Сенат төрағасы сарапшылармен кездесті
Сенат төрағасы сарапшылармен кездесті
181
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Кездесуде елімізде жүргізіліп жатқан кешенді демократиялық реформалар және Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңғыртулар жан-жақты талқыланды. Сенат Спикері өз сөзінде Әділетті Қазақстан құрудың негізгі қағидаттарына назар аударып, осы бағытта барлық деңгейдегі өкілді органдардың бірлескен жұмысы маңызды екенін айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев алдағы Парламент және мәслихаттар сайлауына тоқталды. Сенат нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналады. Осыған қатысты өзгерістер бойынша да сөз қозғал­ды. Сенат Төрағасы мұның бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырыл­ған конституциялық реформаның лайықты жалғасы екенін атап өтті.
«Алдағы уақытта Парламент жаңа жағдайда және жаңа талаптар мен міндеттерді ескере отырып жұмыс істейді. Сенат нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналуға тиіс. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер көбіне жергілікті жерлерде болатыны белгілі. Өңірлерді кешенді дамытпай, тұтас елдің өркендеуін жаңа деңгейге шығару мүмкін емес. Сондықтан Әділетті Қазақстан құру үшін осы бағытқа басымдық беруіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар палата Төрағасы осы аптада сенаторлар қабылдаған «Агломерацияларды дамыту туралы» заң өңірлерді жан-жақты дамытуды көздейтінін айтты. Осы заң аясында кешенді жоспар қабылданады. Одан бөлек, заңның нормаларын іске асыру азаматтарды қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіруге, инженер­лік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді. Осыған орай Мәулен Әшімбаев еліміздегі ең ірі Алматы агло­мерациясын дамыту үшін Сенат пен мәслихат де­путаттары бірлесіп жұмыс істеуі керектігін қаперге алды.
«Өңірлерде Мемлекет басшысы берген тапсырма­лардың, ұлттық жобалардың, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларының және басқа да маңызды басымдықтардың іске асырылу барысын бақылауға ерекше назар аударылады. Сенаттың негізгі міндеттерінің бірі – өңірлердің мүддесін қорғау және өкілдік ету. Мәслихаттармен тығыз өзара іс-қимыл осы басымдықтың негізгі шарты екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Алматы қаласындағы «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығының ұжымымен де кездесті. Бұл жерде мүгедектігі бар азаматтарға түрлі бағыт бойынша әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетіледі. Мәулен Әшімбаев қазақстандықтардың денсау­лығын жақсарту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және денсаулық сақтаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екенін айтты. Сондай-ақ ол Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы салаға үнемі баса мән беріп келе жатқанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасы денсаулық сақтау саласына қатысты алдағы заңнамалық жұмыстарға да тоқталды және Орталық ұжымына қамкөңіл жандарға қамқор­лық көрсетіп, елімізде осы бағыттың жандануына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақыларын көбейтуге қатысты нақты шаралар қабылданып келеді. Келер 2023 жылдан бастап дәрігерлердің жала­қысы – 30 пайызға, орта медициналық персо­нал­дардікі 20 пайызға өседі. Алдағы кезеңде денсау­лық сақтауға бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғая береді. 2027 жылы оның көлемі жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайызына жетуге тиіс. Дәрігер мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Осындай нақты шаралар медицина қызметкерлерін қорғауға және қолдауға, кәсіптің беделін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.