Атаңа нəлет, ала сиыр!

Атаңа нəлет, ала сиыр!

Теледидардан тым жақсы түріктің теле­сериалын тамашалап отыр едім, біздің үйдегі семіз қатынның жан ұшырған айқайынан ұшып түрегілдім. – Ойбай, ойбай машина қағып кетті. – Кімді? – Құрыдық-деп әйелім бетін шымшыды. Жүрегім аузыма тығылды. Жалма-жан үйдегі баларымды түгендей бастадым. Бәрі үймелеп ұялы телефон шұқып отыр. – Абдырамай жөндеп айтшы. Кімді қақ­ты? – Ала сиырды-деді. – Қай жерде? – Көшенің бойында-деп әрең кібіртектеп айтты. Отбасымызды ақпен асырап отырған жалғыз сиыр еді. Бес балам бақырып қоя берді. Жүгіріп жолдың бойына жеттім. Ала сиырдың аяғы аспаннан келіпті. Бас сүйегі қирап миы шашылып қалыпты. Ауылдың бас дәрігерін шақырдық. Ол ессіз жатқан сиырды сипап тұрып: – Саспаңыз, басына ота жасаймыз-деді. Содан он күннен кейін мал дәрігердің үйінен ала сиырды жетектеп қайттық. Әйелім мәз. Шелегін ала жүгірді. Сиырдың емшегін тартқылып сүт шығара алмады. Мүмкін ауыр операцияның зардабы шығар дедік. Қорадан жемді тойып жейді. Желіні жарылуға келді. Бірақ сүт бермейді. Бір күні ала сиыр жоғалып кетті. Саша деген орыс көршімнің ауласынан таптық. Масқара, біздің сиыр Сашаның жетім баспағын талтайып емізіп тұр.Өзінің бұзауы іші қабысып қорада аш жатыр. Шыбықпен жон арқасынан тартып жіберіп үйге қарай қудым. Бәрі-бір жол апатынан кейін сиыр оңбады. Екінші көршіміз кәріс еді. Соның аузы апандай екі итін емізіп тұрғанын көзімізбен көрдік. Жем-шөбін беріп бағып отырған бізбен ісі жоқ. Сүтін елге таратып жүр. Өткенде үйдің артындағы өзбек көршімнің күрасін емізіп тойдырып кетті. Сол үйдің есегімен дос болып алды. Есекті көрсе көзі ойнақшып қырға қарай қашады. Жынды дейін десем есі дұрыс сияқты. Ішіп-жеуді біледі. Тіпті, мына ала сиырдың қор­лығы әбден өтті. Содан басына ота жасаған мал дәрігерге бардым. – Сиыр қуып кетті. Басын қайта ашу керек-дедім. – Неге? – Бұзауы мен үйдегі жүгірмектерім сүтсіз қалды. Ала сиыр сүтін қайдағы бір көршілерге береді.Өзіміз қара су ішіп отырмыз.Соңғы кездері есек көрсе есі кетеді. – Ымм, сіз енді айып етпеңіз, біздің мін­де­тіміз ажалдан арашалап, аман алып қалу. Сенің миы шашылған сиырыңа донор таба алмай есектің миын салып жіберіп едік-деді. – Ее, бәсе-деп санымды бір соқтым. Есектің миын салмақ түгілі жегендерің есі ауысып кетеді демей ме? "Есектің миын жегендер" деп, соңғы кездері кімге жиі айту­шы едік. Сиырдың диагнозы белгілі болды. Енді ем қонбайды. Бүйтіп көзге күйік болып, жұртқа күлкі болғанша деп, атасына нəлет сойып тастадық...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН