Тері өңдеудің тынысы тарылды
Тері өңдеудің тынысы тарылды
© коллаж: Әсел Балтақызы
587
оқылды
Елімізде бірнеше миллион мал терісі күресінге тасталады дегенді жиі естиміз. Бұл туралы тіпті Мәжіліс мінберінен де айтылды. Тері – таптырмас шикізат. Одан былғары алынып, аяқ­­киім, киім, жабдықтар әзірленеді. Сондай-ақ тері-ақуыз шикізаты. Терең өңделген тері медицина, тамақ өнеркәсібі, құ­рылыс, тіпті үй жануарларының азығы ретінде пайда­ла­ны­лады. Алайда бұл басқа елдерде. Өйткені бұл сала елімізде әлі де өз деңгейінде жолға қойылмаған. Салаға кешенді бағдарлама қажет Елімізде бір-бірімен тығыз бай­ланысты тері өңдеушілер мен аяқ­киім әзірлеуші арасында өзіндік на­рық қалыптаспаған. Сала маман­дарының пікірінше, мал шаруа­шылығында жемшөбіне, сүт пен етіне субсидия қарастырылған. Бірақ тері өнеркәсібінде ондай демеу жоқ. Былай қарасаң, тері де ауыл шаруашылығы саласының өнімі болып есептеледі. Сондықтан ол да демеуқаржыны қажет ететін сала. Тері өңдеушілер мемлекеттен субсидия беру қарастыруын көптен бері сұрап жүр. Өйткені олар теріні жартылай өңдеп шығарады. Оның қосымша құн салығы бар, өңдеуіне жұмыс күші тартылады, қаражат жұмсалады, технология қолда­ны­лады, химикаттар пайдаланылады.
«Министрлік «Жаңа инвес­тициялық жобаларды қарастырып жатырмыз, сіздерді соған қосамыз» деген жауап берді. Оған қосылсақ, инвестициялық жобаның 25 пайыз ақшасын қайтарып береді. Одан бөлек, қаржының 15 пайызын өзіңіз салсаңыз, мемлекет 85 пайызына үш пайыздық мөлшерлемемен же­ңілдетілген несие береді. Осындай нәрселер қарастырылып жатыр. Бі­рақ бізде баяу іске асырыла­тын­дықтан, бұл мәселелер әлі шешімін таба қойған жоқ», – дейді Тері өң­деушілер қауымдастығының төра­ғасы Нұрман Нүптекеев.
Тағы бір мәселе – толық өң­делген теріні аяқкиім фабрикалары сырттан сатып алады. Осыны ішкі нарықта өңдеуге қол жеткізу үшін технологияны жаңарту, жақсарту қажет. Алайда жақсы қондырғы­лар­ды шетелден жеткізу, оны ли­зинг­ке алу, банк арқылы несиеге алу, кепілдік қою секілді мәселелер бар.
«Теріні шикізат күйінде экс­портқа шығаруға шектеу жоқ. Тек тоннасына 200 еуро баж салығы са­лынады. Белгілі бір топ «осы ­са­лықты алып тастаңыздар, біз­дің тері экспортына зиянын тигі­зіп жатыр, біз теріні далаға лақ­ты­рып жа­тырмыз» деп қаншама рет депу­таттар арқылы Үкіметке шығып, алғызып тастауға әрекет етіп жатыр. Біз оған қарсымыз. Оны алып тас­тайтын болса, Қа­зақстан зауытта­рына тері шикіза­ты жетіспей қала­ды», – дейді Тері өңдеушілер қа­уымдастығының төрағасы.
Сонымен қатар мамандар тері қабылдайтын орындардың аз екенін де алға тартады. Содан да болар, ауылдағы тері далада қалып жатыр. Ауыл тұрғындары оны қалаға әкеліп өткізгеннің өзінде жолақысын да ақтамайды. Өйткені тері бағасы өте арзан.
«Елімізде 2 млн шамасында ірі қара терісі шығады. Қазір сұранысқа ие сиыр терісі. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, көпшілік жыл­қы­ның, қойдың терісі де өңделеді деп қате түсінеді. Барлық теріні бірге есептейді. Қазір біз өңдеуге алып отырғанымыз тек ірі қара терісі», – дейді Нұрман Нүптекеев.
Оның айтуынша, елімізде тері өңдейтін 12 зауыт бар. Соның қа­зір 8-9-ы ғана жұмыс істеп тұр. Олар жар­тылай өңделген өнім ғана ­шы­ғарады. Былғары, яғни толық өң­делген тері жасау үшін қажетті қон­дырғылардың бәрі қымбат. Ита­лияда жасалатын қондырғы­лардың кейбірі 500 мың еуро тұрады. Тері өңдеушілер осындай қондыр­ғыларды сатып алу, елге жеткізу жолдары реттелмегенін атап өтті. Қазір кәсіпкерлер өз бе­тімен банк­терден несие сұрап, ли­зинг беруші компанияларға ұсы­ныстарын беріп, әрқайсысы толық өңдеу қондыр­ғы­ларына қол жеткі­зуді армандап жүр.
