Алматы облысында ірі есірткі зертханасы жойылды
Алматы облысында ірі есірткі зертханасы жойылды
Алматы облысының полицейлері ірі есірткі зертханасын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 22 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы ПБ-ға Қарашығыл аңшылық шаруашылығының қорықшыларынан Еңбекшіқазақ ауданының Балтабай ауылының шетінен күдік тудырған  Украина Республикасының екі азаматы тексерілгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 43 және 28 жастағы шетелдіктердің автокөліктерін тексеру орнынан алыс емес жерде тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында қара түсті пакетті тапты. Ал пакет ішінен ақ түсті ұнтақ түріндегі заттары бар түссіз полиэтилен пакеттер тәркіленді. Бұдан әрі Алматы облысы ПД ЕҚҚКБ қызметкерлері жедел іс-шара барысында ықтимал есірткі зертханаларының екі мекенжайын анықтады. Санкцияланған тінту жүргізу кезінде аталған орыннан Украина Республикасының тағы 6 азаматы ұсталды. Сонымен қатар зертханалық жабдықтар, шыны ыдыстар мен кристалды заттары бар металл табақтар, химиялық заттар тәркіленді. Тінту кезінде шамамен 30 келі «жылдамдық» есірткі заты тәркіленді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді Еңбекшіқазақ ауданының Полиция басқармасы жүргізетін болады. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелген. Күдіктілер қамауға алынды.