Жыл басындағы қасіретті Қаңтар оқиғаларының жалыны сол кездегі Алматы облысының орталығы Талдықорғанды да шарпыды. Аумағында ірі әскери бөлімдер мен түрмелер орналасқан қала тыныштығының бұзылуы жұртшылықтың көңілін алаңдата түскен. Қаладағы әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметтік ғимараттары қиратылды. Кәсіпкерлік нысандар тоналып, әскери бөлімге, түрмеге шабуылдар жасалды. Дәл осындай мазасыз шақта өз өміріне қатер төнсе де, өзгенің амандығы үшін жанын құрбан еткендердің қатарында өрт сөндірушілер де болды. Солардың бірі – бүгінде Жетісу облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау капитаны Ермек Жұмабаев. Ол Талдықорғанда тыныштық орнатып, төтенше жағдайдың салдарын жоюда антына адалдық таныта білді. Сол бір қиын шақтарды кейіпкеріміз былай еске алады.
«5 қаңтарда облыс бойынша жедел кезекші болдым. Жедел кезекші өртпен байланысты кез келген төтенше оқиғаның алдын алу, жалынның өршіп кетпеуін қамтамасыз ету үшін арнайы техникалар мен адамдардың жұмысын үйлестіруге жауапты. Көңілде алаң болғанымен, жағдай ушығып кетеді деп ойламадық. Түске жақын адамдар жиналып жатыр деп орталық алаңға жіберді. Оқиға орнына жетіп, өрт шыға қалса дереу алдын алу үшін арнайы техникаларды ұрымтал тұстарға орналастырдық. Кешқұрым әкімдік ғимаратының жанында автокөліктің жанып жатқаны жайлы хабар түсті. Жедел жетіп, өртті өшірдік», – дейді Ермек Жұмабаев.Расында кейіпкеріміз бұл сол күндердегі тынымсыз дабылдың алғашқысы екенін сезген. Дегенмен уақытпен санасуға, алды-артына қарайлауға мұрша жоқ.
«Арада көп өтпей әкімдіктің екінші қабатында бірнеше кабинетте шыққан өртті сөндіру бойынша тапсырма алдық. Оқиға орнына жеткенімізде адам қарасы қалың еді. Бірақ біздің жұмысымызға кедергі жасамады. Әкімдік ғимаратына кіріп, өртті өшірдік. Екінші қабаттағы кабинеттерде қамалып қалған полиция қызметкерлерін құтқарып, оларға өзіміздің арнаулы киімдерімізді кигізіп, сыртқа алып шықтық. Түнгі 22.00-ге таман тағы да әкімдіктен қоңырау түсті. Түн ортасында «Қазақтелеком»-ның облыстық филиалының ғимараты алдында машинаның өртенгені туралы хабар жетті. Таңға жуық облыстық әкімдік ғимаратына үшінші рет бардық. Едәуір жерді шарпыған жалын алғашында бой бере қоймады. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп оны да сөндірдік. Сол кездегі Nur Otan партиясы облыстық филиалының, Талдықорған қалалық Полиция басқармасының ғимаратынан өрт шыққан да алғашқылардың бірі болып жеттік», – дейді кейіпкеріміз.Шынында, бұл күндері жедел қызмет өкілдеріне оңай соқпады. Олар тіпті кезекшілік уақытының аяқталғанына қарамастан қызметтік міндетін атқарды. Мұны сол мазасыз шақтарда Талдықорған қаласы аумағындағы жалынмен арпалысқан кейіпкеріміз де растайды.
«Түні бойы көз ілмегенімізге қарамастан, ертеңінде де өз міндетімізді мүлтіксіз орындадық. Елден ерен ерлік көрсеттім дей алмаймын. Бұл біздің қызметтік міндетіміз болды. Менің әріптестерім құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге бірнеше күн бойы тыным көрмей міндетін атқарды. Шындап айтқанда, қасіретті Қаңтарды тұтас ел болып еңсердік. Алдағы уақытта мұндай сұмдық оқиғалардың қайталанбағанын қалаймын», – дейді Ермек Серікбайұлы.Азаматтық қорғау капитаны Ермек Жұмабаевтың өртке қарсы күрес саласында қызмет етіп жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастаған ол үш жылдан кейін қарауыл бастығы болып тағайындалған. Қандай міндет жүктелсе де, жауапкершілікпен атқара білген азамат бірнеше жыл жедел кезекшінің орынбасары да болды. 2020 жылдан бері өрт сөндіру кезекшілік қызметінің жедел кезекшісі.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы