Ерен еңбектің өтеуі – лайықты құрмет
Ерен еңбектің өтеуі – лайықты құрмет
Қазақта «ер болсаң, осындай бол» деп үлгі етерлік азаматтар же­тер­лік. Елге қызмет етудің ерен үл­гі­сін көрсетіп жүргендердің қата­рын­да Бекет Тұрғараұлы да бар. Өкініштісі, елдік істің басы-қасында жүрген азаматтың лайықты сыйлық­қа ұсынылғанымен, әлі күнге дейін онысына қол жеткізе алмай жүргені қынжылтады. Әділдіктің салтанат құруы әркімнің еңбегіне сай баға­лануы десек, тарихқа тағзым етуді перзенттік борышы санаған Тұрға­раевқа тиісті марапаттың берілуі қа­жет-ақ. Нұһ пайғамбардың кемесі қалған қасиетті Қазығұрттың асуындағы ғажап тарихи-танымдық мекен «Мәңгілік ел» саябағы дүниенің түкпірінен ағылған сан мыңдаған туристің тоқтап, тамсанып, таңдай қаққан орнына айналғалы қашан?! Сонадайдан салтанаты асып тұрған алып кешеннің өне бойындағы терең ойлас­тырыл­ған композициялық құрылымы, тарихи сабақтастық өз алдына, ондағы әрбір жәдігердің биік талғаммен жасалып, көркемдік тұрғыдан жоғарғы деңгейде орындалған өнер туындысына айналуы өзіміз түгілі өзгелердің өзегін өртеп, көз жауын алғанын он ақын қатар тұрып жыр­ласа да айтып тауыса алмас еді. Мұнда ат басын бұрған еліміздің маңдайалды аза­мат­­тары, қайраткерлері, танымал тұлға­лары, зиялы қауым өкілдері осынау кемел­дікті көзбен көріп, көңілге түйіп, талай рет терең толғанысқа түсіп, іргелі басы­лым беттерінде жүрекжарды лебіздерін білдіріп, «мұндай да керемет жасауға бо­ла­ды екен ғой» деген тоқтамға келді. Қыс­қасы, осы бір қасиетті төбеге табаны тигендердің тебіренбей қалғаны жоқ. Бұл – халқымызға танымал заңгер-зият­кер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараұлының тікелей өз жобасы, өз идеясы мен ойын, атынан ат үркетін өнер өкілдері жанкешті еңбек­пен жүзеге асырған, аса кәсіби деңгейде орындалған сәулет туындылары шоғыр­ланған тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағы. Ондағы өткеніңнен өнеге, тарихыңнан тағылым түйгізген кемел ке­шен­дер мен еңселі ескерткіштер құдай­шылығын айтсақ, Қазығұрттан басқа еш жерде кездеспейді. Он гектар жерді жоңғарды жойған Салқам Жәңгір, Жалаңтөс баһадүр, зар-заманда Қожаберген жырау тебіренген «Елім-ай» жырының мемориал тақтадағы көрінісі, Алаш қайраткерлері (ұзын саны – 144) Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбай, Жаһанша Досмұхамед, Жүсіпбек Аймауыт, Әлімхан Ермектердің шоғырланған мүсіні, «Анаға тағзым» ескерткіші, Қажымұқанның тау тұлғасы, «Бабалар рухына тағзым» кешені алып жа­тыр. Құнына баға жетпес қазына, бай­тақ! Бекет Тұрғараұлы оңтүстіктің тумасы ғана емес, ол Қазақстанның төрт құбыласына да қолтаңбасын қалдырған қазақтың жоғын түгендеп жүретін жомарт жүректі, терең ойлы, ақынжанды, өр рухты тұлға. Кісілік келбеті кескінделген, пара­сат-пайымы биік Бекең қолға алған тір­лігін түбіне жеткізетін істің, берік ұстаным мен уәденің де адамы. Ол жасаған рухани ерліктер қаншама?! Бір ғана дауылпаз Қожаберген жырау жөніндегі тартысқа нүкте қойған да өзі еді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы ұлы жырау туралы былай деген екен: «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» Атақты қолбасшы толық нұсқасын іздеген дәл осы «Елім-ай» жырын, Қожа­бер­геннің бұдан басқа көптеген жыр-дастанын «Баба тілі», «Заманының заңғары», «Мәңгілік елдің – мәңгілік жыр­шысы» атты кітап