Ұлттық спорт: «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды

Ұлттық спорт: «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды

Астанадағы Қазмедиа орта­лығында Ұлттық спорт түрлерінен жыл үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр-2022» дәстүрлі мерекесі өтті. Шараға Парламент Мәжілісінің, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен спортшылар, бапкерлер қатысты. Тоғызыншы мәрте ұйымдас­тырыл­ған байқау барысында көкпар, бәйге, садақ, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ, құсбегілік және «Жыл жаңалығы» аталымдары бойынша үздік спортшылар мен бапкерлер марапат­талды. Жиында сөз сөйлеген «AMANAT» пар­тиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық спорттағы жетістіктерге тоқта­лып, өз саласында үздік шыққан спорт­шы­ларға «Алтын тұғыр» сыйлығын та­быстады.

«Биылғы жыл тарихи оқиғаларға бай жыл болды. Таяуда ғана президент сайлауы өтті. Ұлтымыз ұйысып, бірігіп Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен се­нім артты. Сондай-ақ «AMANAT» пар­тиясы да әрқашанда елімізде болып жат­қан қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді», – деді Ерлан Қо­шанов.
Оның айтуынша, партия биыл мыңдаған іс-шара өткізген. Солардың басым көпшілігі руханиятқа, ұлттық құндылықтарды қолдауға арналған. Партия төрағасы таяуда ғана Түркістан қаласында «Алтын домбыра» айтысы мен «Ұлы дала» жас қаламгерлер байқауы өткенін де тілге тиек етті.
«Бүгінгі «Алтын тұғыр» байқауының орны ерекше. Себебі қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Сондықтан бүгін тайлы-тұяғымызға дейін осы жерге жиналдық. Оның бір себебі – Президентіміздің ұлттық спортқа деген көзқарасы ерекше. Биыл ұлттық спортқа үлкен жемісті жыл болды деп айтар едім», – деген Ерлан Қошанов ұлттық спортқа қатысты екі мәселеге арнайы тоқтала кетті.
Оның біріншісі – Түркістан мен Сарыарқаның арасын ат тұяғымен дүбірлеткен «Ұлы дала жорығы» мара­фон бәйгесі. «AMANAT» партиясының төрағасы бұл ұлтымыздың рухын асқақ­татқан шара екендігін атап өтті. Атал­мыш бәйге марафон «AMANAT» пар­тия­сының қолдауымен жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
«Таяуда Түркияда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Сол Көш­пен­ділер ойынына Президент тапсырма­сымен бір топ делегация болып бардық. Сол жерде көптеген спортшылары­мыздың жетістіктерін көрдік. 102 мемлекеттің ішінде біздің спортшы­ларымыздың шоқтығы биік болды. Тағы бір қуанышты жағдай, Прези­денттіміздің ұсынысын бүкіл түркі әлемі қабылдап, келесі 2024 жылғы Көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бүгіннен бастап спортшыларымыз тұлпарларын сайлап, жебелерін ұштап дегендей айтулы жарысқа дайындала беруі керек», – деді Ерлан Қошанов.
Партия төрағасы әлемдік деңгейде өткізілетін аталмыш жарыста спортшы­ларымыз озық болып, жеңіс тұғырында байрағымызды биік көтереді деген се­нім білдірді. Сондай-ақ ол «Алтын тұ­ғыр» байқауы ұлттық құндылықтары­мызды жоғары деңгейге көтеруге, жастарымызды ынталандыруға қажетті үлкен жоба екеніне тоқтала отырып, байқаудың жыл сайын өткізілуін «AMANAT» партиясы белсенді қолдай­тынын атап өтті. Жиын соңында байқау жеңімпаз­дары марапатталды. Ерлан Қошанов «Үздік көкпар командасы» аталымы бойынша Ұлттық құрамаға «Алтын тұғыр» мүсіншесін, диплом және ақша­лай сыйлықты табыстады. Көкпардан Ұлттық құрама биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, чем­пион атанды. Сондай-ақ «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша ат иесі Ұлан Омаров марапатталды. Аударыспақ спортында 70 келі сал­мақ бойынша әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша әлем чемпионы Данияр Смайлов үздік деп танылды. Ал «жыл жаңалығы» аталымын «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек иеленді. Қазақстанның мемлекеттік кеңес­шісі Ерлан Қарин үш аталым бойынша үздіктерді марапаттады.
«Президент ұлттық өнер, ұлттық құндылық, ұлттық спортты дамытуға ерекше мән береді. Мемлекет басшы­сының тазы ұстап, садақ ататынын да білесіздер. Ұлттық спортқа серпін бер­сін деген ниетпен кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізуді ұсынды. Ұлттық спорт – ең алдымен ұлттық рух. Себебі ұлттық спорт арқылы ұлттық болмыс пен сипатымыз күшейіп, қалыптасады», – деді Ерлан Қарин.
«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» аталымында Қанат Қасымхан үздік атанды, Айкөз Ерелхан «Үздік жамбы ату спортшысы» деп танылды. Теңге ілу бойынша жыл марапаты Бәйдібек Сабыровқа берілді. Тоғызқұмалақ, асық ату спорты бойынша үздіктерді Премьер-минис­трдің орынбасары Алтай Көлгінов марапаттады. Тоғызқұмалақ бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева үздік спортшы болды. Асық атудан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үздік команда деп танылды. Сондай-ақ «Үздік құсбегі» аталы­мының «Бүркіт» түрі бойынша Бақ­дәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша Бексұлтан Сейітжан марапат­талды. Ұлттық спорт түрлері қауымдас­тығы президенті Исламбек Салжанов үздік спортшылардың бапкерлерін марапаттады. Тоғызқұмалақ спорт түрінен бас жаттықтырушы Серік Ақтаев, құсбегі­лік­тен аға жаттықтырушы Арман Күн­туған, аударыспақтан ұлттық құрама­ның бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев, теңге ілу спорты бойынша жауапты жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов және жамбы ату спорт түрі бойынша ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев сыйлыққа ие болды. Көкпар­дан жауапты бапкер Нұрдәулет Мо­мынов пен Сәбит Қасен­овке, асық атудан бас бапкер Жомарт Сабыржанов­қа да 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