Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы – «Қала маңы тасымалы» басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. Акционерлік қоғамы филиалының директоры 2020 жылдың қыркүйегі мен биыл желтоқсан айы аралығында жолаушылар вагондарын жөндеу бойынша қызмет көрсетушінің пайдасына жасаған әрекеттері мен жалпы қамқорлығы үшін жүйелі негізде ақшалай қаражат алды деп күдіктелуде. Алынған пара сомасы 11 миллион теңгеден асады. Биыл 20 желтоқсанда күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды.