Банкроттық туралы заң жобасын мақұлдады
Банкроттық туралы заң жобасын мақұлдады
285
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қо­шановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда де­путаттар денсаулық сақтау мәселелері, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, еңбек даулары мен жанжал­дарды шешу тәртібін жеңіл­детуге қатысты және бан­кроттық ту­ралы заң жоба­ларын мақұл­дады. Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толық­ты­рулар бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобаны депутаттарға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та­ныс­тырды. Жоба Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәрте­бесін арттыруға, олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленген.
«Пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компа­ниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сақ­тандыру жарнасының мөлшері қауіп-қатердің деңгейіне қарай бекітілген актуарлық есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауап­кер­шілік дәрежесі ескеріле отырып ай­қындалады», – деді министр.
Сондай-ақ Ажар Ғиният жыл сайын мемлекеттік және ведомстволық наградалар берілетінін айтты: 3 атақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері», «Мамандығы бо­йынша үздік» республикалық кон­курсының 17 жеңімпазына мемлекеттік және ведомстволық наградалары мен 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Әлеуметтік-мәдени даму комите­тінің мүшесі Зарина Камасова заң жо­басы сақтандыруды енгізу мәсе­ле­лері бойынша нормалармен толық­тырылғанын атап өтті. Жалпы отырыста депутаттар бас­тамашы болған тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы мәселелеріне қатысты түзетулер қаралды. Жоба бойынша Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева баяндама жасады. Ол заң жобасының мақсаты үйлерді басқарудың сапасын жақсарту екенін атап өтті.
«Заң жобасында жергілікті атқа­рушы органдарға қосымша құзыреттер, соның ішінде кондоминиум объек­тілерін тіркеу құқығын беру ұсыны­лады. 16 пәтерге дейінгі шағын үйлер үшін басқарудың үшінші формасы – тікелей бірлескен басқару қарасты­рылған. Құрылыс салушыларға жеке меншікке тіркелмеген пәтерлерді, тұр­ғын емес үй-жайларды, автотұрақ­тарды, қоймаларды сатуға рұқсат етілмейді. Осылайша, олар үйді жалға алған кезде кондоминиум объектілері мен ортақ үй мүлкін өз бетінше иелене алмайды. Меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы атқарушылық жаз­баны рәсімдеу енді олардың жыл­жымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады», – деді Е.Смышляева.
Сонымен қатар депутаттар еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәр­тібін жеңілдетуге қатысты түзетулерді екінші оқылымда қарады. Жұмыс тобының жетекшісі, депу­тат Жанат Омарбекованың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – ең­бек дауларын реттеу және келіссөздер үдерістерін ұйымдастыру саласындағы заңнаманы жетілдіру. Сондай-ақ ке­лісім комиссиялары, еңбек арби­траждары институты және кәсіподақ­тардың рөлі күшейтіледі. Талқылау нәтижесінде депутаттар екі заң жо­басын да мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Депутаттар азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Дания Еспаева негізгі заң жобасы азаматтарға төлем қабілетін қалпына келтіру үшін рәсімдердің үш түрін атап өтті. Олар: соттан тыс бан­кроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіруді пайдалануға мүмкіндік беру.
«Осы рәсімдерді азаматтар өз еркімен таңдайды. Яғни, бұл өтініш­ті әр адам өзі тапсыруы керек. Өзге тұл­ға, мемлекеттік орган не банк өкілі бан­кроттыққа бере алмайды. Заңның басты ерекшелігі осы», – деді Д.Еспаева.
Сонымен қатар депутат бан­крот­тықтан кейінгі жағдай туралы да баян­дады. Олардың бірі – бес жыл ішінде қарыз бен несие алуға шектеу қо­йылады. Борышкерге сот банкроттығы рәсімдерін жүргізу және төлем қабі­летін қалпына келтіру кезеңінде елден тыс жерлерге шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ азаматтар банкроттықты жеті жылдан кейін ғана қайта қолдана алады. Бұдан бөлек, депутаттар жалпы отырыста Еуразия экономика одағы аясында медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы екі ратификациялық заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара өкіл­дерінің қызмет учаскелері туралы хат­таманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. Отырыс соңында Мәжіліс депу­таттары мемлекеттік органдар бас­шыларына депутаттық сауалдар жолдады.