Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай туралы 24 жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бірегей жаңа зерттеулерді 13 сериямен ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты жарыққа шығарды. Оның ішінде ғалымдар ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына терең зерттеулер жүргізді.
Кітаптың тұсаукесеріне белгілі абайтанушылар, еліміздің ғылыми-сараптамалық қоғамдастығының өкілдері қатысты.
ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ жаңа еңбектері «Заманауи Қазақстан және Абай Құнанбайұлы, оның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы мұрасы» жобасы аясында жарық көрді. Зерттеу жұмыстарын жазу барысында авторлар қоғамның, ғылымның, діннің, тілдің өзекті мәселелерін Абайдың шығармашылығы, дүниетанымы және мұрасы негізінде қарастырды. Ауқымды жұмыстар нәтижесінде Ерлан Сыдықов пен Жандос Әубәкірдің «Абай және Ахмет Байтұрсынұлы», Тұрсын Жұртбайдың «Хақ және жалғыз» жеті томдығы, Серік Негимовтың «Абай қағанаттары», Алмасбек Әбсадықтың «Абай және Ыбырай», Ерлан Сыдықов пен Ерлан Сайлаубайдың «Абай Құнанбайұлы және тарихи үдеріс (ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары-ХХ ғасырдың 20-30 жылдары)», Жанбота Кәріпбайдың «Абай Құнанбайұлы мен оның мұрасын басқа тілдерге аударудың эстетикалық аспектілері», Маржан Бекенованың «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» және тағы басқа 24 туынды жарық көрді.
Кітаптардың таныстырылы барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов биыл «Абай академиясы» ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына терең зерттеулер жүргізгенін және «Абайдың «толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңарту» жаңа сериясы аясында 2 еңбек жарық көргенін атап өтті. Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары», «Абай дүниетанымының этика-философиялық көзқарастары», «Абайдың дүниетанымы және қазіргі өркениетті қоғам идеологиясы» сериялық бағыттарын әзірлеу қолға алынды.
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ұлы жазушының мол мұрасын зерделеу, оның шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында түркі әлеміндегі абайтанушылардың басын біріктірді. Академия - іргелі орталыққа айналып, үш жыл ішінде ақынның рухани мұрасы, өмір жолы туралы әртүрлі бағыттағы 72 кітап шығарды. Бүгінде елімізде Президенттің «Абай – рухани реформатор» мақаласында айтылған абайтану орталықтарын жүйелендіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына қатысты тақырыптардағы магистрлік еңбектер, докторлық диссертациялар Мемлекет басшысының ұсынған концептуалды идеяларымен үндес келеді. Аналитикалық зерттеулер кешені әзірленген тұжырымдар шеңберінде ғылыми қызметтің траекториясын анықтады», - деді академик.ҒЗИ жобаларына белгілі абайтанушылар, тарих, әдебиет, филология саласындағы сарапшылар қатысты. Оның ішінде Жабайхан Әбділдин, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Дихан Қамзабекұлы, Сатай Сыздықов, Жанат Аймұхамбетова, Серік Негимов және басқалары бар.
«Абай Академиясы» шығарған ең іргелі монографияларда ақынның шығармашылығы, философиясы, эстетикасы, этногеографиясы, этномәдениеті, оның қазақ және әлемдік өркениетке қосқан үлесі сипатталған. Абайтану бойынша еңбектерді біздің руханиятымыздың дамуы деп санауға болады. Менің дайындаған «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», «Абайдың шеберлігі», «Абай қағидаттары» монографиялары Абай мәтіндерін, оның ерекше көркемдік әлемін зерделеуге, қазақ халқының қазынасы мен оның ауыртпалығы туралы ойлардың терең философиясын тағы да түсінуге мүмкіндік берді», - деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.Профессор Тұрсын Жұртбай - «Абай академиясы» биыл дайындаған 7 томдық «Хақ және жалғыз» кітабының авторы. Абайтанушы зерттеуді Абайдың 43 сөзіндегі «Қозғаушы элемент», «Біртектілердің өзара тартылу күші», «Жүректің әсерленгіштігі» терминдерінің пайда болуын зерттеуге арнады:
«Бүгінгі таңда Абай шығармашылығының жекелеген жарқын бағыттарына тиісті көңіл бөлінбегенін атап өткен жөн. Мысалы, бірде-бір ғалым 43-ші қара сөздегі «Қозғаушы элемент», «Біртектілердің өзара тартылу күші», «Жүректің әсерленгіштігі» деген терминдерге тоқталмалған. Мақсаттас, пікірлес, абайтанушы ғалым ініміз Сұлтан Ыбырай екеуміздің оған көзіміз жетіп, ізденіс басталды. Абай «жан», «тән», «ақыл», «жүрек» пен «қайрат» тақырыптарын тереңнен зетттеді. Оның поэзиясындағы психологиялық және философиялық мәселелер батыс және шығыс дереккөздерінен зерттелгені байқалады. Біз Абайды зерттеудің жаңа жүйесін тапқан сияқтымыз. Оның аясында біз ойшылды жаңа бағытта білуге мүмкіндік аламыз», - деп атап өтті профессор.