Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Жобаның міндеті – жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жетілдіру.
«Жер қатынастары саласындағы қызметтерді сапасыз немесе уақтылы көрсетпегені үшін жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігі белгіленеді. Заң жобасын іске асыру жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтердің сапасын арттырып, халықтың жалпы мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады», – деді жоба туралы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңның күшiн жою туралы, Экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері туралы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске толықтыру енгізу туралы, резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Бұдан бөлек депутаттар кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды ЕАЭО мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялады. Сонымен қатар ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заң жобасы мен ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісті.