыл біздің ди­пломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толып отыр. Бауырлас елдердің ын­тымақтастығы жоғары екенін қазіргі геосаяси жағдайдағы тыныштықтан көре аламыз. Қазақстан Президентінің мем­лекетті басқарудағы саяси шешім­дері өте құнды. БАҚ әлеуетін күшейту үшін ұйымдастырылып отырған форум өңірлік ерекше бастама, – деді Абдолла Гүл.
Оның айтуынша, ортақ ақпараттық кеңістік құрылатын болса, халықаралық ынтымақтастық нығая түседі.
– Цифрлық билік территориялық аумақтық тыныштыққа әсер етеді. Мы­салы, Қаңтар оқиғасында Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдаған шешімдері ұзақмерзімді тұрақтылықты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Осы кон­тексте жаңа әлем құру керек. Үкімет жур­налистерден қорықпауы немесе жасырынбауы қажет. БАҚ пен Үкімет бірге болса, қоғам мемлекеттік мәселе­лерді дұрыс түсініп, қолдайтын болады, – деп атап өтті Түркияның бұрынғы президенті.
Ал Моңғолияның 3-президенті Нам­барын Енхбаяр Орталық және Сол­түстік-Шығыс Азия елдері арасындағы кеңейтілген әріптестіктің маңызына тоқталды.
– Біз постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезеңде өз мүдде­­мізді жалғыз қорғау қиындық ту­ғызады. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана дами аламыз. Бұл тұрғыда Орталық Азия ел­дері бір-бірімен белсенді ынты­мақ­тасуда. Соңғы жылдары Моңғолия Сол­түстік-Шығыс Азия елдері топтары­ның белсенді мүшесіне айналып отыр. Бірақ ХХІ ғасырда әр түрлі аймақтағы ел­дер арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың болашағы зор деп есептеймін, – деді Намбарын Енхбаяр.
Дәстүрлі медиа әлі де сенімге ие Пленарлық сессиядан бөлек, «Медиа және think tanks: сараптаманың медиа трансформациясы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Таныс­байдың пікірінше, жастар арасында телевизия енді қоғамды қызықтырмайды деген қате пікір айтылып жүр. Шын мә­нінде, бұл сала жойылып кетпейді, тек ау­диторияға жеткізу әдістері өз­гереді. Атап айтқанда, бүгінде теле­арна­лардың ғаламтордағы және әлеуметтік желілер­дегі контентіне қызығушылық үлкен.
– Шын мәнінде телевизия кон­тентіне сұраныс жоғары. Жақында USAID тапсырысы бойынша Интерньюс жүргізген зерттеу осыны дәлелдеді. Аудитория күн сайын әлеуметтік желі­лерді қарағанды ұнатады, бірақ халық­тың 54 пайызы бұрынғыша дәстүрлі БАҚ-қа сенеді. Осы орайда теледидар бірінші орында, кәсіби интернет сайттар екінші орында болса, ал үшінші орында әлеуметтік желілер тұр, – деді Ләззат Танысбай.
ақпараттық кеңістік Ал Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дирек­торы Асқар Омаровтың айтуынша, ақ­па­рат­тар ағыны артқан кезде бұқаралық ақпарат құралдары да көбейе түседі. Өзіндік ақпараттық немесе контенттік бағыт құру мүмкіндігі артып келеді. Бү­гінде бүкіл бір редакцияны ұстап отыру­дың қажеті жоқ. Өзің үшін қандай да бір бос кеңістік тауып алып, сол бағытта жұмыс істеу қажет. Соған орай ақпарат ағыны да арта түседі. Егер 90 жыл­дардың басында қолданушы күніне 20-30 хабарлама алса, бүгінде ол 2-3 мың ақпарат алуы мүмкін. Олардың арасында күмәнді ақпараттар да бар. Дегенмен, ерте ме, кеш пе бұл жайт тұтынушының ақпаратты таңдай бастауына алып ке­леді. Осылайша медиасауат, ақпараттық гигиена қалыптасады.
– Аудитория ақпарат көп болған сайын жалған ақпараттардың да арта бастайтынын сезінеді және оған шынайы түрде әрекет жасайды. Егер бұған дейін күмәнді ақпаратпен қалай күре­семіз деп келсек, пандемия кезеңі фейкпен күрес маңызды екенін көрсетті. Күресіп қана қоймай, оның алдын алу қа­жеттігін байқатты. Бүгінде Қазақ­станда және өзге де елдерде жоғары оқу орындарында, орта білім мекемелерінде медиасауат пәні енгізілген, – дейді Асқар Омаров.
Бейбітшілік бәрінен қымбат Сондай-ақ танымал әнші Димаш Құдайберген әлемдік Peace one day жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізді.
– Кіріспе сөзімді М. Ду­латидің ойы­мен бастағым келеді: «Сен әлемді жау­лап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер. Ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің». Бейбітшілік – адамның ең ұлы, ең асыл құндылығы екені сөзсіз. Күллі әлемдегі тыныштық­тың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қаты­нас, мем­лекетаралық сыйластық. Бір мем­лекеттің басқа мемлекеттің терри­ториялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі», – деді Димаш Құдайберген.
Орталық Азия форумы Оның айтуынша, адам өмірін адам өлімімен құтқару – ойға қонымсыз, миға сыйымсыз нәрсе. Соның бәрін біле тұра, әлі күнге дейін нәсілге бөлініп, дінаралық соғыс, ұлтаралық келіспеу­шіліктер белең алған заманда өмір сүріп келеміз. Ғалымдардың зерттеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түс­кен­нен бергі кезеңге көз жүгіртсек, соңғы мыңдаған жылда, яғни 5 жарым мың жыл­да адам баласы 292 жыл ғана ты­ныш­тықта өмір сүрген.
– Бұл өкінішті жайт адамзат сана­сының бағзы замандардан бері көп өз­гер­мегенін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұл­маттың зардабын шегуде. Мұның бар­лығы бейбітшілік кеткен жерді береке­сіздік жайлайтындығының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін кү­ресу – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселе­сінің бірі боп тұр. Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзат­тың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Сонда бізге не жетпейді? Жал­пы арандатып, үгіттеушілердің құйтыр­қы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өз амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған жандарды өлімге айдап жат­қан соғысқұмарлықты қалай тоқта­тамыз? Ол үшін не істеуіміз керек?», – дейді әнші.
Әлемдік әнші мейірбандық, татулық, адамсүйгіштік, бейбітшілік сынды ұғым­­дарды ту ете отырып, адамзаттың бірлі­гіне арналған «Бір аспан тағдыры» атты туындысын қатысушыларға ұсын­ды. Айта кету керек, Орталық Азия ме­диа­форумы бүгін де жалғасады. Форумда медиа мамандар мен сарапшылар ортақ медиа кеңістік құру идеясын ортаға салды.