Жерді пайдалану мен қорғау заңнамасы мақұлданды
Жерді пайдалану мен қорғау заңнамасы мақұлданды
583
оқылды
Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Жобаның міндеті – жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жетілдіру.
 «Жер қатынастары саласындағы қызметтерді сапасыз немесе уақтылы көрсетпегені үшін жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігі белгіленеді. Заң жобасын іске асыру жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтер­дің сапасын арттырып, халықтың жалпы мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады», – деді жоба туралы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы туралы заңның күшiн жою туралы, Экологиялық таза көлікті танымал ету және электро­мобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері туралы, әкімшілік құқық бұзушылық ту­ралы» Кодекске толықтыру енгізу туралы, резерв­тегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұ­мысқа алды. Бұдан бөлек депутаттар кедендік әкелу баждары­ның сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды ЕАЭО мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялады. Сонымен қатар ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заң жобасы мен ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен то­лықтыруларға келісті.