Бұл жазбамыздың тақырыбын «Қаншама жыл «Егемен Қазақстанның» алтын тұтқасы болған Ержұман емес пе?» деп те қоюға болатын еді. Солай болғанда бұл екі тақырып та біз тапқан авторлыққа жата бермейді. Оны айтқан... Осыған орай ой қозғаудың өз орны бар. Бір ғасырдан астам тарихқа енген «Егемен Қазақстан» газетінің дәстүрінде ғана сақталған ерекшелікке қарай екі эпизодқа ден қоямыз. Бірі – редакция ұжымы «аға» деген қазақтың бір айдарлы сөзін адам есіміне қосақтап емес, алғашқы буынына қиюластырып жіберетіні екінің бірінің маңдайына жазылмаған бір дүние тәрізді. Мәселен, Шерхан Мұртаза ағамызды үлкен-кіші бірдей «Шераға» деп қашаннан бері атай бастаған. Ал енді қалың көпшілікке, оның ішінде қолына қалам ұстаған қауымға «Егемен» арқылы етене таныс көрнекті журналист Ержұман Смайылдың қашаннан бергі тегі мен аты «Ераға» деген екпін түсіріп айтатын есіммен ауыздан-ауызға тараған кезеңін қай газеттің дәуренінен іздеп жатпай-ақ айтайық деп едік, сөйтсек, олай етуге болмайтындай екен. Қазақ журналистикасында жария түрде алыптардың аузымен жанқиярлық еңбегі мен табанды мінезіне, сарқылмас күш-жігеріне, әрине, ізденімпаз, білімпаз, ұйымдастырушылық зор қабілет-қарымына байланысты «баспасөздің қара нары, газет редакциясында ауыр жүкті өрге сүйрейтін локомотиві» атанған, албырт, жастық шағы қызыл шоқтай жанған «Лениншіл жас» газетінде бас редактордың орынбасары қызметімен өрілген жылдарының өзінде оны «Ераға» деп атағанынан хабардар едік. Бұл мойындалған құрметке ол дырдай редактордың өзі емес, бірінші орынбасары лауазымында жүргенінде-ақ ие болған. Жалғыз өзі емес еді, Ерағаң өзі шексіз сыйлап өткен редакторы (ол кезде қазіргідей «бас редактор» деп атамайтын), спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловты ілгеріден қалған әдемі дәстүр жолымен «Сейдаға» деп атап, алдынан қия басып көрмеген. Бір ғана редактор, оның орынбасары да біреу. Осы «бірінші» деген сөзге қатысты ұзақ ой тербей беруге болатын оқиғалы кезең жалғаса береді. Алайда ұғынықты ұғыммен шектелу шарт емес шығар. Аталмыш республикалық газет редакциясында идеологиялық жауапкершілігі биік мансап Ерағаның шығармашылық еңбек жолының беташары десе де болады. Жалғыз журналистика факультетінің тарихында ең үздік оқыған студентке тағайындалған тұңғыш стипендияға ие болып, бірден көзге түсіп, назарға іліккен жігіттің жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен (нөмірі бірінші Лениндік стипендиат) бітіргенін және шамасы бір жыл мерзімде Қазақ мемлекеттік университетінде жас оқытушы штатында жұмыс істегенін қоспағанда, одан кейінгі бүкіл саналы ғұмырында «бірінші» деген сөзбен жазылғаны, дәйім дестелі өмірбаяны көркем дастанға жүк боларлық дүние. Елдің бас газетінде Шерхан Мұртаза мектебінде шыңдалып, шиыршық атқан, қоғамдағы шындық пен әділеттіліктің, қазақ ұлтының қайсарлық рухы үшін күрескен журналистерінің қайнаған ортасында Ерағаның турашыл мінезі мен еңбекқорлығы, табандылығы мен адалдық қасиеттері де өз артықшылықтарымен анық аңғарылды. Сол себептерімен де жас журналистер ғана емес, оның қатарластары да сеніммен және сыйластық биігінен «Ераға» деп атағанды жүрекпен қалады