Адамдарды аман алып қалуға тырыстық
Адамдарды аман алып қалуға тырыстық
326
оқылды
Қаңтардағы қауіпті күндері жетісулық медицина қызметкерлері тыным көрген жоқ. Әсіресе, Талды­қорғандағы аласапыранда жарақаттанғандарға жедел дәрігерлік көмек көрсетіп, дүрбелеңнің ортасынан алып шығып, емдеу орындарына жеткізді. Бұған қоса, жедел медициналық көмек қажет өзге де науқастарға дер ша­ғында жетіп, ем-дом жасады. Өз өміріне төнген қауіпке қарамай, жарақаттанғандарды құтқаруға барын салған ақ ха­латты абзал жандардың сол күн­дердегі еңбегі ерен. Олар бүлік­шілердің ортасында жүріп, өз­дерінің негізгі міндетін орындады. Облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы берген мә­ліметке сүйенсек, тәртіп­сіз­діктер кезінде 337 адам меди­циналық көмекке жүгінген. Олардың ара­сында қарапайым халық та, құ­қық қорғау орган­дарының қыз­меткерлері де болды. Сол күндері 109 адам түр­лі дене жарақатымен ауруха­нада ем алса, 200-ге жуық адамға психологиялық кеңес берілген. Шұғыл көмек көрсету станса­сындағылар ұйқы-күлкіні ұмы­тып, міндеттерін күн-түн демей, атқарды. Жан алысып, жан бе­ріскен сәттер де жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жара­қат­танған. Талдықорғандағы же­дел жәрдем стансасына ша­буыл жа­салған. Қақтығыс кезінде фельдшерлерге «жараланған по­лиция қызметкерлеріне ем-дом жасамаңдар» деген қоқан-лоқы да көрсетілген екен.
«Сол күні кезекшілікте едім. Арнайы көліктің ішінде әріптесім Кабир екеуміз жарақаттан­ған­дарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқанбыз. Бір уақытта көлік шайқалғандай бол­ды. Мен ештеңеге қарамастан қыз­метімді жалғастыра бердім. Қасымдағы фельдшер Кабир Ра­филов есікті ашты да: «Не болып қалды, жігіттер?» – деді. Сол кезде сырттағы бір адам: «Сен полицейлер мен әскери қыз­метшілерді емдеме. Біз әкелген адамдарды ғана емдейсің» деп талап қойды. Бірақ Кабир саспай: «Мына жатқан полиция қызмет­кері, ал мынау қарапайым тұрғын. Менің міндетім, екеуіне де ем-дом жасау. Кез келген адамға алғашқы медициналық көмек көрсету – дәрігерлік міндетім. Мен үшін сырқаттың бәрі бір­дей», – деді. Сырттағылар үн­демей, есікті жаба салды», – дейді сол күндерді еске түсірген Тал­дықорғандағы жедел жәрдем стансасының фельдшері Эльмира Насырова. Бұл – қаңтардағы сол бір ауыр күндерде тәулігіне 20 шақты шақыртуға барған Эль­мира мен Кабирдің басынан өт­кен оқиға. Кабирдің өзі ол күндер туралы көп айтқысы келмейді. Ерлік көрсеттім деп кеудесін де ұрмайды. «Дәрігер ретінде өз міндетімді атқардым. Қиындықты да көппен бірге өткердік» деп жылы жымиып қояды.
Шынын айту керек, қаңтар­дың қатерлі күндерінде әскерилер мен тәртіп сақшылары, өрт сөндірушілерден бөлек медицина қызметкерлері де басын қатерге тігіп жүріп, жарақаттанғандарды құтқаруға тырысты. Әсіресе, же­дел жәрдем бригадаларына ты­ным болған жоқ. Сан рет бұзақы­лармен бетпе-бет келді. Маши­налары қирады, өздері де зардап шекті.
«Бейбіт күннің қадірі сол кез­дері шынайы сезілді. Адамдардың үйден жұмысқа, жұмыстан үйге асығуын көрудің өзі бір бақыт екен ғой. Ал қаңтардағы қасіретті күндері қала қаңырап қалғандай болды. Шақыруға шыққанда сү­реңсіз көріністерді, үрейлі адам­дарды көріп, жүрегіміз ауырды. Бір-бірімізді жұбатып, тыныштық орнайтынына сендік. Ол күндері көшеде біздің медициналық кө­ліктер ғана жүрді. Онда да ма­ши­наның жарығын жақпау, жыл­дамдықты сағатына 40 шақы­рымнан асырмау, керек болса, құқық қорғаушыларға екі қо­лыңды көтеріп, машинада лаң­кестің жоқ екені жайлы құпия белгі беріп жүру тапсырылды. Барлығын бұлжытпай орын­да­дық. Бәрі бастан өтті. Енді мұндай жағдайлар қайталанбасын, – дейді Кабир Рамилұлы.
Қаңтардың қатерлі күндерінде сол кездегі Алматы облысы бо­йынша 538 медицина қызметкері, 206 бригада жұмыс істеген. Қақ­тығыс күндері 5 медицина көлі­гіне зақым келіпті.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы