Осыдан бір жыл бұрын еліміздің барлық аймағында әртүрлі себеппен наразылық, соңы бұзақылық әрекеттерге ұласқан дүмпулер болғаны белгілі. Сол шаралардың басы-қасында түрлі сала өкілдері жүрді. Ол күндер Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі С.Шоймановтың бүгінге дейін көз алдында. «Алаңға жиналған мыңдаған адам, барлығы дерлік суық қаруланған. Көк түтін, өртенген, қираған көліктер мен ғимараттар. Қарсы шығып қорғамақ болғандардың барлығы таяқтың астына қалып жатты. Тіпті, құтқарушылардың өзіне құтқаруға, тілсіз жауды жоюға мұрша бермей жатқан тобырдың көзіне ештеңе көрінбейді. Мұның барлығы 4-6 қаңтар күндеріндегі Шымкент қаласындағы дүрбелең. Бұл жағдай еліміздің көптеген қаласында болды. Қорқынышты, «енді ешқашан қайталанбасыншы» деп тілейтін көрініс көз алдымызда қалды. Алаңға шыққан топ үшін әскери киім киген кез келген жан жау көрінетіндей. Өртті сөндірмек болған өрт сөндірушілерге де шабуыл жасалды. Дүрбелең салғандардың «сөндірмейсіңдер, жансын, қирасын, өздерің формаларыңды шешіңдер де, біз жаққа өтіңдер» деген талаптарына көнбеген біздің сала қызметкерлеріне өрттен бөлек сол тобырдан да үлкен қауіп төнді. Олар біздің жігіттерге кедергі келтірді. Бірақ антына адал азаматтық қорғау органының қызметкерлері еш тойтарысқа қарамастан өз міндеттерін атқарып, соңына дейін күресті. Қалалық әкімдіктің алдында бірінші көлік өртенген кезде қаруланып сақадай сай тұрған кезекшіліктегі өрт сөндірушілер жалма-жан жұмыстарына кірісіп, өртті сөндіру үшін оқиға орнына жақындағанда оларға тас қарша борады. Антына адал азаматтар оған да қарамастан өз жұмысын атқаруға кіріскен сәтте жан-жақтан жиналған қарулы топ біздің жігіттерге тап берді. Сол кезде жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген басшылық құрам қарулы топты барынша тоқтатып, келіссөзге көшті. Отқа оранған көлік әкімдік ғимаратына тым жақын орналасқан еді, яғни көліктен өткен өрттің көпқабатты ғимаратқа тарап кету қаупі болды. Не де болса тілсіз жауды ауыздықтау керек еді. Оған да келіссөз жүргізе отырып, тойтарыс бере жүріп қол жеткізілді. Алайда мұнымен де тоқтаған жоқ. Бірінен кейін бірі жеңіл көліктер, автобустар өртке оранды. Тіпті, мереке кезінде қойылған, жасыл шыршаға дейін өрт қойылды. Қаншалықты қиын да, қауіпті болғанына қарамастан өрт сөндірушілер түрлі жолмен айналып келіп, жалынды сөндірумен айналысып жатты. Қаруланған топтың бізге кедергі келтіріп, өртті сөндіруге мүмкіндік бермеген сәттері де болды. Бір кезде сол алаңдағы үлкен ғимараттардың бірі «Көрме орталығы» өртке оранды деген хабар түсті. Барлық күш пен техника оқиға орнына жұмылдырылды. Өміріне қауіп төніп тұрса да ештеңеге қарамастан сонша тығыз болып жиналған тобырдың арасынан өтіп сонау төрде орналасқан жалындап жанып жатқан орталыққа жетудің өзі қандай қиын болды десеңізші! Біздің жігіттер орталыққа жеткен кезде қару асынған, пышақ кезенген топ өртті сөндіруге жол бермейтінін айтты. Біздің алдымызда қалай болмасын өрт сөндірілуі қажет деген ой тұрды. Сол мезетте басшы құрам Полиция департаментінің қызметкерлеріне жүгініп, арнайы жасақ көмекке келді. Осылайша, аумағы 260 шаршы метрді құрайтын орталықтағы ауқымды өрт сөндірілді. Мұндай қиындықтар қаламызда орналасқан сол кездегі «Nur Otan» партиясы мен прокуратура ғимараттарына өрт қойылған сәтте де болды. Бірақ біздің өрт сөндірушілер өмірін тәуекелге тігіп, қанша қауіпті болса да өз міндеттерін адал атқарып шықты. Осылайша, сын сағатта да өздерінің антына адал екенін тағы да бір рет дәлелдей білді, – дейді Серік Рахматуллаұлы.
Шымкент қаласы