етіп бастырып, жа­рыққа шығарған басқа емес, Бекет Тұр­ғараұлы болатын. Қазақстанның оңтүстік және солтүстік өлкесіндегі сот саласында қызмет атқара жүріп, Бекеңнің ұйытқы болуымен академик Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім», ақын Қадыр Мырза Әлінің 14 томдық жинағы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Қазығұрт ауданының тарихи өңірлік энциклопедиясы жарық көрді. Бұдан соң да қазақтың дәстүрлі ән және сөз өнерінің дүлдүлдері Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаевтың мұралары түгенделіп, кітап болып басылды. Тағы тізбектейтін болсақ, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 10 томдығы, академик Серік Қирабаевтың 8 томдығы, классик жазушы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейі­совтің, қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов­тың және тағы басқа отызға жуық жазушы жазбалары осы кісінің арқасында оқырман қолына тиді. 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына байланысты Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болып келген жылдары «Маң­ғыс­тау ақын-жазушыларының шығарма­шылық кітапханасы» атты 50 томдық жинақтың жарыққа шығуына мұрындық болған еді. Бекеттің қазақтың бүгінгі рухани әлеміне сіңірген еңбегі өлшеусіз деген сөзіміздің мәні осында. Мағжан Жұмабаев жырларын жарыққа шығарумен қатар Бекең әйгілі ақынның ескерусіз қалған әке-шешесінің қорымына барып, ба­сына ескерткіш-құлпытас орнатуы екі­нің бірінің қолынан келе бермейтін із­гілікті іс деп білеміз. Анаға тағзым Тарихтың хас батырлары мен данагөй­лерін тізімдеп, ескерткіштерін орнату құдды Бекеңнің мына дүниедегі миссиясы ма дерсіз?! Солтүстік Казақстанда сот төра­ғасы болып жүрген кезінде Қызылжар өлкесінде аты күллі аймаққа таныс қара қылды қақ жарған Тоқсан бидің, Қожабер­ген­нің, атақты академик Евней Бөкетовтің және Шал ақынның ескерткішін орнатады. Одан Ақтауда көрнекті мемлекет қайрат­кері Нұртас Оңдасыновтың, мұнай атасы Сафи Өтебаевтың ескерткішін салуға бас­тама көтеріп мүсінін қойғызды. Бекет Тұрғараевтың Қазақстан көле­мін­де ағартушылықпен айналысып, кітап­ха­на қорларын жаңғыртып, оқырман мен мектеп оқушыларына заман талабына сай жазылған шығармалармен танысуға зор қамқорлық жасап, руханият пен туризмді дамытуға, ауылды абаттандыру мен ауыл шаруа­шылығын дамытуға, халық жадын жаң­ғыр­туға, тарихи тұлғалардың ескерт­кіш кешендерін тұрғызып, ел игілігіне жаратқанын санап тауыса алмайсың. Мұн­дай іс-әрекет отаншыл, халықшыл, елім деген ердің ғана қолынан келетін сирек құбылыс. Әрине, айтпағымыз бұл ғана емес. Ал енді осы халықтың сүйіспеншілігін оятып, азаттықтың алтын бесігіндей тербеліп, дала қоңырауындай дауылпаз үн шығарып, күңіреніп, күн-түн ұлт рухының шамын жағып тұрған, қаншама жыл жанкештілік пен бейнеттің арқасында дүние есігін ашқан алып кешеннің қайсыбір жолы мәр­тебелі сыйлыққа ұсынылып, өтпей қалуы азаматтың намысын таптап, жігерін жасытқаны өз алдына, бұл елдігімізге қағылған сынадай болды. Бұл жағдай жұрт­қа (дұрысы шенеуніктерге) сенің та­ри­хың да керек емес-ау деген күдік те ұя­лат­қаны жасырын емес-ті. Жә, ендігі лепесімізді ойымызға тамызық болсын, мына бір әрбір пенденің санасына сәуле түсіретін жайдан бастайықшы. Бір жолы белгілі жазушы, биыл Еңбек Ері атанған Дулат Исабеков ағамыз кезінде дәл осы комиссия жұмысына көңілі толмай, күйіне жазып еді. «Баяғыда берген дауысымызды жоққа шығарған соң Әшірбек Сығай, Райымбек Сейтметов, Есмұхан Обаев, тағы бір-екі адам комиссия құрамынан шығамыз деп атып тұрып мәлімдеме жасағанбыз. Өйткені берген дауысымыз далада қалып, керек емес адамдар өтіп кетті. Аты-жөні есімде жоқ, әйтеуір Лермонтов театрында бір ғана спектакльде рөл сомдаған актерді ұсынған кезде біз қарсы болдық. Көбіне үй жиһаздарына жарнама жасайды екен. «Мынау кім? Оның театрда елдің ықы­ласына бөленген рөлі жоқ екен» деп сызып тастадық. Кейін қорытындыға қарасақ, екі адам ғана қарсы болған. Қалғаны соны қолдаған болып шықты. Бұл қалай? Қазақ­тың маңдайы кереқарыс, жарқын актер­лері мен режиссерлері толып жатқанда орта жолдан килігіп, қалай Мемлекеттік сыйлық алып кетеді? Бұл жерде комиссия төрағалары қандай шешім айтады, солай болады. Ешқандай бедел қалмаған соң шығып кеткенім бар деген еді... Басқа түспеген соң білмейсің. Шын­дығында, Дулат Исабеков ағамыз айтқан бақай есепке бұра тартқыш комиссияның жауапты адамдары бүгінгі Жаңа Қазақстан тұсында да әлі сол баяғы Байқожа­ның таяғын ұстап жүрген екен. Бұл жолғы «мемсыйлыққа» ауыз толтырып айтуға келмейтін кейбір шығармалардың өтіп кеткені хас жүйріктердің шедеврін шідер­леп, адымын аштырмағаны рас. Атақты ешкім о дүниеге арқалап кетпейді. Қазақ тарихында Батыраштар қай заманда да бол­ған. Тек шын лайықты шығарма өз баға­сын алмай, еленбей қалуы қынжылта­ды деу жай сөз, қан жылатады. Әдебиет пен өнер саласындағы мәр­тебелі сыйлықты саралайтын Мемлекеттік сыйлық қазылары мұнша құндылықты көзге ілгісі келмеді дей алмаймыз, көзге ілді. Есіл дүниені еледі. Дауысты да көп берді. Әділ бағалай білді де! Сөйте тұра, көпе-көрінеу комиссияның мойындалған оң бағасы әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Бұ­ған не дерсіз? Түсінікті және өте түсінік­сіз. Бұл не сонда? Президенттің сеніміне кепіл болған азаматтардың (дұрысы шенеуніктер) биік талғам мен жоғары ойлау деңгейінен жұрдай болғаны ма? Әлде өнер мен саясатқа егіз ұғым деп қарағаны ма? Президент сенім білдірді ме, ең алдымен сол сенімді ақтау керек. Өнердің төңірегінен саясат іздеу деген ақылға сия ма? Жалпы, Бекең халыққа жасаған қыз­меті үшін одан бірдеңе дәмету, сый күту санасына сыймайтын адам. Ең сұмдығы, ол биік талғамның, озық ойдың иесі деп ойлаған комиссия мүшелерінің (шындығы шенеуніктердің) әлеуметтік желідегі әншейінде жел тұрмаса да шөп басын қимылдатып, желсіз күнде де желпілдей беретіндердің жетегінде кетеді деп ойлаған жоқ еді. Сонда Президентіміздің Ұлы­таудағы құрылтайда әлеуметтік желідегі жел сөздерге қарай айтқан сын ескертпесі қайда қалды? Сол сөзге байланысты бас басылымның орынды сыннан қорытынды шығаруды ескертуі де еске алынбағаны ма? Қазақтың «Мен не деймін, қобызым не дейді» дегенінің кері келіп тұр емес пе? Қызғаншақ деген қызыл итінің үндемей қабатынын бағамдай алмайтын, «атын мың адам атаған адамға ғайбат айтпа» деген түсінікті қаперіне де ілмейтін біздің деңгей, сана биігінің жеткен жері осы ма? «Демократия ауыздықталса ғана демо­кратия» деуші еді Ақселеу марқұм. Демек, ол ойына келгенді істеу, адам тағдырымен ойнау емес дегені ғой. Бұл аз десеңіз, Мемлекет басшысының «Демократияның басты жауы – популизм мен білімсіздік» дегені және бар. Сонда деймін-ау, біреу көкесіне хат жаздырып, енді біреу әлеу­мет­тік желіде қаттырақ сөйлесе пікірі өз­гере салатын бұл неғылған тайғанақ, өз ұста­нымы жоқ мемлекеттік комиссия. Хат демекші, Бекең де пенде әлгі сәлем хат жазғыштарға «еліктеп», жоғарыға мән-жайды түсіндіруін сұрап, бір жапырақ қағазды сүйкей салды. Ал енді мұндайда болады екен дегенге сенесіз бе? Сол хатқа Жарлық шығып, іс бітіп, әбден бояуы сіңгеннен кейін он күн өткенде мынау цифрлы технология заманында баяғыдай шығарып салма жауап алды. Бір жанға екі күймек әділет пе? «Мен министрден қо­рық­паймын, оның мәдениетінен қорқа­мын» деген екен Шәкен Айманов. Сонда бұл мәдениеттің қай түріне жатады? Білгеніңіз болса айтыңызшы. Біле жүрейік. Халық әлдеқашан әділ бағасын беріп қойған алапат еңбекті иек астында отырған сенімділердің көкпарға салып, қақпақыл ойнап, қаперге ілмегені қалай? Бұл рухани қылмыс жасаумен бара-бар ғой. Не деген настық? Олардың қажетті жерінде қара қылды қақ жара алмағаны әрбір көзі ашық азаматты күдікті ойға түсіргені сөзсіз. Алаш арыстары Жаңа мемлекет құру жолында басын бәйгеге тіккен Президент Жаңа Қазақстан әділетті болсын деді. Демек, ел сынынан өт­кен сарабдал туындының тағдырын шешуде Президенттің ақ сөзін аяққа бас­пай­тын, ешқандай жершілдікке ұрынбай­тын, өсек-аяңға ермейтін, ықпалдының ығына жығылмайтын әділқазылар қайда сонда? Әлде бұл Президенттің өзі айтқан­дай, шын мәніндегі ұлттық кадрдың тапшылығынан ба? Бұлай болмайынша әділетсіздіктен әбден зәрезап болған халық кездейсоқ кертартпалардан қалай арылмақ? Өнердің иесі, киесі деген болмаушы ма еді!? Айтайын деп айтпайсың. Бекең келе жатқанның кетпенін алып, бара жатқан­ның балтасын алып, әлдебір «недоросль­дердей» өтірік сөйлеп, өтірік күліп, билік баспалдағына қия жолмен емес, тура жол­мен жетіп, депутат та басқасы да болып, тап­қанын қарақұстай астына басып, кекірігі азып жүрсе де болар еді. Бірақ жаратылысы жасампаз оған бұл эпидемия дарымады.Қай қиырда жүрсе де ұлтының жоғын жоқтады, мұңын мұңдады. Адалдан жиған (өйткені бұл заңның, қара қылды қақ жарған әділеттің адамы) дүниесін, халқының игілігіне жұмсауды ойлады. Өз қолымен тұрғызған осынау жасампаз дүниені халыққа, мемлекетке сый ретінде тапсыруы соның айғағы емес пе? Ол атақсыз да атақты, сыйлықсыз да сыйлы. Осы күнге дейін жиған абыройы енді оған қызмет етіп жатыр. Ол атақты да, қызметті де сұрап алған жоқ. Ешкімнен сөз де сұрап алған жоқ.Ұлы Әбіш, әулие, аңыз Әбішке мен туралы бірдеңе деңізші деу мүмкін бе? Бекең Қожабергенді қайта тірілткендегі Әбіштің мына сұрапыл сөзіне имандай ұйымаған қандас қалмап еді. Оқыңыз: «Солтүстік Қазақстанда көптен бері қолға алынбай жатқан, біреу өмірде болды, біреу өмірде болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл тұқым-теберімен, әулие ұрпақтарымен бә­рін қайта тірілткен Бекет болды. Бекет­тің сол қорды басқаруының арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға ай­налды». Бұл аз десеңіз, Әбіш тағы да былай дей­ді: «Өзіміздің ішімізде өз болған, ақыл­ды түгендеген, абыройды түгендеген, намысты түгендеген жігіттердің бірі ретін­де Бекеттің есімі көп айтылады, алда да көп айтылуы керек. ...Меценаттың түрі көп. Өмірі намаз оқымаған әкесінің атына мешіт тұрғызып, есімін беріп жатқандар көп. Дүниеде халықтың атын шығаратын, халыққа, елге, еңіреп жатқан кісіге жаса­ған жақсылық – шын жақсылық. Осы іс жалғаса берсін». Ғұламаның сөзіне титтей де түсіндірменің қажеті жоқ. Сонда деймін-ау, халықтың берген бағасы, еңбегін мойындағаны қайда қалды? Онымен бишікештердің қақпақыл ойнауға қандай хақы бар? Әлде сол әділ бағаны Әбіш тіріліп келіп, қайта қалпына келтіріп, әлдекімдердей Президентке хат жазып, сұрап алуы керек пе? Кез келген нәрсеге тамсана бермейтін, терең талғамның, озық ойдың иесі, атақты алаштанушы, академик Мәмбет Қойгелді аға басылымға жүрегін ұстап отырып «Қазығұртта үйлесім тапқан елдік идеясы» атты бекзат баян жазар ма еді. «Артымызда қазы бар» дейді Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы. Қазы – халық әрине. Сол комиссия мүшелерінің академиктен кем түспей, талайының тамсанып, таң­дайы­ның суын жұтып, табаны тиген осы жер­ді бір сәтке де еске алмағаны ма? Қара­ғым-ау, бұл айналып келгенде балық үлес­тіру емес қой. Бірде мен сол кемел кешенді аралап жүрген қарттың көз жасын сүртіп тұр­ғанын көріп, қатты толқып едім. Демек, бұл кешен бүгінгі ғана емес, кешегі ұлы аруақтар алдындағы ұлы парыз, ұлы мін­детті орындағанына бұдан артық қандай дәлел керек? Сол ұлтының көз жасын сүр­тіп келе жатқан Бекеттер бізде көп пе еді? Қазақ халқының тарихында оның мә­дениеті мен руханиятының дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген, алдынғы тол­қын ағалар, мемлекет қайраткерлері Те­мір­бек Жүргенов, Ілияс Омаров және Өз­бек­әлі Жәнібековтің ұлт тарихында қал­дыр­ған ізгілікті ісін жалғастырушы тұлға ретінде Бекет Тұрғараевтың ерекше ерен еңбегі мемлекеттік комиссия тарапы­нан жоғары дәрежеде бағалануы тиіс еді. Осындай еңбектерді биік дәрежеде баға­лап, елге, халыққа үлгі ретінде ұсынғанда, ұлт руханияты мен мәдениетінің және тари­хының өсіп-өркендеуіне жекелеген тұлғаларды тартып, мәдениет пен өнері­міздің, тарихымыздың әлеуетін биік дәре­жеге көтеруге ықпал ете алған болар еді. Біз Бекет атқарған қызметтің бір пара­сын ғана баян еттік. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, орындауды басты бағытым деп ұстанған, ел мүддесі үшін ерен еңбек ат­қар­ған жомарт жүрек азаматтың қайырым­дылығы мен қайраткерлігі мемлекет тара­пы­нан өзінің әділ бағасын алатынына әлі де сенімдіміз. Тұрғараев – өз адами, азаматтық тұғы­рына әлдеқашан шыққан адам.Тек әлеу­меттің ақниет алқалауын жерге тастамай, бәйгеге қосылып, ел қатарлы бақ сынаға­нның не айыбы бар?! Бұл да ештеңе емес-ау. Қарапайым қисынға салып айтсақ, бұл дүниеде бәрі өткінші, салыстырмалы. Сыйлықтың тек ресми бекітілмегені болмаса, ол кісінің атын биіктетеді деу де бос әурешілік. Кісінің артында қалатыны атақ емес, ісі мен аты. Тарихшылар, қаламгерлер тарихты дерек, дәйегімен сөзбен жазса, Тұрғараев сол тарихты тасқа жазып жатыр, жаза да береді. Тұлғалығы әлдеқашан қаза­қы ортада, әсіресе ұлттық элита ара­сында мойындалған Тұрғараевты аты дардай комиссия тұқыртқысы келгенмен не ұтты? Ел ішінде көп жүреміз ғой, осы бір әділет­сіз­дік қайта Бекеңнің ел алдын­дағы абы­ройын одан сайын биіктетіп, аспандатып жіберді.  
P.S. Автор Ғ.Қариннің бұл мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің (№50) 16 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланған.

Ғани ҚАРИН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, құрметті журналист,«Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері