Сібірде жүр екен...
Сібірде жүр екен...
255
оқылды
Клебанов сібірде трусимен жүр екен. Айнала аппақ қар, үскірік аяз. Мұнда неғып жүргенін өзі де түсінбейді. Тісі-тісіне тимей, сақылдап, ары жүгірді, бері жүгірді, болмады. Мәйкісі қаңылтыр сияқты, қатып қалғандай ма? Сонадайдан, шана сүйреткен бір якут жігіті көрінді. Бұл қолын бұлғап, солай қарай жүгірді. Анау «есі ауысқан адам сібірде жа­лаңаш жүреді ме екен?» дегендей, тұра қа­шып, сосын, әудем жерде состиып тұрып қал­ды. – Әй, жігітім, тоныңды шешіп берші, өліп барамын! – деді бұл бар даусымен ыш­қыныа дауыстап. – Неғып жүрсіз? – Қыдырып. – Неге киініп алмағансыз? – Білмеймін. – Өліп қаласыз ғой? – Сол өлмейін деп. – Сиқрышы емессіз бе? – Жоқ, Экібастұздағы ЖЭО ЖШС бас­тығымын. – Қазақстаннан ғой? – Ияяя. Ооой, тоң–тоңып кеттім. – Билеп тұрсыз ба? – Жоқ, ді-дірілдеп тұрмын деймін. Жаны ашыған болуы керек, жас жігіт жақындап, оған қалың тонын шешіп берді. Клебановтың жаны кіріп қалды. Көздеріне жас келді. Кірпіктеріне қатқан мұздары әлі тұр. – Ррррахммет! – деді ол әрең сөйлеп. – Ырылдап тұрсыз ба? – Жоқ, рррахмет! Жігіт оны шанасымен сүйреп, күркесіне апарды. Күркенің ішінде от жағулы екен, әйелі күлімдеп қарсы алды. Не деген жылы күрке! Жаны кіріп, терлей бастаған Клебанов шәй үстінде: – Суықтың сұмырай екенін енді түсін-дім, – деп күрсінді. – Айтыңызшы, мұнда неғып жүрсіз? –деп сұрады жігіт тағы қайталап. – Қазақстанда, Екібастұзда, туған жерімде жүргенмін ғой. – Ия? – Екібастұздағы жылу қазандықтары бірінен соң бірі жарылып кетті. Жазда мән бермей жүре берг ен едім. – Сосын? – Қала халқы мені офисімнің алдында ұстап алды да, осылай қарай лақтырып жіберді. Қатты ұшқаным соншалық, жолай киімдерімнің дал-дұлы шығып, желмен бірге сыпырылып түсіп жатты. Абырой болғанда, трусиімнің ышқырынан қатты ұстап алған едім, Осы жерге, аппақ қардың үстіне шалқамнан түсе қалдым ғой. – Ойпырмай, халықтың құдыреті деген осы. Енді қалай қайтасыз? – Мына тоныңды сатып алайын. – Жалғыз тоным ғой. – Сатып аламын. – Ақшаңыз да жоқ. – Оой, сен мені кім деп тұрсың? – Білмедім? – Атақты миллиардер Клебановпын! – Аа? – Барған соң, Каспий голдыңа бір мил­лион аударып жіберейін? – Менде ұялы телефон жоқ. Мұнда сеть ұста­майды. – Шын сөзім, қандай жолмен болса да, ау­дарып жіберемін. Сосын, жүз тон сатып аласың. – Жарйды, ескі тоным бар еді, соны берейін, – деді якут жігіті. Клебанов тонды киініп жатып. түсінен шошып оянып кетті. Сөйтсе, мұның бәрі түсі екен. Ал. Екібастұз халқының шулап жатқаны, пәтерлерінде жылу болмай, тоңып жатқаны рас болды. Қаладағы ЖЭО-ның бірнеше қазандық агрегаттары бірден істен шыққан екен. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жаман ұялып, басы салбырап кетіпті. Екібастұз әкімі Аян Бейсекин жерге кіретін тесік іздеп, таппай қойыпты. Клебанов қана ұялмады. Ұялса, ала жаздай не бітірді? Халық ескерткенде, ала жаздай неге мән бермеді? Оның кесірінен 17 көп қабатты үй, 5 әлеу­меттік, 21 коммерциялық нысан жылусыз қалды емес пе? Соның кесірінен халық Павлодар қаласына эвакуацияланып, жағдай бірнеше күнге созылды ғой! Оны қойшы, Клебановқа тиесілі Петропавл ЖЭО-да биыл наурызда апат болып, бір адамның қаза тапқанын қайда қоямыз? Клебанов мырза, милиардер екеніңізді білеміз, халықтан қорқыңыз, олар сізді арктикаға шомылдыра алады!

Мұхтар ШЕРІМ