Бір түнде 27 ота жасалды
Бір түнде 27 ота жасалды
Қаңтар оқиғасы көптің санасынан өше қойған жоқ. Ай мен күннің аманында қан­ды қақтығыстан дүние төңкеріліп кеткендей әсер қал­дырды. Әсіресе, ақ ха­лат­тылар сол уақытта ең қиын да қорқынышты сәт­терді бастан кешірді. Қызылордалық дәрігерлер де артық жүктемемен жұмыс іс­теген күндерін тебіреніспен еске алады. Қан-жоса күйге түскен өрімдей жастарды бірінен соң бірі ауру­ханаға жеткізіп, адам өмірі үшін арпалысқан сәттері көз алдарынан кетер емес. Негізінен қаңтар қақтығысы Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде, яғни, тура көпбейінді облыстық аурухана­сының алдында бастау алған еді. Алғашында бейбіт шеруге жи­нал­­ғандар қара көрсеткен бо­латын. Қаңтар айының 5-і күні шеруге жиналғандар қарасы қалыңдай түсті. Сол күні түс ауа күт­пеген жерден дүрбелең баста­лып кетті.
«Сол күні түстен кейін бізге қақ­тығыс басталғаны айтылып, қандай жағдайға да дайын бо­луы­мыз керектігі ескертілді. Түс­тен кейін оқ атылып, арты­нан жара­ланғандар ауруханаға жеткізіле бастады. Сол сәттен бастап қа­был­дау бөлімінен Алмас есімді өзіміздің хирург нау­қастарды жарақатына қарай тиісті бөлім­дерге жіберіп отыр­ды. Бізге ауыр жараланған, шұ­ғыл ота жасауды қажет науқастар жеткізілді. Оның ішінде өкпе­сі­нен, аяғынан, кеуде қуысынан, басқа да ішкі ағза­ларына оқ тиген адамдар болды. Мұндай жағдай түннің бір уағына дейін жалғасты. Науқастарды бірінен соң бірі босаған ота жасау бөл­месіне кезегімен кіргізді. Тіпті ауруханаға жеткіземін дегенше үзіліп кеткендер де болды. Жалпы сол күні сағат 4-тен түнгі 2-ге дейін 27 кісіге ота жасадық. Бұған дейін бір түнде осыншама кісіге ота жасау мүлде болмаған еді», – деп еске алады бұл жа­йын­да Қы­зыл­орда облыстық көп­бейінді ау­ру­ханасының хи­рур­гия бөлім­шесінің меңгеру­шісі Бекет Ман­таев.
Сол күні жарақат алған адам­дардың көп болғандығы сонша­лық, тіпті олардың аты-жөнін анықтауға уақыт болмаған. Адам жанына араша болу үшін барын салды. Ота жасау бөлмелерінде кезек бойынша ота жасалып, оған қаладағы барлық білікті хирургтер бір кісідей жұмыл­дырылған екен.
«Бүлік басталған сәтте бар­лық бөлімше дәрігерлері қабыл­дау бөлмесіне барып, науқас­тарды қабылдауға дайын тұрдық. Бәрі бір сәтте басталды. Бір сәтке де босаңсуға мүмкіндік бол­мады. Отаны кезекпен жа­садық. Келесі науқасты дайын­дағанша су ішіп қана үлгердік. Жараланғандардың қатарында орта жастағы азамат­тардан гөрі, жастардың қарасы қалың болды. Бірі ауруханаға жеткізгенше, енді бірі отадан кейін үзіліп кетті. Жақындарын жоғалтып, ауруханаға іздеп келіп жатты. Сол түнгі қарбаласты ұмы­ту мүмкін емес», – деп баяндады облыстық көпбейінді аурухана­сының бөлімше меңгерушісі Бауыржан Қуанышбаев.
Дәрігерлер облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы, көпбейінді ау­рухана­ның бас дәрігерінің табанды шешімдерінің арқа­сын­да талай жараланған жан­дарды аман алып қалғанын айтады. Дер уақытында төсек орны мен қажетті дәрі-дәрмектер қоры толық жеткізіл­ген. Қаңтар қасіретін көзбен көр­ген ақ халаттылар мұндай дүрбе­лең енді қайталанбасын деп ті­л­ектерін білдірді.

Қызылорда облысы