Құлақтары құрттап кеткен бе?
Құлақтары құрттап кеткен бе?
Дүкендерден қара бұрыш пен дымқыл салфеткаларды, тоңазытылған балықтарды көрген сайын бұдан бірер жыл бұрын болған сол бір әңгіме еріксіз есіме есінетіп түседі. Алматыдан шығып, әйгілі «Сегіз көл» демалыс аймағына жақын маңда тұратын туыстарыма келе жатқанбыз. Біз мінген көлік Құлжа тасжолының бойымен келіп, былайғы жұрт «Төңкеріс бұрылысы» атап кеткен жанама жолға түскен сәтте, екі жолдың түйіскен жерінен бір бойжеткен көлікті құшақтай алатындай, қол көтерді. Тоқтап, жөн сұрастық. Біз баратын ауылға көршілес ауылдардың бірінде тұрады екен. Жол қысқарсын деп аз-кем әңгімеге тарттым. Жаңа ол көлік тоқтатқан жерге қарсы бетте, жан-жағы қоршаулы, сұрғылт түсті елеусіздеу ғимарат тұрған. Жұмыс іздеп жүріп, аялдамаға жапсырылған хабар­ландыру бойынша, ойда-жоқта сол ғи­мараттың ішіне тап болыпты. Бастығы – түрі түрік тектес, қас-қабағы қап-қара басқа ұлттың адамы екен. Ешқандай құжат сұрамастан, сұрақтармен қөұлағын «бұрамастен», бірден дымқыл салфетка жасайтын цехқа жұмысқа алыпты. Цех деген аты ғана болса керек. Орасан үлкен шұңғыл ыдыста хош иісті сабынды су құюлы тұрады екен. Содан, үздіксіз шұбатыла шығып жатқан сулы шүберекті қыз-келіншектер тез-тез қиып алып, «балаларға», «әйелдерге», «терісі сезімтал адамдарға арналған» түрлі қаптамаларға қолдары жып-жып ете салып жатыр екен. Өзі талай рет дүкендерден сатып алып, қолданып жүрген нәрсесінің осылай жасалатынын көріп іштей таңғалғанымен, амалсыз тілін тістейді. Күні бойы тікесінен тік тұрып, жұмыс істеген ол (тізе бүгіп отыруға, түшкіруге, жөтелуге рұқсат жоқ екен), әбден діңкесі қатқасын, екі-үш күннен соң, қасындағы қыз-келіншектерден: «Осында отырып істейтін жұмыс бар ма?» деп сұрайды. «Бар. Мына көршілес цехтағылар жұ­мыс­ты отырып істейді. Олар упаковкаға қара бұрыш салады. Жұмыстары ауыр емес. Бірақ, ол жерге үндемейтін, көп сөз­бен ісі жоқ, «анау неге олай?», «мынау неге былай?» деп сұрамайтын өте жуас адам­дарды ғана алады», – дейді бұрыннан жұ­мыс істеп жүрген, «сөз қуған» біреуі. Бұл ыңғайы келсе, сол жерге ауыспақ болып, көршілес цехқа барады. Жұмыс­тан бас көтермей жанталасып жатқан ыл­ғи қыз-келіншектерді көреді. Бәрінің қас­тарында қос-қас қап тұр екен. Сол қаптардан қасықтап алған екі түрлі ұнтақты қағаз қаптамаларға араластыра салып жатыр. Жақын барып қараса, бір қапта – ұнтақталған қара бұрыш, бір қапта – құрғақ «манная крупа». Көріп, шо­шына жағасын ұстайды. «Бұларың не? Адамдар адал ақшасына сатып алады. Обал емес пе? Ұяттарыңыз ұйықтап қалған ба?» – деп айта алмай, тілін тістеп, қанатып жібере жаздайды. Өйткені, нан табу үшін шаққа тырнақ іліндірген жерден кетуге болмайды. «Іш қазандай қай­найды, күресуге дәрмен жоқ» деген тура маған айтылса керек. Амал жоқ, қайтадан дымқыл сал­феткалар қаптайтын цехына қайтып барады. Бүгін енді аяқ астынан электр жа­рығы өшіп қалыпты. Бұларға бас­шылары уақытты босқа өткізбеу үшін, цехтың ішін тазалатып, есік-терезесін жуғызады, ауланы сыпыртады. Электр тоғы қосыла қоймайды. Кәсіпорын басшысы енді оларды үйлеріне ертерек жіберудің орына, іші шаң-шаң, түрлі заттар үйіліп жатқан үлкен қойманың ішін тазалауға жұмсайды. Таза киіммен жұмысқа келген қыз-келіншектердің кейбірі, (ішінде бұл да бар), қоймаға бару­дан бас тартады. Жаңа жұмыс соңын­да бастық оларға: «Енді жұмысқа келмеңіздер! Сіздер боссыздар!» – деп, азын-аулақ тиын-тебендерін қолдарына ұстат­қан екен...Соны естіп, өз елі, өз жерінде құлақ кесті құл құсап, келім­сек­тер не істесе де, олардың заңсыз істеріне көз жұма қарап, бәріне үнсіз көніп отыр­ған құзырлы органдардың құлақтары құрт­тап, көздері көрмей қалған ба дейсің. – Енді не істейсіз? Қайда барасыз? – дедім оған жаным ашып, жылағым келіп кетті. – Бірге істеген бір әйел: «Байсерке» жақ­та логистикалық складтардың бірінде жұмыс бар деген. Ертең соған барамын. – Не жұмыс екен? – «Ейвон» деген фирманың срогы асып кеткен нәрселерінің сыртындағы цифрларын өшіріп, басқасын жазасың де­ді ғой. Қиын емес сияқты. Бірақ ақ­ша­сы да «мысықты миялатуға жетпейтін» шығар... Не болса да бара көрермін, – деді ол күрсініп. – Қайда барсаң да, адамдарды алдап, алаяқ­тық жолмен ақша табатындар көбейіп, «ұрықтанып» кетті ғой, – деп көлік жүргізуші жігіт сөзге араласты: – Сіз­дер бара жатқан ауыл маңында же­кеменшік біреу балық өсіріп, балық сата­ды. Менің бір бауырым бұрын сонда жұ­мыс істеген. Оған не істеткенін біле­сіз­дер ме? – деп жүргізуші бар денесімен біз­ге бұрылып, сұраулы жүзбен қарады. – Балықты «шешіндірген» болар? – де­дім мен. – Шешіндіргені неі? – деп қалды жолаушымыз. – Қабығын аршыды ма дегеніми... – Үлкен-үлкен балықтардың майлы төс етін кесіп алып, біраз уақыт соны «мо­розильникке» салып қояды екен. Со­сын, ол тоңдап қатқасын, қайтадан алып, мұздай суық суға біраз уақыт ма­лып, қайтадан сонда салады екен. Сөй­тіп, 5 кг балық еті қашан 10 кг тартқанша қай­та-қайта суға малып, қатыра береді екен... – деді ол ызалы үнмен. – Ой, сұмдық-ай, сонда біз жарты ақ­шамызға мұз сатып алып жүрміз бе? – деп көліктегі жолаушылардың бірі ышқынғанда, ішегі бырт етіп, үзіліп кете жаздады.. – Оның несіне шошынасыз? Тоңа­зы­тылған тауық еттерінің де тең жартысы мұз емес пе, ерігенде көл-көсір су бола­ды... – деді қасымда үнсіз отырған қыз. Құдайым-ау, біз қайда барамыз? Жаңа Қазақстанға осындай аплаятармен бірге барамыз ба? Олар\мен біргее өмір сүргім келмейді. Тағы да айтамын, құзыр­лы органдарда істейтіндердің, құлақтары құрттап кеткен бе? Есітмейді ме?

Ақмарал АБДРАМАН