Аружан Унарбекова Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ сәулет-құрылыс факультетінің бесінші курсында оқиды. Оқудан бос уақытында ол аниме стилінде сурет салумен айналысады. Оның Қазақстан Президенті, сондай-ақ қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғалары бейнеленген жұмыстары жастар арасында танымал болды. ЕҰУ студенті Аружан Унарбекова бала кезінен сурет салады. Ол тарихты жақсы көреді және тарихи тұлғалардың бейнелерін жасайды. Жас дарын Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әлихан Бөкейханов, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы секілді тарихи тұлғалардың 20-ға жуық суретін салды.
– «Аниме форманың анықтығымен ғана емес, кейіпкердің мінезі және эмоциясын көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір біздің елімізде анимация индустриясы өте қарқынды дамып келеді, көптеген студиялар ашылуда. Мен болашақта комикс шығаруым ықтимал», – деп атап өтті жас суретші.Бүгінде ЕҰУ студенті композитор Құрманғазы туралы мультфильмді дайындауға атсалысуда. Анимациялық туынды қазақтың әйгілі күйлерінің таңғажайып қыр-сырларын ашады. Мультфильм 13 сериядан тұратын болады.
– «Анимациялық туындының басты кейіпкері Құрманғазы арқылы көшпелі өмір салтының тарихи кезеңі баяндалады. Композитордың қазақ даласындай алып жүрегі көптеген сынақтар мен келеңсіздіктерді бастан өткереді. Біздің сериал бала Құрманғазының жан дүниесінде терең із қалдырған оқиғаларды ашады. Ол өз шығармаларында халықтың арман-тілегі мен ұмтылысын бейнелеп, ұлы даланың ең танымал музыканттарының біріне айналды», – деп түсіндірді ЕҰУ студенті Аружан.Бүгінгі таңда дарынды жастың жұмыстары Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Тапсырыстар АҚШ, Румыния, Филиппин, Ұлыбритания, Аустралиядан келеді. Соңғы үш жылда ЕҰУ студенті графикалық планшетте сурет салу дағдыларын игерді. Ол сондай-ақ жүзуді, манга комикстерін оқуды жақсы көреді.