Қаңтар оқиғасының өткеніне 1 жылға жақындап қалды. Қанды қақтығыстың ызғары біраз келеңсіздік туғызды. Талай тағдырды жалмады. Көптеген нысан қирады, бүлінді. Қызылордалықтар да сол дүрбелеңнің дүрмегін біразға дейін ұмыта алмады. Тәуелсіздігімізге қатер төнген сол бір шақта аймақта талай ғимарат қирады. Кәсіпкерлердің дүние-мүлкі бөлінді. Бүлікшілер облыстық әкімдік, сот ғимараты мен бірге медициналық нысандарды бүлдірді. Бүгінде Қызылорда қаласында болған қақтығыстан зардап шеккен кәсіпкерлік нысан иелері сол бір зобалаң шақты қорқынышпен еске алады. Негізгі қақтығыс ошағында орналасқан «Best-Авто» ЖШС диллерлік компаниясының ғимараты да жаппай тәртіпсіздік салдарынан бүлінген болатын. Бұл кәсіпкерлік нысанның терезелері атыс кезінде шағылып, материалдық шығынға ұшыраған. Оқиға түн мезгілінде болғандықтан, жан аман. 5 қаңтар күні сағат 15.00 шамасында Қызылорда қаласы Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында шеруге шыққандар арасында бұзақылар бой көрсете бастады. Осылайша, түнгі сағат 9-10-ға дейін жалғасқан наразылық шеруінің соңы атысқа ұласты. Оқ жақын маңдағы нысандардың терезесіне тиіп, қирады.
Сол сияқты жергілікті «Қызылорда» қоғамдық телерадиокомпаниясының ғимараты дәл осы қаңтар қақтығысы кезінде отқа оранды. Ғимарат ішіндегі көптеген жабдық жарамсыз күйге түсіп, айтарлықтай шығын келді. Негізінен, телеарна облыстық сот ғимаратымен жапсарлас орналасқан. Жаппай тәртіпсіздік кезінде сот ғимараты отқа оранып, оның жалыны телеарна ғимаратын да шарпыған. Салдарынан ғимараттың 250 шаршы метр аумағы отқа оранды. Алайда телеарна жұмысшыларының жанкештілігінің арқасында ғимараттағы өрт дер шағында ауыздықталды.«Қақтығыс басталған сәтте жұмысшыларымызды үйіне қайтардық. Күндіз басталған қақтығыстың соңы атысқа ұласты. Соның салдарынан терезелерімізге оқ тиіп, біршама залал келтірілді. Ертесіне фото-видео тіркеу жұмыстары жүргізілді. Бірнеше күнге дейін жұмысты тоқтатып қоюға мәжбүр болдық. Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы тиісті жұмыстар жүргізді. Жағдай тұрақталған соң залалды қалпына келтіру туралы құжаттарды жинау, шығындарды есептеу жұмыстары қарқын алды. Соның нәтижесінде ғимаратымызға келген шығынның есебі шығарылды. Ғимаратты қалпына келтіруге 980 мың теңге қаржы берілді. 2 айдың ішінде ғимарат толықтай қайта қалпына келтірілді. Бұл тұрғыда қолдау білдірген мекемелерге алғысымыз шексіз», – дейді «Best-Авто» ЖШС басшысы Қайыржан Иманғазиев.
«Сол күні ғимаратқа әдейі қастандық жасалған жоқ. Соттың ғимаратымен жапсарлас орналасқандықтан, жалын біздің мекемені де шарпыды. Ғимараттың шатыры өртенді. Ішіндегі екі бейнекамера мен басқа да құнды жабдықтар бүлінді. Әйтеуір, қызметкерлеріміз дін аман. Мемлекет келтірілген шығындарды 9 миллион 980 мың теңге деп есептеп, оны толықтай өтеп берді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалар қалпына келтірілді. Сол оқиға әлі күнге қорқынышты түстей санамыздан өшер емес. Әрине, мұндай оқиғалардың енді қайталанбағанын қалаймыз», – дейді телеарнаның техникалық директоры Мұрат Шалабаев.Жалпы, Қызылордада қаңтар қақтығысы салдарынан 9 әкімшілік, 26 кәсіпкерлік нысаны зардап шеккен. Бүгінде Сыр өңірінде бүлікшілер қиратқан ғимараттың барлығы толықтай қалпына келтірілді.
Қызылорда облысы