2022 жыл ауыс-түйістер жылы болды десек, жаңылмаспыз. Әрине, биліктің мұндай өзгерісі бізге таңсық емес. Бірақ биылғысы бұрынғыдан өзгеше сипат алды. Содан болса керек, әрбір жаңа тағайындау сенсацияға толы толды. Бір өзі аймақ пен саланы «меншігіне» айналдырған мүйізі қарағайдай әкімдер мен министрлердің дәурені аяқталып, орнын босатты. Олардың орнын жас, жігерлі технократтар алмастырды. Жалпы, осы барлық кадрлық шешімнің астарында не жатыр? Ол белгілі бір заңдылыққа бағынған ба, әлде бейберекет жүріп жатыр ма? Сенім жүгі салмақты Бұған дейін саясат сахнасындағы белгілі тұлғалардың шоғыры өзгермеді. Жаһанға жар сала жарияланған меритократия қағидасы сөз жүзінде қалды. Ал қазіргі өзгерістер одан принципті түрде ерекшеленеді. Үкімет пен әкімдердің қатары жаңарды. Жасыратыны жоқ, ірі кадрлық шешімдер «Қасіретті қаңтар» оқиғалары тұсында басталды. Ауыс-түйістің ең ірісі қос биліктің жойылуы болды. Нәтижесінде, 5 маусымда ұйымдастырылған жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы Ата Заңнан Елбасы мәртебесінің алып тасталуын мақұлдады. Осылайша, республикамызда іс жүзінде мемлекеттің екі шылбыр, бір тізгіні толықтай Президент қолына көшті. Қаңтар оқиғалары кезінде Мемлекет «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Жарлығын жариялап, Үкіметті таратты. Дәл сол күні Президент Жарлығымен Қырымбек Көшербаев та Мемлекеттік хатшы лауазымынан босатылды. Референдумда құпталған конституциялық реформаға сәйкес, Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылды. Оның орнына Мемлекеттік кеңесшісі лауазымы пайда болды. Әуелі 5 қаңтарда Мемлекеттік хатшы болып тағайындалған Ерлан Қаринге 14 маусымда Мемлекеттік кеңесші қызметі жүктелді. Бүкіл әлемдік ақпарат айдынын елең еткізген Жарлық 6 қаңтарда жарияланды. Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті лауазымынан босатылды. Оның үстінен мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгісі анықталды. 18 қарашада оның үстінен сот процесі басталды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына оның алдында Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болған Ермек Сағымбаев тағайындалды. 19 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Орнын Руслан Жақсылықов басты. Бұрынғы Қорғаныс министрі қаңтар оқиғаларынан соң бір жарым ай өткенде тұтқындалды, оның ісі қазан айында әскери сотқа берілді. Ол Қылмыстық кодекстің 451-бабының 3-бөлімі бойынша ұрыс жағдайында билiктi асыра пайдаланды деген күдікке ілікті. Ресейлік жазушы, тарих зерттеушісі, «Трагический январь» кітабының авторы Леонид Млечин қанды қаңтар күндері Қ.Тоқаев күш құрылымдары басшыларының «ақпараттық қамауында» қалғанын, олар ұсынған мәліметтердің дұрыс-бұрыстығын тексеру қиынға соққанын айтады. Бұл тығырықтан батыл кадрлық және басқа шешімдер құтқарды.
«Алғашқы күндері, 4-6 қаңтарда Тоқаев нағыз ақпараттық изоляцияда қалды. Соны ұйымдастырған күш құрылымдары елден қашуы үшін Президентті бүліктің ауқымымен, негізгі облыс орталықтарына шабуыл жасаған қарулы бандиттердің санымен, олардың Ақордаға шабуылдауды жоспарлап отырғанымен қорқытуға тырысты. Сол сын сәтте Тоқаевтың қасында болған, небәрі бірнеше адамнан ғана тұратын оның аппаратының қызметкерлері маған былай айтты: «Президент шын мәнінде мыңмен жалғыз алысқан күйге түсті, жан-жақтан анталаған бандиттерге және сатқындарға қарсы жалғыз күресті». Қазір айқындалып отыр: сол тауқыметті күндері Президент дұрыс шешім қабылдады және елді хаостан, тоз-тоз болып бөлінуден сақтап қалды», – деді Л.Млечин.Саясат алыптары аттан ауды Елімізде саяси трансформация 2019 жылы басталып, Президент өзгергенімен, жаңа көшбасшыға бұрынғы Мемлекет басшысының командасы толық дерлік көшті. Қаңтарда бейбіт шеруге шыққан халық Тоқаевтан билікті өзгертуді талап етті. Ел тілегіне құлақ түрген, ден қойған ел басшылығы жыл бойы кадрлық жаңғыруды бірте-бірте жүзеге асырды. Президент Жарлығымен 2022 жылғы 25 ақпанда Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрі лауазымынан босатылып, Президент кеңесшісі болып ауыстырылды. Алайда 17 тамызда ол қызметінен де кетті. Сол 25 қаңтардағы Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымынан босады. Халықаралық сарапшылар осы арқылы Тоқаев алда әділ сайлау өткізуге дайындалуда деп тұспалдады. Бұл жорамал кейін расталды. Былайғы жұрт жақсы біле қоймағанымен, сырт көзден таса саяси ойындардың белсенді ойыншысы Нұрлан Онжанов Мемлекет басшысының Жарлығымен 13 маусымда Президент Кеңсесінің бастығы лауазымынан алынып, Қазақстанның Германия елшісі қызметіне аттанды. 2009 жылдан бері билікте тек ірі қызметтерді «арқалап» келген алыптардың бірі, Президент көмекшісі де болған Қанат Бозымбаевтың 11 маусымда Президент Жарлығымен Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылуы да сарапшылардың таңданысын тудырды. Себебі ол осы қызметке 2021 жылғы 24 қарашада ғана тағайындалған болатын. Оның әкімдік дәуірінің соңғы нүктесіне ерте қойылуына «Алтын орда» базары былықтарының ашылуы себеп болғаны айтылады. Сауда-саттық саласына тікелей жетекшілік еткен Бақыт Сұлтанов та 15 тамызда Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымынан кетуге мәжбүр болды. Ол алдымен, 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттен сөгіс алды. Себебі сауда саласының шаруасы шатқаяқтап, елде алапат қымбатшылық қарқын алып, инфляция деңгейі рекорд орнатты. Қазақстан саясатының тағы бір серкесі Бейбіт Атамқұлов та шетелге кетті. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 31 қазандағы Жарлығымен Өзбекстанға елші болып аттанды. Сарапшылар мен ақпарат құралдары бірқатар аймақ басшысының ұзақ отырып, өңірді шағын хандығына айналдырып жібергенін сынап жүрді. Биыл барша қазақстандыққа танымал, еліне сыйлы біраз әкім саясат сахнасындағы басты рөлдерінен айырылды. 2022 жылғы 31 қаңтардағы Жарлыққа сәйкес, Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан алып тасталды. Қоғам өкілдері оны қаңтар оқиғалары кезінде әрекетсіздігі үшін қатты сынаған еді. Мемлекет басшысының 7 сәуірдегі Жарлықтарымен Гүлшара Әбдіқалықова – Қызылорда облысының әкімі, Бердібек Сапарбаев – Жамбыл облысының әкімі, ал Махамбет Досмұхамбетов Атырау облысының әкімі лауазымынан босатылды. 31 тамызда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкасы үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Өмірзақ Естайұлы өзі басқарған өңірдегі коррупциялық жанжалдар аясында орнынан кетті. Орнына бұған дейін Өзбекстандағы қазақ елшісі болған Дархан Сатыбалды барды. Дәл сол 31 тамызда отандық саясаттың тағы бір корифейі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан босатылды. Қостанай облысын 2015 жылдан бері табан аудармай басқарған Архимед Мұхамбетовке де биыл әкімдік мансабын аяқтады. Кадрлық жаңғыру жарқын істерге бастайды Президенттің 2022 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен Әлихан Смайыловты Премьер-Министр лауазымына тағайындады. Министрлер кабинетінде едәуір өзгеріс болды. 2021 жылдан бері ел Үкіметі 68 пайызға жаңарды. Бұрынғы Үкіметтің 22 мүшесінің 15-і қызметінен босатылды. Биыл Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың Алматы қаласының әкімі қызметіне, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалуы, Қарағанды өңірінің басшысы Жеңіс Қасымбектің Астана тізгінін қолына алуы қоғамда пікірталас туғызды. Жалпы, бұрынғы әкімдірден тек төртеуі: 2014 жылғы қарашадан Шығыс Қазақстан облысын басқарып, әкімдер арасында рекордсменге айналған Даниал Ахметов, 2021 жылғы қыркүйектен Маңғыстау облысын басқаратын Нұрлан Ноғаев, 2019 жылғы наурыздан бері Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев және СҚО әкімдігінен Қостанай облысына ауысқан әкім Құмар Ақсақалов орнын сақтап қалды. Елде 20 өңір бар деп есептесек, олардың басшылары бір жыл ішінде тура 80 пайызға жаңарған. Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың байламынша, биыл елдегі билік жүйесінде салмақты ауыс-түйіс болды.
«Мемлекет басшысы қаңтар оқиғалары тұсында бұрынғы биліктің командасымен қалды да, оның ішінде кімге сенерін білмеді. Жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент биліктегі бірқатар тұлғаның өз тапсырмасын орындамай, саботаж жасайтынын ашық, ащы айтты. Қазіргі билік жүйесі айтарлықтай жаңарды. Тоқаев өз уәдесінде тұрды: ауыс-түйісті бейберекет емес, бірте-бірте, байсалды жүргізіп жатыр», – деді сарапшы.Сонымен қатар Мемлекет басшысы кадрлық өзгеріс үрдісінде тек құзырлы органдар мен мамандардың ғана емес, халықтың да талап-тілегіне құлақ қоятынын аңғартты. Жергілікті жұртшылықтың сынына іліккен әкімдер орнын босатты. Сондықтан осы жаңғырулар қоғамдық пікір туғызып қоймай, халық қолдауына иеленді. Бұл биліктегі жаңа элитаны бұқараға етене жақын етудің жақсы амалы болса керек. Қаңтар оқиғаларының басты бір сабағы сонда: әкім болсаң, халқыңа жақын бол. Оның үстіне, жас, қайратты, қажырлы технократтар Президенттің жан-жақты жаңғыруға бағытталған реформалары мен бастамаларын әр өңірде және әр салада нақты жүзеге асыруға бар күш-жігерін бағыттайды, экс-саясат серкелері сияқты өз имиджін ел мүддесінен биік қоймайды деген үміт бар. Ендеше жаңа кадрлық саясат жемістері Әділетті Қазақстанның берік кірпіші болып қаланары сөзсіз.