2022 жыл ел тарихында тілсіз жаудың күш алуымен қалатын түрі бар. Қостанайдағы алапат өрттің өзі неге тұрады? Қорқыныштысы сол, CTIF халықаралық салалық ұйымның рейтингінде Қазақстан өрт кезінде қаза тапқан адамдардың саны бойынша әлемде 9-орынға шықты. Қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылып келген саланың жағдайы мәз емес. Төтенше жағдай қызметкерлері апаттың салдарымен және кедейшілікпен, өмір тауқыметімен күресуге мәжбүр. Қазір салада Президенттің тапсырмасымен ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Тиісті заң жобалары әзірленді. Одан не өзгермек? Өрт оқиғалары жиіледі Сарапшылар да биыл «үлкен өрттер жылы» болғанын жазды. Бірақ төтенше жағдай қызметкерлері үшін күрес аяқталған жоқ. Жаңа қарқынмен жалғасуы бек мүмкін. Себебі Жаңа жыл мерекесінде қауіпсіздік ережесі сақталмаған пиротехникалық құралдар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, жалынның тұтануына себеп болатынын білеміз. Жылыту маусымында да тілсіз жаудың күтпеген тұстан соққы жасайтыны тағы бар. Үкіметтің ресми мәліметіне жүгінсек, жыл басынан бері өңірлерде 9 647 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 249 адам қаза тауып, 212 адам түрлі дәрежедегі күйікке шалдықты, уланды. Оттан опат болғандардың 107-сі ішімдік ішкені анықталды. Төтенше жағдайлар министрлігі керісінше, елде төтенше жағдайлар көрсеткіші азайғанын мәлімдейді. Нақтылай кетсек, 2019 жылы – 15 821, 2020 жылы – 14 696, 2021 жылы 13 038 төтенше жағдай тіркелді (биылғы жыл қорытындысы келесі жылы шығарылады). Алайда соның ішінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар күрт өскен: 2019 жылы 45 қауіпті гидрометеорологиялық және геологиялық құбылыс болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 104-ке, 2021 жылы 130-ға жетті. Табиғи өрт саны соңғы екі жылда 700-ден 870-ке артты. Министрлік «төтенше жағдайлар мен оқиғалардың басым көпшілігі адам өміріне және ел экономикасының дамуына қауіп төндіретін өрт» деген тұжырым жасады. Жағдай шынымен үрейді ұшырады. Халықаралық өрт сөндіру-құтқару қызметтерінің қауымдастығы (CTIF) түзген әлемдік рейтинг бойынша Қазақстан 100 мың адамға шаққанда өрт кезінде қаза тапқан адамдардың саны бойынша әлемнің 64 елі арасында 9-орынға шықты. 100 мың адамға шаққанда жарақаттанған адамдардың саны жөнінен 12-орын алады. Мұндай қайғылы ондыққа кіру әрине, алаңдатады. Әрбір ірі өрт оқиғасы халықтың қабырғасына батады. Мысалы, 2 желтоқсанда Шу қаласындағы өртте балалар қыршыннан қиылды. Шаһарда түн ішінде жеке тұрғын үйде үй заттары мен жиһаз жанған. Өрт орнында 2017 жылы және 2020 жылы туған 2 баланың мәйіті табылды. Төтенше жағдай қызметі оқиға орнына хабарлама түскенде 3 минуттан соң жеткенімен, бүлдіршіндерді ажал аузынан құтқарып үлгермеді. Балалар үйде жалғыз қалған, есік сыртынан жабылған. Бір қызығы, аталған үйде профилактикалық жұмыс 2022 жылдың 22 қазанында жүргізіліпті: өрт сөндірушілер рейдтік іс-шаралар барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірген. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Ал 16 желтоқсан түнінде Теміртау қаласының Ақтау кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйде тілсіз жау алты адамның өмірін жалмады. Масқарасы сол, кентте өрт сөндіру депосы жоқ болып шықты. Жақын жердегі өрт сөндіру бөлімі 27 шақырым қашықта орналасқан. Бұл да салада жылдар бойы қордаланған мәселелерден хабар берсе керек. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтің өзі аттанды. От алдымен көппәтерлі үйдің 1-қабатындағы 3 бөлмелі пәтерде тұтанып, жоғарыға тараған. ТЖ департаментінің қызметкерлері келіп жеткенше, тұрғындар өз бетінше 5 адамның мәйтін көшеге шығарды. Оның бірі – 15 жаста, енді бірі – 12 жастағы жасөспірім. Құтқарушылар қайтыс болғандар жоғарғы қабаттағы пәтерлерден өз бетінше сыртқа шығуға әрекет жасағанын айтады. Алайда түтінге тұншығып, мерт болған. Өрт сөндіру бөлімшелері жанып жатқан пәтердегі өртті сөндіру барысында тағы бір мәйітті тапты. Егер өрт сөндірушілер 30 шақырым жолды лезде еңсеріп жетпегенде әлгі тұрғын үйді мекен еткендердің жағдайының қалай боларын болжаудың өзі қиын. Олар ес-түссіз жатқан тағы 10 адамды құтқарды. Құтқарушының өзіне көмек керек Қыркүйек айында Қостанай өңірінде болған алапат дала өрті төтенше жағдай құрылымдарының нашар жабдықталғанын көрсетті. Президенттің қатысуымен Қостанай облысында өткен табиғи өртті жою жөніндегі жедел штаб отырысында, одан бертінде сырт көзден тыс Премьер-Министр өткізген кеңесте саланың көптеген проблемасы көтерілген екен. Оның егжей-тегжейі енді белгілі болды. Мысалы, ТЖ құрылымдарының материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі төмен, қолында бар құралдары көбіне ескі-құсқы екені ашық айтылды. Мұндай жағдайда оларға қалай жоғары талап қоюға болады? Ұлан-байтақ қазақ жерінің әр түкпірінде орналасқан Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) бөлімшелерінің қарамағында әртүрлі функционалдық мақсаттағы 3 875 автотехника ғана бар. Тілсіз жаумен алысуға арналған 119 713 бірлік жабдық пен құралға, 33 әуе көлігіне ие. Табиғи және техногендік апатпен күресетін мамандардың өздері апатты көлік айдауға мәжбүр: 500-ге жуық өрт техникасы 1970-90 жылдардан бері пайдаланып келеді. Әбден тозығы жеткен, есептен шығаруға жатады. Бұдан бұрын 621 техника есептен шығарылды. Бұл ретте соңғы 5 жылда небәрі 305 өрт сөндіру автокөлігі жаңартылған. Яғни, саланың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі сын көтермейді. Инженерлік және көліктік қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің материалдық-техникалық құралдарының 65 пайызы жаңартуды талап етеді. Әрі бұл мәселенің соңы емес. ТЖМ медициналық-құтқару көлігінің 44 бірлігінің 11-інде ғана медициналық жабдықтары бар. Салдарынан бригадалардың толық көлемде шұғыл медициналық көмек көрсету, зардап шеккен адамдарды эвакуациялау немесе тасымалдау кезеңінде денсаулық жағдайына бақылау жүргізу мүмкіндігі жоқ. Қолданыстағы 40 реанимобильдің 26-сы 100 пайыз тозған. Қалған 14-і 95 пайызға тозды. 10 мыңнан астам тұрғын тұратын ірі 188 елді мекеннің: 88-і қала, 100 ауылдың тек 50-інде ғана мемлекеттік өртке қарсы қызмет бар екен. Ал халық саны 5 мыңнан 10 мың адамға дейінгі 195 ауылдық елді мекеннің 85-інде немесе 44 пайызында мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ. Салада біраз жыл қызмет етіп, басқа секторға ауысқан маман Ерболат Т.-ның түсіндіруінше, тіпті оқиға орнына құтқарушылар жетсе де, олар құтқаруға тез кірісе алмауы мүмкін.
«Соғыс болып, күнде бомбаланып жатқан Украинада, ірі қалаларда зымыран, снаряд тиіп, жермен-жексен болған ғимараттарға, тұрғын үйлерге құтқарушылар жедел жетіп, үйінді астынан адамдарды құтқару үшін көтергіш крандарға дейін қолданады. Ал бізде бейбіт күнде адамдарды тез құтқаруға мүмкіндік бола бермейді. Қазақстанда тіпті ауыр жол апаты болған жерде, қираған көлікте қалып қойғандарды шығару үшін авариялық-құтқару жабдықтарымен жарақтандырылған медициналық-құтқару көлігі де жоқ. Құтқару ұшақтары тым ескі. Жөндеуді қажет етеді. Қалалардың өзі өрт сөндіру көліктерімен толық жабдықталмаған. Петропавл ЖЭО-сында алып мұржа құлағанда, астында қалған адамға жету үшін екі күн бойы қарапайым күрекпен аршыған. Тек мәйітін алып шықты. Мұндай деректер аз емес. Алда қандай заман тұрғанын кім білген. Демек, қазірден ТЖ саласын толық жарақтандырып шығу қажет», – деді маман.Саладағы мәселелер шешімін табады ТЖМ қарауындағы әуе көліктері облыс орталықтарын да қамтымайды: тек 14 ірі қалада орналасқан. Бұл шұғыл медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді құтқару, жеке құрам мен жабдықты ірі оқиға орнына жеткізу жөніндегі арнайы міндеттерді шешу үшін жедел ден қоюға мүмкіндік бере бермейді. Бүгінде қолға алынған реформалар аясында нақты мәселелер анықталып, оны шешу жолдары пысықталып жатыр. Сарапшылар ТЖ және азаматтық қорғау органдарын жете жарақтандыруды, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, роботтандырылған техникамен жабдықтауды ұсынды. Әйтпесе, оның бірі де жоқ көрінеді. Қалаларда да дабыл жүйелері жетпейді, яғни техникалық құлақтандыру құралдары кешенін енгізу қажет. Алдағы уақытта өртті сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы техника сатып алынуы керек. Өрт салдарынан адамдардың қырылуын, жаралануын болдырмау, келтірілетін шығындарды азайту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді: енді 10 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерде де міндетті түрде өрт дабылдатқыштары және газ қордалануын талдауыштар (анализаторы загазованности) орнатылуы тиіс. Өрттердің алдын алу және жою жұмыстарына заманауи технологияларды енгізу шаралары қабылданып жатыр. Бұл салада дамыған елдердің тәжірибесі ескерілуі шарт. ТЖМ жылу және электр қуатымен қамту нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алды. Бұрынғы жылдары Үкімет әлемдегі озық дамыған отыз ел қатарына формальды кіру үшін Doing Business (Бизнес жүргізу) халықаралық рейтингінде өрлеумен шектен тыс әуестеніп кетіп, өрт сөндірушілерге ғимараттарды тексеруге тыйым салды. Шенеуніктер осы кесірлі қадамдарын дәйектеу үшін ТЖ мамандарын жаппай «жемқор» деп кінәлайды. Мұның соңы елде өрт қаупінің өршуіне соқтырды. Оның салдары енді анықталуда. Шілде айынан бері өрт қаупінің жоғары дәрежесі санатына жатқызылған 845 нысан тексерілген. Оның 611-інен 3 379 бұзушылық әшкереленді. Жаңа нысандар өртке қарсы жабдықтармен жарақталмай, қолданысқа беріле салатын болды. Мәселен, 16 қарашада Астанадағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өрт болып, онымен күрескен құтқарушылардың бірі қаза тауып, екіншісі қазір реабилитациядан өтуде. Жаңа заңнамалық түзетулер аясында бұл тараптағы мәселелер де шешімін табады деп күтіледі. Уәкілетті органға нысандарды өртке қарсы қорғаудың ерекшелігін көрсететін арнайы техникалық шарттарды қарау жөніндегі құзыретті беру қарастырылады. Әйтпесе, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, іске қосылатын нысандар саны тек арта бермек. Әділетті Қазақстан көп салада «жауырды жаба тоқып», жасырылып келген проблемаларды ашты. Бірақ тек әшкерелеумен тоқтамай, барлық түйткілдің түйіні тарқатылса, дұрыс.