25 желтоқсан – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туған күні. Осыған орай Астанадағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияда ақынның өнегелі өмірі мен шығармаларын насихаттауға арналған «Ақын жүрегіндегі елорда» атты еске алу кеші өтті. Кеш жүргізушісі Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, бұл кеш қазақтың ақын қызы, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығын еске алып қана қоймай, оқушылар арасында кеңінен насихаттау. Сөйтіп, кеш мектептің аспапты оркестірінің ойнымен ашылды. – Бүгінгі кештің бізге берері көп. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпаққа, мына жердегі оқушыларға үлкен сабақ болмақ. «Отыз екі тістен шыққан сөз, 32 руға тарайды» дегендей, бүгінгі Фариза Оңғарсынованың өнегелі сөздері, өлеңдері, еліміздің дамуына қосқан үлкен үлесі мен еңбегі жайында сөз қозғалады. Міне, осы әңгіменің бәрі сіздердің мектебіңіз, мына жерде отырған оқушылар арқылы өзге білім ордалары мен оқушыларға кеңінен таралады. Оның үстіне, Фаризаның отты жырлары жастар арасында патриоттық сезімді оята түседі деп сенемін, – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев. Ақынын ардақтаған алқалы жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері Уалихан Қалижанов, Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп, Еренғайып Сәліпұлы, сондай-ақ Фариза апайдың Оңайгүл Тұржан сынды елге белгілі ақын сіңлілері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Іс-шара аясында ақын Фариза Оңғарсынова кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, “ФАРИЗАТАНУ” кабинеті тыныс-тіршілігінің таныстырылымы өтті. Айта кетейік, 2019 жылы елорданың сол жағалауындағы бір көше ақынның атымен аталса, 2021 жылы №77 мектеп-гимназияға Фариза Оңғарсынованың есімі берілген еді.