SAUAP кәсіпкерлер тобы балаларға мерекелік таңғы ас ұйымдастырды
SAUAP кәсіпкерлер тобы балаларға мерекелік таңғы ас ұйымдастырды
Қайырымдылық шараларымен айналысатын SAUAP кәсіпкерлер тобы Zhas urpaq дамыту орталығында тәлім алып жатқан даму ерекшелігі бар бүлдіршіндер үшін жаңажылдық мерекелік сый жасады. Қаладағы танымал мейрамханалардың бірінде таңғы ас ұйымдастырып, дастарқан жайып, Жаңа жылмен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Орталық өкілдерінің сөзінше, былайғы уақытта мұндай шараны өткізетін жерді де, сыйлықты да өздері тауып отыратын. Бұл «дәстүрді» биыл алғаш рет SAUAP тобы өзгертіп отыр.    width= Балалардың қуанышы бір бөлек, кейбірі мұндай мейрамханаға бірінші рет келіп тұр. Екі сағаттан асса да балалар жалыққан жоқ. Сол үшін ұйымдастырушыларға көп рахмет! – дейді «Zhas urpaq» жобасының Астана қаласындағы жетекшісі Жұлдыз Сатимова. Балаларының осындай шаттыққа кенеліп жатқанына ата-аналары да дән риза. Өйткені, аутизм диагнозына шалдыққан балалар үшін осындай ортаға араласып, көпшіліктің арасында болу олардың әлеуметтік ортаға тезірек бейімделуіне ықпал етеді. Аталған орталыққа бір жарым жылдан бері ұлын әкеліп жүрген Мадина Серікбаева осындай шаралардың арқасында баласының өзге балалармен қарым-қатынасы жақсара бастағанын айтады.    width= Айта кетейік, «Zhas urpaq» дамыту орталығы 2016 жылы ашылған. Қазір онда даму ерекшелігі бар 120 бала тәрбиеленіп жатыр. Жуырда мектеп түріндегі тағы бір орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл аутизм диагнозы бар балалар үшін еліміздегі алғашқы мектеп болмақ. SAUAP тобының жетекшісі, кәсіпкер Абзал Сұлтанбек кәсіпкерлер тобының мұндай шараны апта сайын, ай сайын тұрақты ұйымдастырылып жүргенін айтады. Әсіресе, пандемия кезінде денсаулығында ерекшелігі бар 50-60 баланы емдетуге демеушілік көрсеткен. Өйткені бұл балаларға арнайы массаж керек, арнайы дәрігер керек. Арнайы маманы болмаса, екінің бірі емдей алмайды. Енді көп ұзамай аутизм диагнозы қойылған балаларға жоспардағы мектебі ашылса, бұл үлкен табыс болғалы тұр. Қазір аталған орталықтың балабақшасында жүрген Мадина Серікбаеваның баласы да бұйырса сол мектептің табалдырығын аттамақ.