Озған тұстарынан өнеге, опық жеген тұстарынан сабақ алған, тарихының әр бетбұрысынан тағылым тауып, тағзым ете білген ұлт алға басады. Биылғы «Қаралы қаңтар» оқиғалары қазақтың елдігіне, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігіне үлкен сынақ болды. Сол сын тезіне сынбай, шыңдалған еліміз енді өткенді өкінішпен емес, сүйінішпен еске алып, болашағына үреймен емес, үмітпен қарап, Әділетті Қазақстанды құру бақытын иеленді. Ал «Қасіретті қаңтар» оқиғаларының эпицентріне айналған Алматыда Мемлекет басшысының қатысуымен «Тағзым» мемориалының салтанатты ашылуы жаңарған Қазақстанның ұстыны – әділеттіліктің орнауын әдіптейтін символға толы нышан болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Қасіретті қаңтар» құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысып, стеллаға гүл шоғын қойды. Президент жұртшылықпен бірге сол сұрапыл күндері қаза тапқан азаматтарды, Қазақстанның жаңаруы жолында жанын қиған ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Артынша мемлекеттік Әнұран асқақтады.
– Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күш құрылымдарына шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады, ал үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Қ.Тоқаев.Ол қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынына екпін түсіріп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.
– Бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсысымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматқа ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
– Халқымыз мықты мемлекет құруға, қасиетті тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға бел буғанына сенімдімін. Біз саяси жүйені одан ары демократияландыруға, ұлттық экономиканы монополиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жалғастырамыз. Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық. Әрине, бұл – тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмасы анық. Бірақ басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру. Біз әрқашан бірге болсақ, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың Қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.
– Біз «Қасіретті қаңтар» құрбандары мен нағыз қаһармандарды мәңгі есте сақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ұлт болып, осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Сол күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға Жарлығыммен рақымшылық жасалды, – деді Қ.Тоқаев.Сонымен қатар ол бұзақыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоғын айтты. Оның пікірінше, нағыз батырлар – жұмысшылар, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, ұстаздар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар.