Жырымдалған жинақ жыртыққа жамау болмайды
Жырымдалған жинақ жыртыққа жамау болмайды
1,648
оқылды
Соңғы жылда елде зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат берілді. Сөйтіп, біраз жұрт ипотекалық несие алып баспаналы болса, енді бірі жинаған ақшасының белгілі бір мөлшерін ем­делуге жұмсады. Алайда көптің қуанышы ұзаққа бар­мады. Олай дейтініміз, жақында ғана жинақтағы ақшаны алудың жеткілікті шегі өсті. Ал жақында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қажет кезде жинақтақтарын қарыздың қамытын кигендердің өзіне қайтарудың тәсілін қайта қарап, жеткілікті шекті түсіру керек екенін айтты. Депутаттың көтеріп отырған мәселесі біраз жыл бұрын ай­тылды. Сол кезде зейнетақы қо­рын­дағы ақшаны тиімді мақсатқа жұм­сау қажеттігі туралы халық тара­пы­нан бірқатар ұсыныс тас­талды. Со­ның ішінде жинақтағы белгілі бір мөл­шерді жұрттың банктегі бере­шегін өтеуге мүм­кіндік беруін талап ет­кендер болды. Бірақ жауаптылар ол кезде де жи­нақтағы қаржыға қол салу са­лымшының келешекте зей­нет­ақысыз қалуына алып келетінін айтып түсіндірді. Қазіргі жағдайға қарасақ, осыдан 25-30 жыл бұрын қорға жиналған ақшаға ештеңе келмейді. Яғни, ақшаның құны жоқ. Сондықтан «ақшаны жи­най­мыз, ертең қартайғанда сол ақ­ша­ны береміз» деген уәденің мән-маңызы қалмағанын түсінетін уақыт келді. Ертеңгі күні халықтың зейнетақысы Үкіметтің мойнына артыла­тын­дықтан тұрақсыз эко­номика заң­дылығына сай әрекет­ке көшіп, тиімді тәсілді қарас­тыр­ған абзал. Жеткілікті шек жеткізбей келеді Депутат Аманжан Жамалов БЖЗҚ жариялаған мәліметті мы­салға келтіреді. Оның айтуынша, 2014 жылдан бастап зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 115,2 пайыз инфляция кезінде 119,5 пайызды құраған. Сол 2014 жылдан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 3 есе өсіпті. Мұны қарапа­йым тілмен айтсақ, шетел валю­тасына инвестициялау арқылы БЖЗҚ-ға қарағанда 2 есе көп табыс табуға болатын еді. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірісі 6 пайыздан аспаған. Осы уақытта азық-түлік инфля­циясы 24 пайыздан асқан. Бұл бү­гінде азаматтардың БЖЗҚ арқылы пайда тапқаннан гөрі ұтылғанын көрсетіп отыр. Халық қана емес, қол­даныстағы тәсіл болашақта бюд­жетке де салмақ түсіруі мүмкін. Өйткені халыққа зейнетақы төлеуде Үкіметтің мойнындағы жүк ауыр­лайтыны сөзсіз. Сондықтан депутат уақыт жо­ғалтпай, жаңа аудиторлық палатаға БЖЗҚ шығыстарына мерзімді тәуелсіз аудит, сондай-ақ активтер мен инвестициялық портфельге тексеру жүргізу қажеттігін жеткіз­ген. Бір қызығы, зейнетақы қо­рын­дағылар азаматтардың зей­нетақы жинақтарын пайдалануына ба­рынша қарсылық білдіріп ке­леді. Былтыр қор зейнетақы жи­нақта­рының жеткілікті шегін орта есеп­пен 64 пайыздан 83 пайызға дейін көтеруді қолдаған. Биыл 23 қара­шада Аманжан Жамалов Үкімет пен БЖЗҚ-дан осы қиын кезеңде мың­даған азаматтар жи­нақталған зей­нетақы қаражатын қайтадан пай­далана алуы үшін шекті мәндерді қайта есептеп, төмендетуді сұрағаны сол екен, 29 қарашада зейнетақы қоры 2023 жылға арналған жет­кіліктіліктің жаңа шектерін жария­лайды. Ол бойынша көрсетілген жеткілікті шек ағымдағы деңгейден 4-8 пайызға жоғары. БЖЗҚ осы ше­шімімен-ақ соңғы жылдардағы ең танымал экономикалық ре­фор­маны толығымен жоққа шығарды. Оның сөзінше, қолданыстағы зей­нетақы қоры жүйесінің өзін өз­герту керек. Кредит алу – мұқтаждықтың белгісі Әйтпегенде, қазір жұмыссыздық пен инфляция қос бүйректі қысып, халықтың дені қарызға батып ба­рады. Елдегі экономистердің сөзіне сенсек, сол қажет кезде банктен ақ­ша алған әрбір үшінші адам қа­рызды қайтаруға келгенде құлық­сыздық танытады екен. Әлеуметтанушы Рамазан Сат­тарұлының сөзінше, халықтың қа­рызға әуестігін жан-жақты қарас­тыру керек. Мысалы, экономикасы тұрақты елдерде азаматтар кредит алатын кезде оның көлемі мен көрсеткіштерін зерделеп, кіріс-шы­ғысын алдын ала болжай алады. Біздегі жағдайда қарызға батушы­лардың жағдайы әртүрлі. «Кредитке батудың жағдайын сараптасақ, біздің халық қызығушылық, көр­сеқызарлықтың салдарынан өзінің бюджетін толық есептемей, кіріс-шығысын анықтай алмай қымбат кредиттерді оңай жолмен алуға тал­пынады. Көп жағдайда қазір тамақ алу үшін кредитке ақша ала­тындарды көруге болады. Кейбір дүкендерде тамақты да қарызға алатын мүмкіндік берді. Кредит алу – мүшкіл халіміздің белгісі. Бұл нені көрсетеді? [caption id="attachment_233529" align="aligncenter" width="1498"]зейнетақы жинағы © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Кредит алатын адамдардың кө­бісінде тұрақты табыс жоқ. Бар та­бысы мардымсыз. Өкінішке қарай, халық табысының 50-60 пайызын тамаққа жұмсайды. Ал дені дұрыс елдегі халық табысының 20-25 пайызын тамаққа жұмсап, қалғанын рухани дамуына арнайды», – дейді әлеуметтанушы. Қарап отырсақ, осы мерзімі 90 күннен асып кеткен 1,5 миллион қазақстандықтың қарызы енді Үкі­меттің мойнына жүк болары сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда халыққа жи­нақтағы қаржысын қажетке жұм­сату әлдеқайда тиімді көрінеді. Айталық, қарызға белшеден батқан осынша халықтың қаржысы бүгін де, ақшаның құнсыздануынан ертеңгі күні де зейнетақы төлейтін кезде ел бюджетіне екі рет салмақ түсіреді. Осы орайда «Азаматтарға кез келген кредиттері мен комму­налдық қызметтер бойынша қа­рыздарын төлеуге, емделуге, бала­ларды оқытуға және басқа да өмір­лік маңызды қажеттіліктерге зей­нетақы жинақтарының 30 пайызы­на дейін беру керек. Бірақ 1 млн теңгеден аспайтын мөлшерде» деген депутат сөзінің жаны бар секілді. Ол үшін алдымен қор белгілеген жет­кілікті шекті төмендетпесе тағы болмайды. Себебі тұрақты табысы жоқ адамның жинақталған қара­жаты қазіргі жеткілікті шекке жет­пеуі де мүмкін. Қор нарығы күшін жойды Алайда экономист Мақсат Се­рәлі зейнетақы жинағындағы қара­жатты қарыздың қамытын киген­дердің барлығына беруге болмай­тынын айтады. «Егер жеке тұлға­ларға берілген кредиттік несиелер болса, жинақтағы қаржыны пайда­лану тиімсіз. Өйткені бұл банк пен жеке тұлға арасындағы жауап­кер­шілікке келіп тіреледі. Ал әлгінде айтқандай, берешегі барларға жинақты кәдеге жараттыру ертеңгі күні зейнетақы қорына иек артып, қайта қарыз алатындардың санын өсіруі де ықтимал», – дейді ол. Де­генмен ипотекалық бағдарламалар бойынша банкке берешек болған­дарға жинақтағы қаражаттың белгілі бір мөлшерін пайдалануға болады екен. Бұл үшін зейнетақы жүйесінің механизмін қайта қарау керек. Қалай десек те, қарызға бат­қан халықтың жайы Үкіметке сын. Сол үшін асылы, депутат, әлеу­меттанушы және экономист айт­қандай, зей­нетақы жүйесін нарық­тың заңды­лығын ескеріп қайта жасаған дұрыс. Шындығында да, бүгінгі жиналған ақшаның құны күн сайын түсіп барады. Себебі қорғ­а ақша теңгемен жиналады. Бірақ өзінде өндіріс жоқ біздің ел импортқа тәуелді. Сырттан келетін нәрсенің барлығы теңгемен емес, рубльмен, юан немесе доллар­мен есептеледі. Шетелдің тәжіри­бесін қолданбас бұрын өндірісі өзінен болып отырған елдердің өзінде зейнетақы жинағын астыға басып отыру бастарына тиіп жат­қанын көруге болады. Инфляция өсті, ақшаның құны кетті. Оған сәйкес, қор нарығы күшін жойды. Әлемдік экономикалық жүйе ауыс­палы екенін мойындап, өзіміздің экономикамызға қарай әрекет еткен әлдеқайда тиімді болмақ. Сондықтан қордағы құнын жоғал­тып жатқан 14 триллион ақшаға өндіріс ошақтарын салса дейсің. Мәселен, сол қаражатқа мұнай өндіретін зауыт салынса, ол тапқан табысынан пайыз төлеуге міндет­теледі. Зауыттан түскен қаражат зейнетақы жинағына пайызбен қайтады, екінші жағынан адамдар тұрақты жұмыспен қамтылып, жа­нар-жағармай арзандайды. Ал қа­зіргідей қымбатшылықты тоқтатуға мүмкіндік жоқ уақытта халықтың жинағын жамбасқа басу жағдайды ушықтыра берері анық.