Көкшетауда ескі мектептің орнына жайлы мектеп салады
Көкшетауда ескі мектептің орнына жайлы мектеп салады
3,703
оқылды
Көкшетауда «Бармашино» шағынауданында орналасқан №10 орта мектепті бұзып тастау жоспарда бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Әкім орынбасарының айтуынша, басқа аймақтар сияқты Ақмола облысы да «Жайлы мектептер» пилоттық жобасына қатыспақ. Сөйтіп, 2023-2025 жылдар аралығында өңірде жалпы саны 20 заман талабына сай жайлы мектептер салынбақ.
– Алғашқы жобаға сәйкес бастапқы 10 мектептің қазығы келер жылы қағылмақ. Ал қалған 10 мектеп 2024-2025 жылдары салу жоспарда бар. Аталған жоба Оқу-ағарту министрлігі арқылы жүзеге асырылғалы отыр. Қазір жергілікті атқарушы орган тарапынан барлық жер учаскелері рәсімделді. Барлық қажетті құжаттары әзірленді. Қаражат инженерлік желілердің құрылысы үшін конкурстық рәсімдерге салынды, – дейді Алтынай Әміренова.
Қалған типтік жобалар қажеттілігіне қарай Оқу-ағарту министрлігі арқылы жоспарланбақ. Бұл мектептер 600 орыннан 2 500 орынға дейін болады. Мектептер Сарыарқа шағынауданында бой көтермек.    width=
«Қалған 1 200 орын қала маңында, атап айтқанда Аршалы, Целиноград аудандарында салынбақ. Өйткені елорда маңы болғандықтан, аталған ауданда мектептер қажет. Қосшы қаласы да жаңа қала ретінде құрылыс қарқыны көтеріліп, дамып келеді. Бүгінде үш бірдей мектеп салынып жатыр. Қосымша тағы екі мектеп «Қамқорлық» шеңберінде тұрғызылмақ», – деп толықтырды Алтынай Байқадамқызы.
Ол болашақта салынатын жайлы мектептердің артықшылығына да тоқталды. Ең бастысы, қазір  аса өзекті 3 ауысымды оқуды толықтай жою мақсаты көзделіпті. Сондай-ақ екі ауысымды мектептерді де бір ауысымға ауыстыру жоспарға алынған.
– Балаларды бір ауысымда ғана оқыту көзделіп отыр. Біріншіден, бұл екі және үш ауысымды толықтай жоюға ықпал етеді. Екіншіден, мамандандырылған спортзалдары, жаңа жиһаздары, батыстық үлгідегі сапада заманауи жағдайда болмақ. Барлық қажетті жағдайлар жасалған. Тек алаңының өзі 5 гектар, яғни 2 500 бала емін-еркін сияды. Бүгінде мектеп қажеттілігі Көкшетау қаласының орталығында емес, шеткі аудандарда да аса өткір болып тұр. Орталық ауданда бос жер учаскесі болмағандықтан, жаңа мектептер Сарыарқа шағынауданында салынбақ. Ал Бармашино ауданындағы №10 орта мектепті сүріп тастау жоспарланып отыр. Оның орнына жайлы мектеп бой көтереді. Бұл жұмыстардың бәрі келер жылы басталады. Алғашқы 10 мектептің құрылысы басталады, – дейді Алтынай Әміренова.

Ақмола облысы