Жылудың құны – жүздеген миллиард
Жылудың құны – жүздеген миллиард
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
341
оқылды
Биыл елдің әр түкпірінде жылу электр стансаларынан ақау шығып, жұрт бүрсең қаққалы билік мәселеге зер са­ла бастағанға ұқсайды. Әйтпесе, бұл проблема бұрыннан бері беті ашылмай келе жатқан еді. Дегенмен жылу элек­тр стансаларын тез арада жаңарта қоятындай қауқар жоқ. Оған қажетті миллиардтарды шенділер қайдан таба­рын білмей бас ауыртуда. Түбін қазбалай келгенде қауіпсіздікке тікелей қатысы бар саланы олигархтардың ием­денгені залалын тигізді. Енді ескірген стансалармен күнелткен қалалардың жағдайы не болмақ? Тозған желіні тауыса алмаймыз Индустрия және инфра­құ­рылым даму министрі Қайырбек Өскенбаев келер жылдың 1 мау­сымына дейін жергілікті атқарушы органдар жылу желілеріне тех­ни­калық тексеріс жүргізетінін мә­лімдеді. Яғни, әр әкімдік өз жерін­де орналасқан стансалардың тозу деңгейін анықтап, есеп беруі тиіс. Ведомство сөзінше, қазір еліміздің қалаларындағы барлық жылу же­лілерінің ұзындығы 12,1 мың ша­қырымды құрайды, ал оның 6,7 мың шақырымын жедел ауыстыру қажет. Нақтылап айтқанда, 45 қа­лада желілердің тозуы 50 пайыздан төмен, 50-70 пайыз аралығындағы тозу деңгейі 19 қалада тіркелген. Тағы 7 қалада оның көрсеткіші 70 пайыздан жоғары. Ал Риддер, Ше­монаиха және Арқалық қалала­рындағы 4 субъектіге байланысты ұзындығы 52 шақырым желінің нормативтік пайдалану мерзімі әл­деқашан асып кеткен. Осы ретте еліміздегі инженерлік-ком­муни­кациялық инфрақұрылымды да­мыту үшін жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған екен. Бірінші кезеңде ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желісін (тозуы деңгейі 70%-дан жоғары) жаңарту көзделіп отыр. Бұған қажетті инвестицияның мөлшері 538 млрд теңге. Екінші кезеңде тозу деңгейі 50%-дан бастап 70%-ға дейінгі аралықтағы жылу же­лілері ауыстырылмақ. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъек­ті­лерінің инвестициялық бағдарла­малары шеңберінде тозу деңгейі 50 пайыздан төмен желілерді ауыс­тыру ұсынылып отыр.
«Қазір жылу желілерін жаң­ғырту мен салуға байланысты қар­жыландырудың 3 тетігі қарас­ты­рылған. Айталық, бюджеттік несие арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп субсидиялау және «Моно және шағын қалаларды дамыту» бюд­жеттік бағдарламасының көме­гімен нысаналы трансферттерді аудару арқылы», – дейді Қайырбек Өскенбаев.
Енді әкімдіктер стансалардың тозу деңгейін анықтап, әрбір субъектіге байланысты шаралар жос­парын бекітіп, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауы қажет. Бұл уақытта Өскенбаевпен қатар Энергетика министрі Болат Ақшолақов та мәселеге бас ауыр­тып, қажетті миллиардтарды са­науға кірісіпті. Оның сөзін­ше, ал­дағы күзгі-қысқы кезеңде ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарын күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталып қойған.
«Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бен­чмаркинг шеңберінде жүр­гі­зілген алдын ала есептеулер бо­йынша аталған жұмыстарды орын­дау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет, іске асыру мерзімі – 2023 жыл», – деді ол.
Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескеріп, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Қазір электр стансаларының бе­кітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері то­лық­қанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Осылай жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд теңгеге жетпек. Сонымен, коммуналдық және квазимем­ле­кеттік меншіктегі 12 ЖЭО бойын­ша мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО бойынша меншік иесі есебінен қаржыландыру ұсы­нылған. Дегенмен бұлардың бәрі ұсыныс күйінде екенін ескерген жөн. Қыруар миллиардтарды жұм­сау мемлекет үшін салмақ болаты­ны анық. Біздің ойымызша, бұл мәселе жақын арада шешілмейді. Кеңес кезінен қалған желілерге сенім артып, кезінде жылу стан­саларының біразын олигархтар қолына берген билік енді қар­жылай зардабын тартпақ. Бірақ ескі стансалардың зияны мұнымен шектелмейтінін ұмыт қалдырдық. Екінші мәселе естен шықты Біз жылу стансаларының ес­кіргенін қаузап жүргенде тағы бір жайтты ұмыт қалдырғандаймыз. Стансалар осы күні ауа ластап отырған негізгі көздердің бірі са­налады. Экологтар осы уақытқа дейін бірнеше рет стансаларды ретке келтіру жайын қозғаған. Әйт­кенмен елеусіз қалды. Қазақ­стан осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жыл­дағыдай азайтуы тиіс. Яғни, пар­никтік газдар, соның ішінде кө­мірқышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға түсіруі тиіс. Бірақ ескі стансалармен әуре бо­лып жүргенде бұл мақсаттың орын­далатынына сенім аз. Шен­ділер проблеманы шешудің бір жолы ретінде жылу электр орта­лықтарын газға көшіру жайын қолға алмақшы болған. Оның өзін жарыта алмадық. Үлкен қала Ал­матыдағы жылу электр орта­лық­тарын газға көшіру жайы көптен бері айтылып жүр. Бірақ жедел іске асар түрі байқалмайды. Жауап­тылар асықпай ма, әлде қаржы жағы қолбайлау ма, бізге беймәлім. Әйткенмен осы жоспар жүзеге асса қаланың экологиясы біршама оңалар еді. Экология министрлігі бұны ескермей отырған жоқ. Талай талқы болған. 2020 жылы Экология минстрлігі Алматыдағы ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3 жылу орталығы қала­ның экологиясын құртып біткенін сынға алды. Көп ұзаған жоқ, ізін ала жауапты мекеме өкілдері тез арада «көгілдір отынға көшетінін» жариялап, ақталғандай болған. Егер жұмыс жоспарға сай жүргі­зілсе, 2024 жылы ТЭЦ-2, ал 2024-25 жылдары ТЭЦ-3 жылу орталығы толықтай газға көшірілетіні хабар­ланды. Ал оған дейін кейбір ма­мандар ТЭЦ-2-ні газға ауыстыру мүм­кін емесін, өйткені қала сейс­микалық аумақта орналасқанын айтқан. Экология министрлігінің дерегіне сенсек, жыл сайын ТЭЦ-2-ден 33 мың, ТЭЦ-3-тен 12 мың тонна зиянды зат ауаға тарайды. Өткен жылы қарашада Энер­гетика министрі болып тұрған Мағзұм Мырзағалиев 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орта­лықтарын газға ауыстыру жобасы аяқталатынын айтты. Ал Алматы қаласындағы 3 жылу электр орта­лығын газға ауыстыру жобасы 2026 жылға дейін бітетінін хабар­лаған. Қош, бірақ бұнымен ауамыз та­зарып кете қоя ма? Экобелсенділер көгілдір отынға көшу проблеманы толықтай шешеді дегенге дәме­ленуге болмайтынын айтып отыр. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғам­дық бірлестігінің өкілі Әсел Діл­дәбекова қазіргі қарқынмен экожүйе өзгермейтінін айтады.
«Біріншіден, көгілдір отынға көшсек, бәрі шешіледі деу жансақ пікір. Одан да улы заттар тарайды. Жылу электр стансасын салу үшін шамамен 5 жыл уақыт кетеді, 2 млрд АҚШ доллары керек. Ал 5 жылдың ішінде халық лас ауаны жұтып, онкологиялық, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыға береді. 2 млрд долларды бір ғана станса құрылысына құрту жөнсіз, бізде бұдан да басқа әлеуметтік мәсе­лелер сансыз. Оның үстіне, Алма­тыда станса салынатын жердегі 2 мың ағашты кесу ойластырыл­ған екен. Екіншіден, елімізде газ тапшы. Дефицит барын «Қаз­трансгаз» өкілдері мойындаған. Әр жылу электр стансасы жылына кем дегенде 1,2 млрд текше метр кө­гілдір отын тұтынады. Бұның қа­жеті жоқ, тым үлкен көлем. Үшін­шіден, қаңтарда Алматының Эко­логия департаменті халыққа 2020 жылы қабылданған құжатты та­ныстырып, экология бойынша «Жол картасының» есебін тыңдат­ты. Сонда жеке секторларды бір­тіндеп көгілдір отынға ауыстыру айтылған. Бұл да мәселені шеш­пейтіні анық. Төртіншіден, «Па­риж» келісіміне сай, біз жылу электр стансаларын жел, күн электр стансаларына ауыс­ты­руымыз керек еді. Улы заттарды азайту жөніндегі талапты орындап үлгермейтін сы­ңайымыз бар, – дейді экобелсенді.
Қалай алсақ та, жылу электр орталықтарына байланысты проблеманың бәрі қаржыға тіреліп тұр. Әбден тозған желілерді то­лықтай жаңартуға мемлекеттің қа­ражаты аздық ететіндей. Сон­дықтан стансалар мен желілерді жамап күнелтуге мәжбүр секіл­діміз. Ал экология жайын айта да алмаспыз.