«Қондырғы сатып аламын де­сең, ол өте қымбат тұрады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласына қа­жетті техника мен қондырғылар үшін лизинг компаниялары көп бол­са, тері-аяқкиім саласында бір де бір компания жоқ. Сондықтан мем­лекет осыны ескеруі керек. Тек ақша беру, субсидия беру нарықтың тәсілі емес. Оған қарсымын. Мем­лекет біз жұмыс істесін десе, жағдай жасауы тиіс. Доллар қазір жоғары, экономика тұрғысынан алып қа­рағанда жағдай оңтайлы», – дейді Арқалық тері өңдеу зауытының ди­ректоры Ержан Салықов.
Кәсіпкерлер осыншама мәсе­ленің қордалануының, оның ше­шімі табылмауына өздерінің ұйым­даспауы мен белсенділігінің төмен екені де әсер еткенін жасырмайды. Сол себепті өңдеу саласындағы кәсіпкерлер ұйымдасып, қауым­дас­тық құрып, осы айтылған мәсе­ле­лерді шешу жөнінде сұрақты са­лалық ведомстволарға қоя бастаған. Олар жылқы мен қой терісін толық өңдеп аяқкиімге пайдалану, га­лентерея өнімдері мен киім тігуді ұсынып отыр.
«Нарықта өңделген сиыр терісі ғана емес, қой терісі де пайдала­нылады. Қой терісіне байланысты мен салалық ведомстволарға бір­қатар ұсыныс бердім. Өңдеп шы­ғарамыз да, аяқкиім фабрикаларына береміз. Аяқкиімнің астары жүні бар қой терісінен салынады. Одан бөлек, армияға қажетті малақай, тон тігеді, сыртқы киімнің жағасы жа­салады», – дейді Нұрман Нүптекеев.
Арқалық тері өңдеу зауытының директоры Ержан Салықовтың ай­туынша, қазір елімізде қойдың терісі өңдеу үшін қажетті құжат, анықтама алу өте қиын. Иленген, жартылай өңделген қой терісін шетелге сату үшін әр малдың есепке алынған нөмірі, сойылған орны туралы мәлі­меттер бар құжат қажет. Ветери­нар­лық анықтамалар мәсе­лесінде ортақ ақпараттық жүйе әлі реттел­меген. Тек ет комбинатынан алын­ған теріні басқа елдер бірден қабыл­дайды. Алайда қасапханасы жоқ ауыл­да сойылған қойдың терісі қай­да қа­лады? Бұл сұраққа әзірге жауап жоқ. Ал кәсіпкердің айтуын­ша, терінің жаман сұрыбы болмайды екен. Терінің көбі кәдеге жарамайды Негізі, Қазақстанда өңделмеген теріні шетелдерге апарып сатуға ­ай­тарлықтай кедергі жоқ. Шекара ашық, аздаған баж салығы бар. Алай­да бұл тұста да олқылық аз емес.
«Қасапхана болмаған соң мал қалай болса солай сойылады, теріні бүлдіреді, кесіп, тесіп тастайды. Одан қалса, далада жайылымда ер­кін жүргенде бірін сүзеді, жара­қаттайды. Ауылда өріске шығарып малды баққан кезде бағатын кісілер қамшысының басына сым темір байлап алып ұрады. Теріге батқан қамшының ізі өмір бақи қалады. Ертең терінің жүнін кетіргенде тыр­тық көрініп қалып, шикізаттың сортын төмендетеді. Одан бөлек, ве­теринарлық қызмет толық жүргі­зілмегендіктен, вакцина дұрыс егіл­мейді. Оқыра, сона, кене секілді зиянкестер теріні зақымдайды. Сондықтан біздің терінің сапасы нашар», – дейді Нұрман Нүптекеев. Осы себептерге байланысты шетел­дердегі тері өңдеуші зауыттар Қа­зақстаннан жеткізілген теріге аса қызыға қоймайды.
Кәсіпкер теріні кәдеге жарату жолға қойылған Қытайда «Өзбек­станның терісі сапалы» деген түсінік қалыптасқанын айтады. Орталық Азияның басқа елдерінен жеткізіл­ген терілердің бағасы кейде түсіп кетсе, Өзбекстан терісінің бағасы сол қалпында қалады екен. Кәсіпкердің түсіндіруінше, өзбектер малды қолда ұстап бор­дақылайды, еті жақсы пайда беруі үшін қажетті екпесін дер кезінде салады. Малдан ештеңе аямайды. Содан соң оның терісі сапалы әрі қымбатқа бағаланады.
