Қорғансыз қарттардың күні
Қорғансыз қарттардың күні
© коллаж: Әсел Балтақызы
673
оқылды
Қартын қазынаға балайтын қоғамда ата-ананың қадірі түгілі құқығын қорғаудың өзі қиын. Өкінішке қарай, тоғыз ай, он күн көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген анасы мен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әкесін қаусаған шағында қарттар үйіне табыстап кете баратындардың әрекетіне де ет үйрене бастағандай ма, қалай? Бірақ әлемнің жарығын сыйлаған жандарға жәбірлік көрсетіп, бейнетінің зейнетін көретін уақытта өз баласының қолынан өлім құшып жатқанын есту қандай ауыр еді десеңізші... Биыл Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы денсаулығында кі­нәраты бар адамдар жатқызы­латын мекемеде есімі елге белгілі әртістің жары, кезінде небір қо­йылымдар туралы түйдек ойын айтып жүретін театр сыншысы­ның төсекке таңылып, бүк түсіп жат­қанын көрдік. Адам таны­мас­тай болған кейуанаға қараудың өзі аянышты еді. Бұл дүниеде бала­лардың алғысын алып, қарттық келгенде ұл-қызының қызығын көру пешенесіне жазылмағаны жүректі сыздатты. Тәуліктің 24 са­ғаты төсектен қозғалмай жатқан қарт ананың туған балаларынан ешбір хабар жоқ. Бұл орталыққа оны бірнеше жыл бұрын қызының достары әкеліп тастаған. Содан бері кейуананың көңілін сұрап тірі жан келмепті. Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көр­сету орталығында қазір 199 қарт тұрады екен. Соның ішінде 80-90 пайызының балалары бар. Бірақ ата-анасын іздеп мекемеге келетіндер жоқ. Өйткені көбісі жұмысбасты екен. Бірі шетелге кеткен, енді біреулері елде болса да ендігі жерде ата-анасының тірі екенін әлдеқашан ұмытқан. Ме­кемені ақылы шарт негізінде ме­кен еткен 60 адамның да ба­лала­ры бар. Олардың бар айырма­шылығы, орталықта жатқан ата-анасының хал-жағдайын тұрақты біліп тұ­ратыны ғана. Кейде қау­саған қарт­тық келгенде туғаны­нан те­періш көргенінше, дерті ортақ жандардың үйіне айнал­ған Қарттар үйі әлдеқайда дұрыс шешім болды ма екен деген ойға қаласың... Қарт ата-анасына қорлық көрсеткендер көбейді Осы күні өз баласынан тұ­рақты зәбір көріп жатқан қарттар аз емес. Ең сұмдығы, осындай ұзақ азаптаудың соңы кейде қайғылы аяқталып жатады. Мә­селен, биыл­дың өзінде өз туға­нының қолынан ажал құшқан оқи­ғалар көп болды. Биыл жазда Ал­­матыда қарт анасын ұрып-соққан Александр Смирнов 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот­талушының бұл әрекеті жауапсыз қалуы да мүмкін еді. Абырой болғанда ұлының 74 жастағы ана­сын аяусыз ұрып-соққаны туралы бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Оның артынша 84 жастағы қарт анасын ұрып өл­тір­ген ақтөбелікке де сот үкімі шы­ғарылды. Дәл осындай оқиға Ал­маты облысында да болды. Бел­гілі болғандай, ол кезде де қарт әйел қатты соққыға жығыл­ған. Ішімдікке сылқия тойған 40 жастағы баласы қарт ата-анасына қол жұмсаған, ауыр соққыдан анасы қайтыс болды. Анық­тал­ғандай, ер адам бұрын да жеңіл қылмыстары үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған көрінеді. Жақында ғана жұрттың жа­ғасын ұстатқан қанды оқиғаның бірі Батыс Қазақстан облысында да болды. Ол кезде де ұлы әкесін ұрып өлтірген. Ал өткен аптада Астанада 60 жастағы анасын қорлаған ер адам қамауға алынды. Жәбірленуші 34 жастағы ұлы мас күйінде келіп үнемі анасының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтынын, осылайша психо­логиялық зорлық-зомбылық кө­ріп келгенін айтыпты. Бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауап­кершілікке тартылған ұлы Әкім­шілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен 5 тәулікке қамауға алыныпты. Әкімшілік жауапкершілікті жаза деп біл­мейтін адамның қамақтан шық­қан соң қарт анасына қорлық көрсетпесіне кепілдік жоқ. Астана қаласы Полиция де­партаменті Есіл ауданының По­лиция басқармасы анықтау бөлі­мінің басшысы, полиция подпол­ковнигі Ермахан Серікбаевтың айтуынша, Тәуке ханның Жеті Жарғысында әкесіне қол жұмса­ған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Дәл сол секілді қолданыстағы заңымызға ата-ананың құқығын қорғауды міндеттейтін бапты қатайтып, қылмыстық жауапкершілік қа­растырылу керек.
