Дәрігерді жазаға тарту мүмкіндігі медицина қызметкерінің мәртебесіне нұқсан келтіреді – дәрігер Қанат Төсекбаев
Дәрігерді жазаға тарту мүмкіндігі медицина қызметкерінің мәртебесіне нұқсан келтіреді – дәрігер Қанат Төсекбаев
Кейінгі кезде медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін көтеру мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сонымен қтар дәрігерлердің әл-ауқатын арттыруға да назар аудару қажет екені айтылып жүр. Осы ретте Астана қаласынындағы 8-емхананың бас дәрігері Қанат Төсекбаев аталған мәселелерге қатысты пікір білдірді. Қанат Дүйсенбайұлы ақ халатты абзал жандар сыни жағдайларға тап болған  кезде заң тұрғысынан қолдау таба алуы тиіс деп есептейді.
«Бүгінде дәрігерлердің азаматтарға медициналық көмек көрсетуі  өте қауіпті болып бара жатыр. Себебі жұмыс кезінде түрлі қиындықтар кездесіп жатады. Дәрігерлерге қоқан-лоқы көрсетіп, шабуыл жасау үйреншікті жағдайға айналды. Сол себептен де көптеген  білікті мамандар  бұл саладан кетуге мәжбүр. Құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан құқығы қорғалмағандықтан дәрігерлер арасында басқа қызметке ауысып кету сынды жағдайлар жиіледі. Қазір осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігі кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол әлі енген жоқ, бірақ қазір Мәжілісте талқылануда. Бұл механизмді іске асырудың бірнеше нұсқалары ұсынылып отыр» - деп атап өтті Қанат Төсекбаев.
Сондай-ақ ол дәрігерлерді материалдық тұрғыдан қорғауға бағытталған шаралар да қолға алынып жатқанын айтты. Қажетті заңдарды қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы қоғамда медицина қызметкерлерінің беделін көтеру көзделіп отыр.
«Медицина қызметкерлеріне қарсы арыздар көбейіп, дәрігерлер әкімшілік, тіпті қылмыстық жазаға тартылуда. Елде  жыл сайын дәрігерлерге қатысты  600-800 қылмыстық және 300-ге тарта әкімшілік  құқықбұзушылық  орын алады. Аталған істер ҚР ҚК 317-бабы негізінде жүргізіледі. Бұл бапқа сәйкес  дәрігер емдеудің нәтижесі тиімсіз болған немесе жайсыз жайттар орын алған жағдайда жазаға тартылады. Алайда, дәрігер ықтимал асқынулардың алдын ала алмайды немесе адам ағзасының емдеу процесіне қандай реакция беретінін болжай алмайды. Бұл жағдайдың дәрігерге тікелей қатысы жоқ  көптеген факторларға байланысты, мысалы  жабдықпен жабдықтау деңгейі, дәрілік препараттың сапасы, клиникалық хаттаманың жетілдірілуі және тағы басқа дегендей» - деп түсіндірді Қанат Төсекбаев.
Дәрігер мырзаның айтуынша, саналы түрде жасалған қылмыс ғана заң бойынша жауапкершілікке тартылуы керек.
«Емдеу процесі – ол зардап шеккен адамға көмек көрсету. Сондықтан бұл бапты декриминализациялау қажет. Ал, бұл нормасыз қалған іс-әрекетіміз бос әурешілік болады. Сондай-ақ әлеуметтік аспектілер аясында медициналық көмек көрсеткені үшін дәрігерді жазаға тарту мүмкіндігінің өзі  медицина қызметкерінің мәртебесіне нұқсан келтіреді» - деді ол.
Бүгінде медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту жұмыстары Мемлекет басшысының бұйрығы негізінде жылдан-жылға 20-30% пайызға артып келеді. Мысалы, медбикелердің жалақсы 20%-ке көбейсе, дәрігерлердің жалақысы 30%-ға көбейген болатын. Келе жатқан жаңа жылда тағы да дәл осы көрсеткіш бойынша арттыру жоспарланған.
«Медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру өте маңызды. Ол тек жалақыны көтеруге қатысты емес. Мәселен, баспана алу кезінде және баланы балабақшаға кезекке қою кезінде медицина қызметкерлеріне басымдық беру.  Сондай-ақ, өңірлерге  жіберілетін жас мамандар үшін әлеуметтік пакет бекіту қажет. Оның ішіне жалдамалы тұрғын үй мен көтерме қаражат кірсе. Жалпы мұндай шаралар ішінара жасалып жатыр, бірақ әлі де болса жеткіліксіз деп санаймын» - деп түсіндірді Қанат Дүйсенбайұлы.
Сондай-ақ ол қазіргі қолданыстағы заң медицина қызметкерлерінің құқығын толыққанды қорғамайтынын атап өтті. Сондықтан да медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау және оған қатысты заңды жетілдіру өте қажетті шара екенін жеткізді.