«Біз өңделген теріні 20 долларға сатсақ, өзбектер өңделмеген терісін сондай бағаға өткізеді. Бізден екі есе артық пайда табады», – дейді Нұр­ман Нүптекеев. Тері өңдеушілер қауымдас­тығының төрағасы елімізде терінің сапасын көтеру үшін түсіндірме-насихат жұмыстарын да қолға алуды ұсынады. Яғни, шаруа қожалығы­ның иелері теріні еңбек өтемінің бір бөлігі деп санап, оны ақшаға айыр­бастауға болатын шикізат деп бағалап үйренуі тиіс. «Әйтпесе, теріні ауылдағы кейбір тұрғындар қоқысқа тастайды», – деп қын­жылады кәсіпкер.
Сапасыз теріден де пайдалы өнім алады Жартылай өңделген тері дайын аяқкиімге айналғанша түрлі өндіріс тізбегінен жүріп өтеді. Елімізде бұл тізбек қалыптаспағандықтан, тері өңдеу зауыттары құны төмен ба­ғаланған өнімін желатин өндірісіне жібереді. Бірақ былғары дайындай­тын өндірістер секілді бұл кәсіп­орындар да шетелдерде орналасқан. Кәсіпкерлер осындай ірі өнеркәсіп орнын өзімізде ашуды ұсынады. Яғни, онда жартылай өңделген тері өнімдерін қабылдау бағасы көте­ріліп, түрлі отандық саланың жела­тинге сұранысы өтелер еді.
«Қазақстандағы терінің 40 пайызы желатин жасауға кетеді. Тері тамақ өндірісіне пайдаланылады, себебі аяқкиім не басқа да салаларға қажетті тері не былғары әзірлейтін шикізаттың сапасы төмен. Сол желатин өңдейтін зауыт елімізде салынса деген ұсынысымыз бар. Мен зауытты салғым келеді, бірақ оған несие берілмейді. «Сен кепілге мүлкіңді қой» дейді. Өндіріс орны, мысалы 20 млн доллар тұрса, оған 40 млн долларлық мүлікті кепілге қою керек. Ондай қаржы болса, теріге барып ақша салып нем бар, басқа салаға салып тез табыс тап­паймын ба? Сол үшін мемлекет қол­дауы қажет», – деп атап өтті Нұр­ман Нүптекеев.
Айта кетерлігі, желатин фар­мацевтика, медицина, косметика саласында қолданылады. Сондай-ақ желатин тамақ өндірісінде көп пайдаланылады. Мұндай өнімнің құрамында Е 441 тамақ қоспасы бар деп белгіленеді. Ол ет және балық консервісіне қосылады. Көптеген жұмсақ тәттілер – желе, мармелад, зефир, балмұздақ, кәмпитке же­латин қосылады. Сондай-ақ торт, крем, суфле, пудинг әзірлеу үшін де желатин қажет. Сонымен қатар шарап, сыра, тәтті сусынның түсін ашу үшін де желатин керек. Балды қоюлату үшін, сағыздың тұтқыр­лығын арттыру үшін де желатин қосылады. Теріден мал өнімінен шығатын ақуыз алынады. Одан шұжықтың сыртындағы қабын жасайды. Ме­дицинада да пайдаланады. Ең жо­ғары сапалы тері өнімдерінен дәрінің капсуласын жасайды. Ал са­пасыз желатиннен құрылыс мате­риалы ретінде желім әзірленеді. Қазір түрік инвесторлары елі­міз­дің оңтүстігінде желатин әзір­лейтін зауыт салуға ниет білдіріп отыр. Алайда ол іске асуы үшін ұзақ уақыт қажет. Сондықтан желатин жасайтын өнім Ресейге, Өзбек­стан­ға, Түркияға немесе Қытайға жө­нелтіледі. Жеткізуге жұмсалатын жол шығыны да аз емес. Айтпақшы, салада маман жетіс­пеушілігі де бар. Еліміздегі барлық зауытта басқа елдердің мамандары жұмыс істейді. Өйткені саладағы тоқырауға байланысты отандық жоғары оқу орындары маман даяр­лауды тоқтатыпты. Оған осы салада қолданылатын 150-ден астам хи­микат, реагент жеткізу мәселесінің шешімін таппағанын қосыңыз. Сөз соңында отандық сапалы әрі бағасы қолжетімді аяқкиім киюді аңсайтындар үшін тері өң­дейтін саланың жұмысы жолға қо­йылуын күтуге тура келетініне көз жеткіздік. Былай қарасаң, шикізат­тан тапшылық жоқ. Елімізде мал көп. Тек сол малдың терісін кәдеге жарату үшін тұтастай саланы қайта жандандырып, оның аяқ алып кетуіне себепші болатын кешенді бағдарлама қажет. Өйткені шикі­затты шетелге тасып жүрген кәсіп­керлер де өнеркәсібін мемлекет қолдауына алып, экономика кірісін ұлғайтқан көрші елдердің тәжіри­бесін өзіміз қайталасақ деп отыр.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