Қираған ғимараттар толық қалпына келтірілді
Қираған ғимараттар толық қалпына келтірілді
Қаңтар оқиғасының өт­кеніне 1 жылға жақындап қалды. Қанды қақтығыс­тың ызғары біраз келең­­сіздік туғызды. Талай тағ­дыр­ды жалмады. Көпте­ген нысан қирады, бүлінді. Қы­зылордалықтар да сол дүрбелеңнің дүрмегін бі­разға дейін ұмыта алма­ды. Тәуелсіздігімізге қатер төнген сол бір шақта аймақта талай ғимарат қирады. Кәсіпкерлердің дүние-мүлкі бөлінді. Бүлікшілер облыстық әкімдік, сот ғимараты мен бірге медициналық нысан­дарды бүлдірді. Бүгінде Қызыл­ор­да қаласында болған қақтығыстан зардап шеккен кәсіпкерлік нысан иелері сол бір зобалаң шақты қорқынышпен еске алады. Негізгі қақтығыс ошағында орналасқан «Best-Авто» ЖШС диллерлік ком­паниясының ғимараты да жаппай тәртіпсіздік салдарынан бүлінген болатын. Бұл кәсіпкерлік нысан­ның терезелері атыс кезінде ша­ғылып, материалдық шығынға ұшыраған. Оқиға түн мезгілінде болғандықтан, жан аман. 5 қаңтар күні сағат 15.00 ша­масында Қызылорда қаласы Сұл­тан Бейбарыс көшесінің бойында шеруге шыққандар арасында бұзақылар бой көрсете бастады. Осылайша, түнгі сағат 9-10-ға де­йін жалғасқан наразылық шеруі­нің соңы атысқа ұласты. Оқ жа­қын маңдағы нысандардың терезесіне тиіп, қирады.

«Қақтығыс басталған сәтте жұмысшыларымызды үйіне қай­тардық. Күндіз басталған қақ­тығыстың соңы атысқа ұласты. Соның салдарынан терезелері­мізге оқ тиіп, біршама залал кел­тірілді. Ертесіне фото-видео тір­кеу жұмыстары жүргізілді. Бір­неше күнге дейін жұмысты тоқ­татып қоюға мәжбүр болдық. Қы­зылорда облыстық Кәсіпкер­лік және туризм басқармасы тиіс­ті жұмыстар жүргізді. Жағдай тұрақталған соң залалды қалпы­на келтіру туралы құжаттарды жинау, шығындарды есептеу жұмыстары қарқын алды. Соның нәтижесінде ғимаратымызға кел­ген шығын­ның есебі шығарылды. Ғимаратты қалпына келтіруге 980 мың теңге қаржы берілді. 2 айдың ішінде ғи­марат толықтай қайта қалпына келтірілді. Бұл тұрғыда қолдау білдірген мекемелерге алғысымыз шексіз», – дейді «Best-Авто» ЖШС басшысы Қа­йыржан Иманғазиев.

Сол сияқты жергілікті «Қы­зылорда» қоғамдық телера­дио­компаниясының ғимараты дәл осы қаңтар қақтығысы кезінде отқа оранды. Ғимарат ішіндегі көптеген жабдық жарамсыз күйге түсіп, айтарлықтай шығын келді. Негізінен, телеарна облыстық сот ғимаратымен жапсарлас орналасқан. Жаппай тәртіпсіздік кезінде сот ғимараты отқа ора­нып, оның жалыны телеарна ғимаратын да шарпыған. Сал­дарынан ғимараттың 250 шаршы метр аумағы отқа оранды. Алайда телеарна жұмысшыларының жанкештілігінің арқасында ғи­мараттағы өрт дер шағында ауыз­дықталды.
«Сол күні ғимаратқа әдейі қастандық жасалған жоқ. Соттың ғимаратымен жапсарлас орна­ласқандықтан, жалын біздің ме­кемені де шарпыды. Ғимараттың шатыры өртенді. Ішін­дегі екі бейнекамера мен басқа да құнды жабдықтар бүлінді. Әй­теуір, қыз­меткерлеріміз дін аман. Мем­лекет келтірілген шығын­дарды 9 миллион 980 мың теңге деп есептеп, оны толықтай өтеп берді. Ғимаратқа жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, техникалар қал­пына келтірілді. Сол оқиға әлі күн­ге қорқынышты түстей сана­мыздан өшер емес. Әрине, мұндай оқи­ғалардың енді қайталан­ба­ға­нын қалаймыз», – дейді те­леарна­ның техникалық дирек­то­ры Мұрат Шалабаев.
Жалпы, Қызылордада қаңтар қақтығысы салдарынан 9 әкім­шілік, 26 кәсіпкерлік нысаны зар­дап шеккен. Бүгінде Сыр өңі­рінде бүлікшілер қиратқан ғи­мараттың барлығы толықтай қалпына келтірілді.

Қызылорда облысы