Шымкент қаласының әкімшілік іскерлік орталықта орнатылған бас шыршасы бұзылды. Бұл жайтқа қаңтар оқиғасында балалары қайтыс болған ата-аналардың өтініші себеп болған. Сондықтан Қаратау ауданының әкімдігі бас шыршаны Наурыз алаңына көшіру жөнінде шешім қабылдапты.
«Қаратау ауданында жаңа жыл мерекесін атап өтуге 17 млн теңге қаралды. Мұның ішінде шырша қою, көшелерді безендіру, кранштейн орнату секілді өзге де жұмыстар кіреді. Былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде шыршамыз жанып кетті. Сондықтан биыл жаңасын алып отырмыз. Қаратау ауданында орнатылатын шыршаның биіктігі 20 метрге жуық болады. Қазір шыршаны орнату жұмыстары жүріп жатыр», - деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.Ал кешегі күні «Қиял әлемі» саябағының алдында әл-Фараби ауданына қарасты жаңажылдық шыршаның шамы жағылды. Оның аумағына 30-ға жуық жаңажылдық шағын сәулет мүсіндері орнатылды. Айта кетейік, жаңа жылды атап өтуге Шымкент қаласындағы 4 ауданға қаржы бөлек-бөлек қаралған. Кей ақпарат көздерінің жазуынша, жалпы көлемі 40 млн-ға жуық қаржы жұмсалмақ.