білем. Ел іші 2012 жылы Шерағаның 80 жылдығын кеңінен атап өтті. Біздің шығармашылық топ («Қазақстан-Тараз» телеарнасы) қалың қазақтың қадірлісі туралы деректі фильм түсіру үшін екі ай шамасында бірлесіп жұмыс істедік. Біз деректі телетуындының сценарийін жаздық. Оны әдеби ортада қалыптасып, шынайы мағыналы қалпында «Шындықтың Қызыл жебесі» деп атадық. Ағамыздың қарашаңырағында емен-жарқын әңгімелесіп отырған сондай шуақты кезде тағдыр қосқан үзеңгілестері мен өзіне жауапты қызметтерде орынбасар болған адамдар жайлы сәулелі сөздерін айтты. Осы арада Ерағаның мына бір естелік жазбасынан үзінді оқимыз: «Шерағаның бір ғажабы, өз орынбасарларына, бөлім меңгерушілеріне кәміл сенетін және алаңдамай жұмыс істеуге ерік беретін. Жалтақтатпайтын. Қалай қолдай білсе, солай да қорғай алатын». Осы қызық, бірақ қиын жолда көпке айбын бола білген Шерағадан «Қазақ баспасөзі мен ұлттық журналистиканың мұратына жету үшін бар білімін берген, бар өнерін салған, бар ықыласын төккен кімдерді атап айтар едіңіз?» деген сұрағымызды қағазға қарап оқығандай болдық. Сол уақытта айбарлы тұлға қалың қастарын қайшылап, қабағын қымтап, тұнжырап қалды. Аздап мұздаңқырап отырды. Жиегі өрнекті шапанын аз-маз иығына қарай тартып, бірі тірі, ендігі бірі өмірден өткен сыралғы жолдастары мен қатар жүрген жандарды еске түсірді ме, ептеп үнсіздік орнады арада. Қайыңды ағаштан жасалған жазу столы үстінде тұратын алтын түстес жолбарыс мүсінін алақанымен арлы-берлі мәпелей сипалап, сосын алдындағы фотосуреттерге үнсіз қарап, едәуір ойланып барып: «Кісі көңілін аулап айтқан да жөн шығар мұндайда», – деп қалды дауысын созыңқырап... «Менің қасымда мықты жігіттер көп болды ғой. Бәріне Алланың нұры жаусын! Ал енді... Еңбекшіл мінез, маңдай тердің қасиеттерін қадірлей білген жан... Ерекең, «Егемен Қазақстандағы». Ержұманның атағы – Еңбектің Ері емес пе?!» деп басын тік көтерді. Құндыз бөркінің маңдайындағы көзтұмары жарқ ете қалғандай болды. Сосын қарсы алдында қаумалап тұрған телекамераға қарай ойлы да тұнық көзін тігіп, тура жалт қарады. Одан әрі «Қаншама жыл «Егеменнің» алтын тұтқасы болған Ерекең, Ержұман мырза емес пе?!» – деп өткен күндердің өшпес сәулесі мен шаң баспаған шындығын алдымызға жайып салды. «Одан басқа нар жүгін көтере білген кімдер бар?» деген өмірлік сауалды қаhaрлы сұсымен ұқтырғандай, алмас ақиқат алдында тұрғандай едік. Шындыққа қасқайып тура қараған кейіп бәрін де аңғартты. Біз де разы ықыласпен бас изеп, мақұлдайтынымызды білдірдік. Дәл осы арада ойымызға өткен жылдар жазбасы оралады. Ерағаның өсу жолы мен танылуына зер салайық, «Лениншіл жаста» Сейдағаңның орынбасары, «Егемен Қазақстан» газетінде Шерхан Мұртазаның қалауымен оның бірінші орынбасары, Шераға Қазақстан телерадио хабарларын тарату комитетінің төрағасы болып ауысып, орнына Әбіш Кекілбайұлы келгенде де сенімді бірінші орынбасары, одан соң Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанұлы және Сауытбек Абдрахманов бас редактор болған жылдар да Ерағаң сол мінсіз қызметінің жоғары деңгейіне ешбір селкеу түсірмеді, абырой-беделін ешбір аласартқан жоқ. Бірінші орынбасар дегені болмаса, бәріне бас-көз болып, күнбе-күнгі, түнжарымға дейін ұзайтын қара жұмысына да, газеттің мазмұнды шығуына да жауапты, ұжымның шығармашылық, әлеуметтік көңіл-күйінің негізгі ұйытқысы біздің темірден жаралған ұстазымыз, барлық қызметкерлері мен тұрақты авторлардың бары мен нары, арқа сүйері Ераға деп білдік. Кезінде ғұлама жазушы, тау тұлғалы Әбіш Кекілбайұлының үлкен жиында, іні-досының 60 жасқа толу тойында сөз сөйлегенінде «Біздің Ерекең, біздің елдің Ержұманы – мен үшін де еңбек дастаны. Адалына жаратылған ол өз орнында, бейнетті қызметінде бірінші орынбасардың бас редакторға қарағанда әлдеқайда әбжіл, әлдеқайда алымды, шапшаң әрі ширақ қимылдайтын тұстарын тиянақтап, өзгеге үлгі етті. «Егеменнің» локомотиві! Нағыз қайраткер, жолдастарын жауға да, дауға да бермейтін көкжал тектес шыншыл азамат болды» деп разы көңілмен ашып айтқаны бар. Ал қазақ елі баспасөзі тарихында өз қолтаңбасымен жаңашылдық дәуірін қалыптастырған, аузы дуалы Шерағаң жасы сексенге келіп, тәубе еткен күні сағынышпен, тебіреніс-толғаныспен Ержұмандай дара іні-әріптесі, қимас бауыры жайында әлгіндей шыншыл ой-пікір білдірген дедік. Орайлас пікірлер, ортақ баға беруде де мұраттас асыл адамдардың артықшылығы атойлап тұрады емес пе? Бейнелері қандай жарқын болса, жансарайы да сондай. Жетісудың Талғар жағында, Қапшағай теңізі жағалауына жақын Туғанбай ауылында Смайыл әулетінің Байжұма мен Ержұман балаларының ешкімді аласартпайтын, асып-тасымайтын, еш саспайтын, бір өзгермейтін қалпы бар деседі жерлес ағайын-бауырлары. Ол кісілер үшін ұсақ-түйек болмайды. Халық жүрген жолмен жүреді. Содан да болар адаспайды, жаңылыса бермеген де шығар. Әлі де айтады ғой, студенттік жылдарын бірге өткізген достар қауымдастығы деген ортада Ерағаңның басқа курстастарына қарағанда жасы үлкендеу, үш жыл Әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтеп, ысылған, еңбек жолынан оралған тәжірибесі бар. Қазақи әдеппен ондай кісі дастарқан төрінде отыруы керек. Ноқтағасы тәрізді сөз бастайды. Ерағаңның бұлжымас жолы. Алайда бұл дағдыны өзі «бұзып», курстас достары кезектесіп төрде отыратын болған деп естігенбіз. Атақ-абыройға кімдер лайық дегенде де ол кісі өзін ешқашан ұсынған да емес, мүлдем басқаша шешім қабылдауға ықтияр. Бұл жағын да білеміз. Алайда өзі келіспесе, жоғары жақтағы ақылды адамдар сырттай-ақ ақылды шешімдер жасайды. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, көп ұзамай «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары қызметіне ауысқан Ерағаңның журналистік алғырлығы мен тұла бойы буырқанған отты жылы республикалық жастар ұйымының ең мәртебелі Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығымен арнайы аталып өткенінде ақпарат кеңістігінің есігінен талантты бір жас тұлғаның топты жарып шыққан асау мінезін көргендей еді. Ал өзіне келсек, мұндай дүрілдеген атаққа мән бере қоймайтын сыңай танытады. Әлдеқандай біреулер сол заманның осындай сыйлығына өрімдей кезінде лауреат бола қалса, лепірмесе де лағып кетер ме еді, атақтың ыстық-суығы басылғанша. Жастар газетінде шығармашылық ұжымның ұйтқысы, күн-түн демей, ұйқы көрмей жұмыс істеп, шаршап, шалдығуды ұмытқан Ерағаң арада қырық жыл сырғып өткенімен сол айнымас қалпынан таймағанын көрдік. Ерағаң мемлекеттік баспасөздің тұғырлы тұлғасы ретінде уақыт пен дәуір биігінен газет ісінде, ұлттық журналистиканы дамыту саласында қабілеті мол, талабы ұшқындап тұрған, еті тірі жас қаламгерлерді шыңдап, даярлауға ұзақ жылдар бойы ерекше академиктік үлес қосты. Журфактан түлеп ұшқан алғыр жастар Ерағаны іздейді, ал, жаңа толқынды ойлайтын табанды ұстаз қаламының желі бар, ішкі ой-түсінігі терең, білімге құштар жас перілерге студент кезінен ен салып, таңдауын ерте бастан жасап қояды. Смайылдың сыйлы мектебінің іргетасы осылай қаланған. Аз жазса да, саз жазатын Ерағаң кез келген саясаттанушы ма, саясаткер ме, солармен ой таластыратын, саяси мағынасы тың тақырыптарға ден қойып, мемлекет пен ұлт мүддесін қорғайтын сүбелі, салмақты мақалалардың авторы ретінде танымал болды. Сол 90 жылдардың басында ел тәуелсіздігі мен мемлекеттің егемендігі туралы пікірталастар мен қызу айтыстарда жазған саяси сараптамалары және Алаш ардақтыларының идеяларын жаңғыртудағы дәйекті-деректі публицистикалары шын мәнінде қаламгерлік абыройына абырой қосты. Бір ғана «Өмір деген – жол үсті» деген прозалық кітабы соған куә. Журналистік шеберлік сағаттарының жиынтығы десе де болады. Бұл күндері сарғайған газет беттерінде ел жылнамасы мен тарихының жаңа парақтарында қоғамға керекті салмақты ой мен жас ұрпаққа қажетті батуалы сөз айтқан, шындық жолында иілмес күрескерлік мінезге ие Ерағаңның еншісіне тиер мол еңбектің ізі бар. Біз оның еңбексүйгіштігі және шынайы жанашырлық қасиеттерін ардақтап, асыл ағамызды «Біздің куратор-ұстазымыз» деп жақын тартып, әрдайым мақтаныш еттік. Ол кісінің сенімін өзіміз лайықты дәрежеде ақтадық па, жоқ па, білмейміз ғой. Әйтеуір іргелі көштен кейін қалып қоймаған секілдіміз. Басына қонған бақ болар, бәлкім, маңдайына жазылған тағдырдың жазуы шығар, егемен елдің астанасы Алатау–Алматыдан Сарыарқа–Ақмолаға қарай көш түзегенде тарихи керуен басында «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы, ал оның бас редакторы Ержұман Смайыл ағамыз болды. Бұл өзі қысылтаяң, қай тұрғыдан қарасақ та қиын уақыт еді, ол жағдайды бастан өткерген жандар адалын айтар, ешкімге, елге де оңай соққан жоқ. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы мен ұйытқыған боранды күні пойыздан түскен журналистердің төрбасы Шераға-Шерхан Мұртазадай ағамыздың «Жаңа астанаға «Егемен Қазақстан» көшіп келді. Онымен қоса Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосовтардың қайсар рухы да бірге келді. Азаттықты аңсаған Алаш ардақтыларының арманы орындалды!» деп құшағын ашып, жалпақ жұртқа жар салған. Шын мәнінде «Егемен Қазақстан» газеті Ерағаңның өмірбаяны үшін де егіз, ажырамас ұғым болып қалыптасты. Білімділігі мен біліктілігінің жөні бөлек, қарапайымдылығымен қайран қалдырған жас басшының әу бастан «Інілерге аға болып жарытпайсың, Ағаларға іні болып иілмесең» деп ақын жырлағанындай, ұрпақтар сабақтастығына барынша бас-көз болып, керемет сыйластық мектебіне қан жүгірткен адамшылығы бәрінен де асып түсті. Ұзақ жыл бойы бас газеттің абыройы үшін яғни, ширек ғасырға жуық ыстық-суығына бірдей көндігіп, өзгені де дәл осындай жан аямай қызмет етуге, әрбір қызметкерінің шын мәнінде кәсіби журналист болып қалыптасуына қолдау көрсетіп, дем берген, ішкі тәртібін қатаң сақтауға дәл Ерағадай талмай, танбай еңбек сіңірген адам кемде-кем. Бұл әбден мойындалған шындық. Ұлы Төле би бабасы айтып кеткеніндей, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, Өзіне келер ұятын, өзі біліп тұрса игі» деген қағиданы берік ұстанды. Жастарды бұл өмірде, шығармашылық зиялының танымал өкілі, ұлттық идеологияның жауынгері және ұлттық ой-сананың жебеушісі, қара қылды қақ жаратын әділ тұлға ретінде тәрбиелеуге қаншама күш-жігерін жұмсады, тер төкті, шыдамдылық танытты. Қаншама жастың әлеуметтік әлеуетін өрелі биікке көтеріп, саяси-мәдени өрісін кеңейтті. Асыл ағаның енді жұртты таңғалдырған екі-үш қырын айтпай, жазбай тұра алмаспыз. Санамалап жатырмыз ғой. Бәрі де салыстырмалы түрде болғанымен қайталануы сирек екеніне бәс тігуге дайынбыз. Редакцияның Алматы бөлімшесінде жұмыс қызу жүріп жатты. Ол кезде де, қазір де газеттің негізгі тірегі, себебі, ғылым мен мәдениеттің, жастардың орталығында жаңалықтар мен өзгерістерге толы, қоғам қайраткерлерінің озық, танымал, талантты өкілдері де оңтүстік астанада көп шоғырланған болатын. ...Кезінде Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымында болған, атақты қаржыгер Дәулет Сембаевқа қалың конвертке салынған хатты апарып бердім. Ерағаның тапсырмасы. Бұл кезде ол кісі «Казкоммерцбанктің» Директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде. Келбеті келісті, сымдай тартылған кісі, түтіні будақтаған шылымын шегіп, қолмен жазылған ақ парақтарды біртіндеп аударып, асықпай оқи бастады. Ұзақтау оқыды. Жарты сағат бержағы... Сұлу мұртты, сыпайы, мәдениетті, атақты адам алдындағы қағаздардың соңғы парағын жапқан сәтте ғана басын көтерді. Жиегі алтын түстес нәзік көзәйнегін алып алдына қойды. Сосын сұрай бастады: – Мына сұхбатты орысшаға кім аударды? – деді қоңыр дауысты кісі. Қолмен жазылған аударма Ерағаның қолынан шыққанын тез аңғардым. – Ержұман Смайыл... – Қандай мектепте оқыған? – Қазақ мектебінде. Университетте де қазақ бөлімінде оқыған. Жұмысы да тек қазақ тілінде... – Өте сауатты жан екен. Апырай! Орыс тіліне де керемет жүйрік. Мына 35 беттік сұхбаттан бір қате көргенім жоқ. Менен сәлем айтыңыз, менің құрметімді жеткізіңіз, – деп текті әулеттің ақылды ұрпағы қолын ұсынды. Сөйтсек, бұл сұхбат газетке қазақ тілінде дайындалған, ал енді автор өтінішіне орай бұл көлемді сұхбат-мақаланы оқытып алу үшін орыстілді Сембаевқа аударма жасауға тура келген. Қысылтаяң уақыт болды ма, шігесіне қорғасын құйғандай мығым Ерағаң оны өз қолымен талмай жазып аударған. Әйтпесе, компьютермен теруге болмас па? Анау-мынау емес, 35 беттік мақала емес, орыс тілінде келген ресми дүниелерді жылдар бойы диктовкамен әп-сәтте сапалы, еркін, көркем аудару оған түк те тұрмайтын. Ал енді орыс тілін де шемішкеше шағатын білімпаздығы бір шоғыр әлем. Айтпақшы, ертеректе Мәскеуден келетін салақұлаш ресми мақалалар мен «көсемдердің» ұзынсонар баяндамаларын ҚазТАГ агенттігі қазақша аударып, түрлі тексерулерден өткізіп жіберетін. Ол іс таңатқанша созылуы да мүмкін жағдай. Мұндайда қатаң жүйе сақталуы тиіс. Кейде әбден шыдамы таусылғанда, әлгіндей дүниені Ерағаң тікелей өз жауапкершілігіне алып, өзіне сеніп, тарсылдатып аударып тастайды екен. Ана тиісті жақтан кештетіп келген аудармаға жәй көз қиығын салғаны болмаса, өзі аударған қалпында газетке жариялай беретін. Бұны да батылдық қана емес, өзіне деген сенім, өзгені санастыра және сыйлата алу деп бағалауға болады. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» тағдырлы, тағылымды, танымды, ғибратты ғасырлық жолында атақ-даңқынан атан түйенің белі қайысатын алыптар мен асыл жандар аз болмағаны анық. Шын мәнінде ардақты, айбатты, қадірлі, сыйлы... Ел серкелерінің ортасында Ерағаңды ерекшелеп айтар болсақ, ерен еңбегінің еленуі, әділ бағалануы бойынша айтар бір артық сөзі жоқ. Өмірбаян жазбасынан қандай атақтары бар, марапаттары-орден-медальдары сыңғырлап тұрған шығар деп ойлай аламыз ғой. Бұл құрметтің, сіңірген еңбегіне қарай қоғамның ардақтау белгісі екені де рас. Жасы алпыстан асқан кезде алған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген жалғыз атақтан басқалай мемлекеттік марапаты жоқ дегенге сену қиын, әрине. Бірақ, бұл қалай болғаны? Мынадай тұлға, үлкен лауазымда болған қайраткердің кеудесінде самсап тұрмауы мүмкін бе! Ондай мүмкіндікті өзіне-өзі жасаған, дейді үлкен-кіші әріптестері. Марапатқа ұсынар кезде өзі түрлі себепті өзге әріптестерін көтермелеу қажеттігіне қарай қиыстырып, солардың қуанғанын қалайды, атаққұмарлықтан саналы түрде бас тартудың жолын іздеген жан ишараты еді. Иә, айтқандай-ақ, ол ел Президентінің БАҚ қызметкерлеріне берілетін сыйлығының тұңғыш иегері. Ең керекті серті. «Жасым 63-ке толған күні зейнетке шығамын, денсаулығымды күтіп, демалысқа кетемін!» деді. Айтқанындай-ақ сол күні зейнетке шықты да Жақан жеңешемізбен бірге немерелерін бағып, тәрбиелеуді жөн санады. Егемендіктер бағбан сықылды ардақты ұстаздарын қимай-қимай шығарып салды. Бейнеттің зейнетін көру әркімнің де арман-тілегі. Ерағаң үйде қарап жатпады. Қарбалас жұмыстан қолы босап, алтын уақыты өз еншісіне тиесілі сәттен бастап кітап жазуға кірісті. Бір емес, үш кітапты бірінен соң бірін баспадан шығарды. Кіндік кескен, ұшқан ұя – аяулы ауылы мен ауылдастары жайында, ұмытылмас ұстаздары мен қаламдас ағалары туралы және үзеңгілес достары хақында тарихи-деректі, публицистикалық жинақтары мен тамаша туындыларын тарту етті. Қазақ баспасөзі мен мәдениетінің тарихында, қоғамдық ой-сананы жаңғыртуда, әсіресе, ел тәуелсіздігі жылдарындағы Ержұман Смайылдың айрықша қайраткерлігі мен басшы-редакторлық, ұстаздық, көшбасшы журналистік қадір-қасиеттері, адал, әділ адамгершілік ұстанымы, мемлекетшіл пайымы мен жанқиярлық қызметі, ар-ұжданы, еңбекқорлық даралығы тұтастай алғанда ірілердің інісі, кішілердің ардақты ағасы деңгейінде айтулы болды. Шындық жолында шашасына шаң жұқпаған, ұлт перзенті Шерхан Мұртазаның «Қаншама жыл «Егеменнің» алтын тұтқасы болған Ержұмандай елжанды, тарланбоз азамат «Еңбектің Ері емес пе?!» деуінде әлі талай ой-толғамдарға арқау болатын терең сыр бар.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты