Мобильді қоғамдық қабылдау: халық өтініші жүзеге асты
Мобильді қоғамдық қабылдау: халық өтініші жүзеге асты
Наурыз айында «AMANAT» партиясының мобильді қо­ғам­дық қабылдауы өз жұмысын бас­тады. Бұл бастама партияны трансформациялау жұмыстарының азаматтармен кері байланысты күшей­ту тар­мағының аясында жүзеге асырылды. Бүгінге дейін мобильді қоғамдық қабылдау елдің түкпір-түкпірін аралап, көмек сұрап келген азаматтарға қол ұшын созды. «AMANAT» партиясының қоғам­дық қабылдауына жыл басынан бері 24,7 мың адам жүгінген. Тұр­ғын­дарды негізінен әлеуметтік қам­сыздандыру  (32%), тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық (14%), жұмыспен қамту және еңбек құқық­та­рының бұзылуы (11%) секілді мәселелер толғандырады. Осы мәсе­ле­лердің 56%-ы шешімін тапты. Пар­тия таратқан мәліметке сәйкес, мо­бильді қоғамдық қабылдаудың іске қосылуына байланысты бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Мобильді қоғам­дық қабылдаулар өз жұмысын бастағаннан Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, шалғай ауылдарға ерекше көңіл бөлді. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәслихат депутаттары – партия фракциясының мү­ше­лері, өңірлік филиалдардан бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қо­ғам­д­ық кеңестер мен мемлекеттік орган­дар­дың өкілдері және  басқа да тұлғалар қатысты. Партиялықтардың айтуынша, алдағы уақытта да мобильді қоғамдық қабылдаулар тұ­рақты түрде жұмыс істейтін болады. Қоғамдық қабылдау өз жұмысын Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарымен кездесуден бастады. «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөл­ме­сінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, алғашқы күні 100-ге жуық адам келген.
«Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұр­ғын­дардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бірреттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті, шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бо­йынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірген еді Ә.Садырбаева.
Қоғамдық қабылдауға алғаш­қы­лар­дың бірі болып келген Ақмола облысына қарасты Новосельское ауылының тұрғыны Светлана Паль елді мекенді сумен жабдықтау мә­се­лесін көтерді. Өз кезегінде мобильді қоғамдық қабылдаудың құрамына кірген Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов партияның сайлауалды бағдарламасын орындау аясында Новосельское ауылында сумен жабдықтау желілерін тар­ту жұ­мыстары биыл басталуы тиіс еке­нін айтты. Қоғамдық қабыл­дау­да бұдан басқа көшелерді жа­рық­­тандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеу­мет­тік инфрақұрылымға қатыс­ты мәселелер көтерілді. Аудан­дық мәслихаттағы партия фрак­ция­сының төрағасы Нұржан Рахы­мов әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленгенін жеткізді.
«Партиялықтар халықпен тікелей диалог орнатуға, олардың талап-тілектері мен сұраныстарын тың­дау­ға келді, бұл өте дұрыс. Мұндай кездесулерді мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн», – деген ақсақал Хасен Қалменбаев аманаттықтарға алғысын білдірді.
мобильді Аманаттықтар Ақмола облысына қарасты Новосельское, Чапаевское, Ақсай, Үлгі, Сабынды сияқты бар­лы­ғы 5 ауылға барды. «AMANAT» пар­тиясының мобильді бригадалары Қарағанды облысының шалғай елді мекендерінің тұрғындарына да қабылдау өткізді. Партиялықтар Егендібұлақ, Шешенқара, Дубовка, Бидайық, Орынбай ауылдарында болып, тұрғындардың барлық сұрақтары аманаттықтардың бақылауына алынды. Сонымен қатар  жақында Солтүстік Қазақстан облысы филиалының кезектен тыс өткен XXXIV конференциясында өңірлік мобильді қоғамдық қабылдаудың нәтижелері жайлы айтылды. Ресми ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдауларына 4 046 өтініш келіп түскен, оның 48%-ы оң шешілген. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері 40-тан астам ауылдық елді мекенге барды. Ал Ақмола облысы бойынша қоғамдық қабылдауға келіп түскен өтініштер негізінде Ерейментау қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешені, Есіл қаласында хоккей корты салынды. Жақында құрылған Абай облысында да біршама жетістіктер бар. Өңірлік филиал биыл қыркүйек айында құрылғанына қарамастан, «AMANAT»-қа 3 мыңға жуық адам жүгініп, 1 мыңнан астам  азамат  қабылданды. Партияның сайлауалды уәделерін орындау аясында Ақсуат ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Ақсуат ауданында 3 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Тұрғындардың бұдан бөлек басқа да кішігірім мәселелері оң шешімін тапты.
