«Жемқорлыққа өзіміз итермелейміз...» – Алматыда жүргізуші куәлігін алу қиындады
«Жемқорлыққа өзіміз итермелейміз...» – Алматыда жүргізуші куәлігін алу қиындады
877
оқылды
Алматыда жүргізуші куәлігін алу қиын. Себебі, құжатты алу үшін 1-2 ай кезекте тұру қажет, – деп хабарлайды Aikyn.kz. AstanaTV-ның мәліметінше, «AMANAT» партиясының мүшелері мен автомектептердің өкілдері халыққа қызмет көрсету орталықтарына мониторинг жүргізді. Бірқатар келеңсіздік анықталды. Екі миллион тұрғыны бар Алматыда «В» санатына практикалық емтихан тапсыру үшін бар-жоғы 7 көлік қарастырылған. Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер өте көп. Бірақ, олар теориялық емтихан тапсырып болған соң, тәжірибелік сынақтан өтуі қиын. Себебі, көлік жетіспейді. Жұрт кезекті бірнеше айлап күтуге мәжбүр. Автомектеп директоры Мая Мәмедова: «Адам, егер бүгін ережелерді тапсырса, ол бүгін көлік жүргізуге емтихан тапсыруы керек. Ал бізде адам көп болғандықтан автотехникалық халыққа қызмет көрсету орталықтары игере алмай жатыр. Өңірлердегі кейбір орталықтар дұрыс жұмыс істемейді, сондықтан адамдар Алматыға тапсыруға келеді», – дейді. Тұрғындар осы жеті жеңіл көлікпен ғана өз дағдыларын дамытып, жүргізушілікке машықтанады. Мамандардың пікірінше, алдын алу шаралары мен тексерістің дұрыс болмауы сыбайлас жемқорлыққа алып келеді.
Автомектеп директоры Қоныс Жолдас: «Коррупцияның себебі – ол жерде өздігінен дайындалған оқушылар келеді де Алматыға 200-300 км мысалы үшін, Алматы облысынан, Талдықорғаннан келіп, осы жерге емтихан тапсыруға келеді. Экзамен тапсыра алмағаннан кейін ол үйіне тағы да 200 км ауылына бару керек болады, бір аптадан кейін емтихан тапсыру керек болады. Ал енді ол бармауға тырысады. Енді ол ары-бері қайта-қайта жүрмейді ғой. Сондықтан ол осы жерде мәселесін шешіп кетуге тырысады. Емтихан тапсырудың жолдарын іздейді. Сосын осы жерде жүрген арасында көмекшілерге жүгінеді», – дейді.
«AMANAT» партиясының мүшелері жүргізушілердің өзін-өзі даярлауын заңнамалық деңгейде алып тастау қажет санайды. Себебі, өз бетінше үйренген жүргізушілер көлікті дұрыс меңгермейді. Жол апатының бір себебі – осы.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Қасымов: «Өлімге әкелген ЖКО ішінде 40%-ы стажы аз жүргізушілер жасайды екен. Соны қазір зерттейміз. Мына спеццонның өзі біраз проблемалар бар, мына отырған балалардың жалақысы өте төмен. 120 мың теңге, оған қазіргі таңда кім істейді? Және мына теориялық экзамен тапсырғаннан кейін 1-2 ай практиканың емтиханын күтеді. Сол кезде мына жемқорлыққа итереміз, өзіміз итермелейміз», – дейді.
Осы саладағы мәселелерді «AMANAT» партиясы бақылауға алды.