Жержаңғақ пастасын шығарады
Жержаңғақ пастасын шығарады
450
оқылды
Бүгінде кәсіптің түрі көп. Алайда көпке таңсық тірлікті дөңгелетіп, одан нәсібін та­уып отырғандар некен саяқ. Міне, сондай азаматтың бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы­ның тумасы Тимур Ис­ма­зов. Дүнген ұлтты кә­сіп­кер жержаңғақтан табиғи пас­­та өнімін шығарып жатыр. Негізі, мұндай өнім еліміз бойынша бірде-бір аймақта шы­ғарылмайды. Сондықтан бұл Жам­был ғана емес, тұтас респуб­лика бойынша теңдессіз жоба.
– Табиғи жержаңғақ пастасы еліміз бойынша бізде ғана шыға­рылады. Ал дамыған елдерде бұл өнім мектеп оқушыларының ас мәзіріне енгізілген. Жержаңғақ пас­тасы баланың ми қызметін, қан айналымын, іш құрылысы, бүйрек пен бауыр жұмысын жақ­сартады. Сондай-ақ холестеринді төмендетуге, қант диабеті және қан қысымы ауруларының алдын алуға таптырмас дүние. Америкалықтар жержаңғақ пастасын екінші нан ретінде тұтынады. Ал бізде «Бұл не нәр­се?» деп жұрт таңырқай қарайды. Сондықтан қазір біз халықты өнімге үйретудеміз. Кейін мектеп оқушыларының ас мәзіріне енгіз­сек те ұтарымыз көп болады, – дейді кәсіпкер.
Негізі, Тимур өнімін шағын ғана цехта шығарып жатыр. Жер­жаңғақ алдымен арнайы құрыл­ғыда қуырылып, одан кейін қабы­ғынан ажыратылады. Соңында ұнтақтағыш аппаратқа түсіп, өз бойынан шыққан майымен қой­малжың сұйықтыққа айналады. Осыдан кейін оған қант пен бал қосылып, арнайы пластик құты­ларға құйылады. Жұмыс процесі автоматтандырылған. Құрал-жабдықтар қарапайым станок­тардан құралғанымен, өнім да­йындауда ұқыптылық пен тазалық қажет. Сонда ғана сапалы өнім шығады. Кәсіпкер шикізат ретінде жер­жаңғақты «Ауыл-Береке» база­рынан сатып алуда. Ал түрлі кө­лемдегі пластик құтыларды Өз­бекстан елінен алдыртады. «Та­биғи жержаңғақ пастасы» деп жазылған жапсырма қағазын баспа орталықтарынан тапсы­рыспен шығартады.
– Қазір көпшілік менен неге осы таңсық кәсіп түрін таңда­ға­нымды сұрап жатады. Тіпті, «ел­дің көзі үйреніп қалған, сұранысы да жоғары басқа бір өнім шы­ғармадың ба?» деп ақыл айтып жатқандар да аз емес. Алайда елімізді екі жылдан аса уақыт жайлаған коронавирус індеті адам иммунитетінің қаншалық­ты әлсіз екенін көрсетіп берді. Сондықтан адам иммунитетін көтеретін осындай пайдалы өнім шығаруға бел будым. Ал жаңғақ пастасының адам денсаулығына тигізер пай­дасы көп екенін да­мыған елдердің ғалымдары әлде­қашан дәлелдеп қойған. Мен біраз жыл америкалық кәсіпкерлермен жұмыс істедім. Солар осы кәсіп түрінің қыр-сы­рын үйретті. Істі бастауым үшін алғашқыда өз құрал-жабдықтарын беріп, жұмыс барысын да түсін­дірді. Кейіннен облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқар­масының қолдауымен арнайы конкурстарға қатысып, 5 миллион теңге несие рәсімдеп, жаңа құрал-жабдықтарды Қытай мемлекеті­нен сатып алдым. Қазір цехтан шыққан өнімді Тараз бен Алматы қаласындағы сауда орындарына өткізіп жатырмыз, – дейді Тимур.
Егер сұраныс болса кәсіпкер цехта сағатына 100 келі өнім шы­ғаруға дайын. Ал мектеп, аурухана сынды әлеуметтік мекемелердің ас мәзіріне енгізсе, кәсіпорнын кеңейту де жоспарында бар. Тимурдың айтуынша, бұдан былай ол пастасына қажетті жер­жаңғақты Өзбекстан елінен ал­дырмақшы екен. Себебі онда жер­жаңғақтың 1 келісі 100-150 теңге тұратын болса, біздің елде 300-400 теңгеден сатылады. Десе де, кәсіпкер егер өңірдің шаруа­лары жержаңғақ өсіруге қызы­ғушылық танытса, олармен ке­лісімшартқа отыруға дайын еке­нін айтады. Иә, Тимурдай азаматтың кә­сібіне тек қолдау көрсету қажет. Себебі өңір ғана емес, еліміз бо­йынша баламасы жоқ бизнес түрін бастауға үлкен тәуекел ке­рек. Сондықтан алдағы уақытта та­биғи жержаңғақ пастасына сұ­раныс артып, күнделікті тұрмы­сымыз­да тұтынатын күн туады деп се­неміз. Ол үшін жергілікті билік те, өңір шаруалары да кә­сіпкерге қолға­быс етеді деген үміт мол.

Жамбыл облысы