– Ата-ананың құқықтары мүл­дем қорғалмайды дегім кел­мейді. Дегенмен көшеде біреуді жаралап, соның салдарынан орта дәрежедегі дене жарақатын салса, Қылмыстық кодекстің 107-бабы­мен, ал егерде ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтірсе осы кодекстің 106-бабымен қылмыс­тық жауапкершілікке тартылады. Айтпағым, ата-ананың құқығын қорғау маңызды болып тұр. Ата-анамыздың абыройы мен дәре­жесін көтеріп, балаларының ал­дында мәртебелі етілу керек. Бү­гінде балаға ата-ананы құрмет­теуді заңмен міндеттеу артық­шылық емес. Сол үшін баласы ата-анасын балағаттап, рен­жіт­кені үшін әкімшілік жауапкерші­лікке арнайы бөлек баппен, ал күш қолданып, дене жарақатын немесе жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген жағдайда Қылмыстық кодекстің арнайы бөлек бабымен жауапкершілікке тарту қажет. Тәуке ханның Жеті жарғысында ерекше еленіп, бекітілген ата-ананың дәрежесін ата заңымызда көрсетіп қойса да артық етпейді. Өйткені болашақ ұрпақ осыдан тамырланып, ата-анасының сый-сияпатына бө­ле­н­іп, батасымен көгерері анық, – дейді Ермахан Қапбарұлы.
Жалтарса, жауапкершілік алмайды Заңгер Абзал Құспан «Неке және отбасы» заңының 145-ба­бында кәмелетке толған балалар­дың ата-аналарын күтіп-бағуға қатысты міндеттері көрсетілгенін мысал етеді. Ол бойынша, еңбек­ке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқ­таж, еңбекке жарамсыз ата-ана­ларын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Екін­шіден, еңбекке жарамсыз ата-аналарына алимент сот тәр­тібімен өндіріп алынады. Және алиментті өндіру кезінде еңбекке жарамды кәмелетке толған бала­ларының бәрі ескеріледі. Ең қы­зығы, егер балалары ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтар­ғаны анықталса, балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарам­сыз ата-аналарын күтіп-бағу жө­ніндегі міндетін атқармаса да бо­лады. Яғни, балалары ата-ана құ­қықтарынан айырылған ата-ана­сына алимент төлеуден бо­сатылады.
«Айта кету керек, бұл жерде қартайған ата-анасын бағып-қағуға туған баласы ғана емес, асырап алған баласы не болмаса кезінде бауырына басып алған немересі де міндеттеледі. Бала­лары өз міндеттерін орындамай­тын болса, ата-анасы сотқа жү­гінуге құқылы. Бірақ бұл жерде зә­бір көретін, психологиялық қы­сым көретін ата-аналардың кө­бісі өз бетінше жүріп-тұра ал­майтын қауқарсыз адамдар екенін ұмытпау керек. Олар өздігінен сот­қа жүгіне алмайды. Бірақ олар­дың мүддесін қорғайтын әрбір аудан орталығы мен қалаларда әлеуметтік қорғау мекемесі бар. Сол мекемелердің қызметкерлері қартайған кісілердің жағдайын тұрақты біліп, хал-жағдайын ұда­йы тексеріп отыру керек», – дейді заңгер.
«Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» дейтіні секілді, көптеген ата-ана іштен шыққан шұбар жыланын жа­ман­дыққа қимайды. Сондықтан жан жарасының жанында тән жа­ра­сына көз жұма қарайтыны сон­дықтан. Оның үстіне, әлгіндегідей ата-анасына төлеуі тиіс алиментті де беруден жалтарып, жауап­кер­шіліктен босатылып жүргендері көп. Мысалы, Отбасылық зор­лық-зомбылықтан қорғау комис­сиясы мен Балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен агрес­сорлардан таяқ жеген әйел мен балалардың құқығын қор­ғауды қатайту керегін талап етіп келеді. Соның арқасында ба­ла алдындағы міндетін толық орын­дамай, алиментін төлеуден жал­тарған ата-аналарды бас бос­тандығынан айыратын жауап­кершілік қарастырылды. Ал ата-анасына алимент төлеуден жал­тарғандарға дәл осындай жауап­кершілік қарастырған абзал болар ма еді. Өйткені әлгінде айтқандай, Қарттар үйіндегі ата-әжелердің барлығы алимент дегеннен әлі бейхабар. Есіктің арғы жағында өз баласынан күн сайын қорлық көріп, тепкінің астында қалған қариялардың құқығын қорғап жатқан дәл осындай құрылымды да көрмейсің. Осының өзі қоғамда қарттардың жағдайын қалтарыста қалдырып келе жатқанымыздың дәлелі болса керек.