Маусымдық тұмау оңайға соқпай тұр
Маусымдық тұмау оңайға соқпай тұр
© коллаж: Қуаныш Аман
Биылғы тұмау көптің ти­тығына тиді. Коронавируспен қабаттасқан жіті респиратор­лық-вирустық аурулар үлкенге де, кішіге де оңай болмай тұр. Қазан айынан бері инфекция­ны 2 млн 100 мың адам жұқ­ты­рыпты. Оның жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі бала­лар. Маусымдық инфекция­ның ерекшелігі қандай? Оны ко­ронавирустан қалай ажы­рату­ға болады? Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Вячеслав Дудниктің ай­туын­ша, ел аумағында тұмау мен ЖРВИ-дің жиі таралуы байқалады. 1 қазаннан бастап санитарлық қызмет 2 млн 100 мың ЖРВИ жағ­дайын тіркеді. Оның арасында 1 млн 300 мыңы – 14 жасқа дейінгі бала.
– Тұмау бойынша Қазақстанда «В» вирусы өршіп тұр. Барлық өңір­де тіркелген. Жалпы, суық тиіп ауру көрсеткіші былтырмен салыс­тырғанда 10 пайызға өскен, – деді Вячеслав Дудник.
Сондай-ақ министр орынба­сары тұмау және ЖРВИ-ге қарсы елімізге 2 млн 280 мыңнан астам вакцина әкелінгенін және тұрғын­дардың 12 пайызы екпе алғанын айтты. Вирустардың тоғысқан кезеңі Астана қалалық инфекция ор­та­лығының инфекционист-дәрі­гері Құралай Мырамытованың ай­туынша, қазір вирустық ин­фек­ция­лардың өршитін мезгілі. Әсі­ресе, ЖРВИ, тұмау сияқты инфек­циялар көп кездеседі. Екіншіден, шетелде коронавирус әлі де аяқтала қойған жоқ. Ал біздің елімізге күн сайын шекарадан қаншама адам ке­ліп, кетіп жатыр. Осылайша, ви­рустар бір-бірімен қабысып кетті. Байқасаңыз, вирустар халықтың көп шоғырланған жерлерінде, үл­кен қалаларда өршиді. Үшіншіден, вирустың қаптап кетуіне ауа райы­ның біресе суып, біресе жылып тұр­ған қолайсыз жағдайы әсер етеді.
– Әр вирустық инфекцияның асқыну жолдары әртүрлі. Сон­дықтан адамдардың үй жағдайында өздігінен емделулері қауіпті. Мұ­рын бітеліп, құрғақ жөтел пайда бола бастаған кезде адамдар анти­биотиктер ішеді. Бұл дұрыс емес. Өйт­кені бастапқы 4-5 күн аралы­ғында науқастың иммунитеті ви­рус­пен өзі күресуі керек. Содан кейін ғана әр адам өз иммунитетіне қарай вирусқа қарсы препарат қабылдауы керек. Сол кезде ғана вирусты асқындырып алмаймыз. Алайда қарапайым халық тұмаудың алғашқы белгілері біліне бастаса, бірден антибиотик ішеді. Антибио­тик ағзаға түскеннен кейін имму­нитетті басып тастайды. Соның нә­ти­жесінде ағза өздігінен вирус­пен күресе алмай, тұмаудың соңы пнев­монияға, минингитке, құлақ­тың қабынуына ұласады, – дейді Құралай Мырамытова.
Инфекционист-дәрігердің пікірінше, вирус белгілері байқала қалған кезде ең бірінші мұрынға Оксолин майын жағып, басқа адам­дарға жұқтырмау үшін бет­пер­де тағу керек. Сосын инфекциялық орталыққа емес, емханаларға ба­рып, дәрігерге қаралуы қажет.
– Сырқаттанбау үшін ең бірінші иммунитетті көтеріп, жылы жүру керек. Суық су ішпеу қажет. Са­ламатты өмір салтын ұстанып, ви­­рус­тардан қорғанған жөн. Вирус­тарды тек ПЦР анализ арқылы ғана ажыратуға болады. Науқастардың шағымдары мен айтқан сөздеріне қарап, тұмау немесе ковид екенін анықтай алмаймыз, – дейді дәрігер.
Иә, бір маусымда үш бірдей ви­рустың қатар кездесуі иммунитеті мықты деген адамдарды да есең­гіретіп жатыр. Сондықтан ЖРВИ-дің және тұмаудың негізгі бел­гілерін ажырата алған жөн. Айта­лық, ЖРВИ кезінде ауру біртіндеп және көп жағдайда шаршағыштық­пен, мұрынның бітелуімен баста­лады, одан кейін ауру асқынған кезде құрғақ жөтел пайда болады. Тұмауға температураның күрт көтерілуі (жекелеген жағдайларда 40,5 градусқа дейін), жарыққа сезім­талдығының жоғары болуы, бүкіл организмнің сырқырауы, сон­дай-ақ басының және бұл­шықет­терінің ауыруы тән. Тұмау­мен аурудың алғашқы тәулігінде науқастың мұрны бітеледі. Бұл осы вирусқа ғана тән. Тұмаудың едәуір белсенді фазасы аурудың үшінші-бесінші күндерінде байқалады, ал түпкілікті сауығу 8-10-шы күндерде болады. Әсіресе, вирусты аурулар тәуекел тобы деп аталатын кіш­кентай балаларда, жүкті әйелдерде және қарт адамдарда ауыр өтеді. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жалпы иммунология ка­федрасының меңгерушісі Эльмира Битанованың айтуынша, корона­вирус, ЖРВИ, тұмау қоздырғыш­тары бір тұқымдасқа жатады.
– Сондықтан олардың симп­томы да өте ұқсас болады. Әсіресе, тұмау мен коронавирустың бел­гілері қатты ұқсайды. Ал ЖРВИ-дің жеңіл түрлері болады, яғни суық тию. Олар жеңілірек өтеді. Негізгі айырмашылық: корона­вирустың белгілері өкпеге әсер етеді, ал тұмау жұқтырған жағ­дайда өкпеге қатысты симптомдар не мүлде пайда болмайды, не ке­шірек пайда болады. Бірақ ол са­лыс­тырмалы түрде болатын нәрсе, әр адамда әртүрлі. Сондықтан тұмау мен коронавирусты ажырату көп жағдайда мүмкін емес, – дейді Эльмира Битанова.
Маманның пікірінше, тұмау және коронавирус жұқтырғанда адам сирек түшкіреді. Ал ЖРВИ-да керісінше. Балалар арасында көп кездеседі Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау де­пар­таментінің мәліметінше, осы апта­да қалада ЖРВИ-дің 21 972 жағ­дайы тіркелген. Бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 13,8 пайызға жоғары. Дегенмен қалада ЖРВИ-мен ауыру балалар арасында көп тіркелді. Олардың үлес салмағы 66,9 пайыз­ды құрады. Басқа аймақтарда да ЖРВИ жұқтырған балалардың саны артуда.
– Инфекциялық ауруханаға тәу­лігіне 500 бала вирус жұқтыр­ғандығы бойынша хабарласады. Олардың 20-30-ы ғана емхана жат­қызылып, қалғанына дәрігерлер ем тағайындап үйлеріне қайтарады. Не дегенмен балалардың иммуни­теті ересектерге қарағанда әлсіз. Сон­дықтан тұмауға қарсы профи­лактика жұмыстары барлық мек­теп­терде жүргізілуі керек, – дейді инфекционист-дәрігері Құралай Мырамытова.
Негізі, тұмау маусымына про­фи­лактика – қазан, қараша ай­ларында жасалуы керек вак­ци­на­ция. Дегенмен қазір тұрғындардың тек 12 пайызы ғана екпе алған. Тұмауға қарсы вакцина алған адам ауырса да, ол жеңіл түрде өтеді. Бұл – профилактиканың специфи­ка­лық жолы.
– Вирусқа қарсы препараттарды қабылдау, маска тағу специфика­лық емес әдістерге жатады. Қазір дәрі­ханаларда мұндай препарат­тардың түрі көп. Негізінде, корона­вирус кезіндегідей бетперде таққан дұрыс және арақашықтық сақтауға ты­рысу керек. Шырша мерекесінде ба­лалардың бір-бірімен тығыз аралас­пауын қадағалаған жөн. Бұл жағынан қандай да бір шектеу жа­салғаны дұрыс деп ойлаймын. Сырт­қа, көпшілік жерге шығарда мұ­рынға Виферон жақпасын не­месе Оксолин жағып шықса бо­ла­ды. «Тұмау ғой» деп қолды сілтеуге болмайды. Ол асқынса, басқа да ауруларды қозғайды. Тіпті, өлім-жітімге де алып келуі мүмкін. Сон­дықтан ауырмауға тырысып, ауыр­са, дұрыс емделу қажет, – дейді жоғары санаттағы дәрігер Роза Бегайдарова.
Жыл сайын жіті респираторлық-вирустық аурулар маусымында ере­сектермен қатар, балалар да ин­фекция жұқтырады. Осыған бай­ланысты Денсаулық сақтау министрлігі де дабыл қағып отыр.
– Жұмыс күндері және демалыс күндері емханада сүзгі бөлмелері жұмыс істейді, онда балаңызбен бір­ге дәрігерге қаралуға және ауру­дың ауырлығын және оған қандай медициналық көмек қажет болаты­нын біле аласыз. Аурудың жеңіл дә­режесі болса, температура Пара­це­тамол ішкен соң бірден төмен­дейді, жай-күйі нашарламай, тіпті жөтелсе де, мұрны ақса да, бала тамақ, су ішіп, еркін ұйықтайды, яғ­ни аурудың белгілері оған қиын­дық әкелмейді, – дейді ведомство.
Температура мен катаральды құбылыстардың фонында аурудың орташа дәрежесінде бала қыңыр болып, тәбеті төмендейді. Мұндай балаларды ұдайы назарда ұстаған жөн, егер жай-күйі жақсармаса, дәрігерге қоңырау шалу керек. Егер балада төмендегі ауру белгілерінің кем дегенде біреуі болса, жедел жәр­дем шақыру керек. Олар: тұ­рақты дене қызуы, тамақ, су ішпеу, ентігу, мазасыздық, тоқтаусыз жы­лау, зәрдің дұрыс болмауы, әлсіздік. Ал жақында еліміздің бас санитар дәрігері адам көп жиналған жер­лерде бетперде тағып жүру керек­тігін ескертті. Қазір тұмауға салғырт қарайтын кезең емес. Бір ғана вирус адам бо­йындағы бірнеше ауыруды қозғауы мүмкін. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ерте бастан ауырмайтын жол іздеп, сақтанып жүрген жөн.