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында да болды. Аталған аймақтарда қабылдауға бір күнде 250-ден астам азамат келіп, барлығы 10 шалғай елді мекен қамтылды.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары негізінен ұялы байланыс, ауызсу, жол мәселелерін көтерді. Партия өкілдері нақты қандай шаралар жүргізілетіні жөнінен тұрғындарға хабар беріп, аталған мәселелердің шешімін табу мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр. «AMANAT» мобильді бригадалары Атырау облысындағы шалғай елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Таңдай, Нарын, Мұқыр, Нұржау және Қарағай ауылдарында болды. «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов көшпелі мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта қоғамдық қабылдаудың жұмысы жалғаса беретінін жеткізді.
«Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін облыс орталығына жету үшін 300 шақырымды жүріп өту қажет. Ал жолдың нашарлағынан қарттар мен көлігі жоқ адамдар үшін діттеген жеріне жету тіптен қиын. Сондықтан алдағы уақытта мобильді қоғамдық қабылдаулар Қазақстанның барлық өңірлерін аралайды», – деген болатын ол.
мобильді «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауының сапары әлі де жалғасып жатыр. Осы аптада партиялықтар Маңғыстау және Жетісу облыстарында болды. Аманаттықтар Маңғыстау облысының шалғай ауылды елді мекендерінде азаматтарды қабылдады. Қарақия ауданы Құланды ауылының тұрғындарын интернет-байланыс, газбен жабдықтау, жолға асфальт төсеу мәселелері толғандырып отыр.
«Қазақтелеком интернет пен телефон сымы тартылған бағандарды орнатты. Алайда олар уақыт озған сайын тозып, қаусап барады. Егер осы қалпында тұра беретін болса, біреудің үстіне құлап кете ме деген қауіп бар. Жаңа баған орнату қажет», –  деді жергілікті тұрғын Меңдібай Ағиев.
Жетісу облысының тұрғындарын алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі – медициналық ғимараттардың ескіруі.
«Осы ауылда туып-өстім. Балалармен, немерелермен бірге тұрамын. Ауыл тұрғындарын медициналық пункттің тозғаны алаңдатып отыр. Жаңа ғимарат тұрғызып, жедел жәрдем көлігін беру қажет», – деді Қарашілік ауылының тұрғыны Әлмұхамет Шахаманов.
Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Қарашілік ауылында блок-модульді к медициналық пункт орнату үшін бюджеттік өтінім жолданды. Орнату мерзімі 2025 жылға жоспарланып отыр. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы аз   уақыт ішінде осындай нәтижелер көрсетті. Бүгінде оның жұмысы әлі де жүріп жатыр, сонымен қатар партиялықтардың сөзінше келешекте жалғаса бермек. Жалпы, осы жобаның арқасында тұрғындар өздерінің түйінді мәселелерін көтеруге мүмкіндік алды. Оның ішінде сумен және газбен жабдықтау, жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеу, жайылымдар мен шабындық жерлер беру, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты халықты жиі мазалайтын мәселелер көтерілді. Біршамасы өз шешімін тауып, тағы бір бөлігі жүзеге асырылу кезеңінде.