Сирияға соңғы бір тәулікте көрші елдерден 800-ден аса адам оралды, – деп жазады 24.kz. Оралғандардың көбісі Иордания мен Ливаннан қайтып келгендер. Босқындардың жартысынан астамы – балалар. Бірақ әзірге Отанына оралған босқындар үйлеріне кіре алмай отыр. Себебі, мұнда миналардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар 2 гектардан аса аумақты тексеріп шығып, 29 жарылғыш заттың көзін жойған. Еске сала кетейік, Сириядағы қарулы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. 2017 жылдың соңында үкімет жасағы мемлекетті лаңкестерден азат еткенін жариялады. Бірақ кейбір аймақта атыс-шабыс әлі жалғасуда. Осы ретте тұрғындар өзге өңірлерге босып кеткен. БҰҰ-ның мәліметінше, бүгінде әлемнің 45 елінде 6 жарым миллионнан аса сириялық ресми тіркелген екен. Босқындардың көбісі Түркияны паналаған. Түркияда Сирияның 3 жарым миллионнан астам босқыны бар.