Бизнесті кредиттеу көлемі ұлғайды
Бизнесті кредиттеу көлемі ұлғайды
285
оқылды
Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Президентке биыл 11 айда қаржы нарығын дамыту және қаржы ұйымдарын реттеу жөнінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берілді. Мемлекет басшысына биылғы күр­делі макроэкономикалық жағдайларға қарамастан банк секторының тұрақтылығы мен орнықтылығы қам­тамасыз етілгені жөнінде баяндалды. Мәдина Әбіл­қасымованың айтуынша, банктердің актив­тері жыл басынан бері 14,4 пайызға өсіп, 43,1 трил­лион теңгеге жеткен. Халықтың салымы 16,8 пайызға немесе 15,7 триллион теңгеге дейін көбейген. Сонымен қатар экономиканы кредиттеу ісін ынталандыру мақсатында Агенттік капитал бо­сатуға және өтімділікке қатысты реттеу шараларын қабылдап, кепілзат саясатына қойылатын талап­тарды жеңілдетті. Нәтижесінде, экономиканы кре­диттеу көрсеткіші жыл басынан бері 20,1 па­йызға немесе 22,2 триллион теңгеге дейін артты. Оның ішінде бизнесті кредиттеу көлемі 7,3 па­йызға немесе 8,3 триллион теңгеге дейін өскен, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеу көрсеткіші 8,6 пайызға немесе 4,9 триллион тең­геге дейін ұлғайған. Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу шаралары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, микрокредиттердің сыйақы мөлшерлемесі төмендетіліп, борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу тәсілі қатаңдатылды. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымда­рының (МҚО) проблемалық кредиттермен жұ­мыс істеу жөніндегі жеке жоспарлары қабылданды. Жалпы, микроқаржы және коллекторлық ұйым­дардың қызметіне қойылатын талап күшейді. Биыл 23 микроқаржы ұйымы мен 35 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды. Агенттік төрағасының мәліметінше, сақтан­дыру нарығында жаңа әлеуметтік сақтандыру өнімдері енгізіліп, сақтандыру қызметтерін цифр­ландыру үшін жағдай жасалған. Қор нарығында жеке санаттағы инвесторларды қорғау шаралары күшейтілді. Олардың саны екі жылда 4 есе артып, 526 мыңға жеткен. Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу ісін одан әрі дамытуға және осы са­лада тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағыттал­ған бірқатар міндет жүктеді.