«Ата жолы» картасы енгізілді – Ілияс Испанов
«Ата жолы» картасы енгізілді – Ілияс Испанов
440
оқылды
Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы дайын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа тұжырымдама 2023-2027 жылдарға арналған. Бұл құжаттың жаңалығы неде? Жаңа тұжырымдама тоқтаған көштің бойына қайта қан жүгірте ала ма? Біз бұл сауалымызды Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­­­нис­трлігі Көші-қон комите­тінің төра­ғасы міндетін атқару­шы Ілияс Испанов мырзаға қойған едік. – Ілияс мырза, Көші-қон сая­сатының жаңа тұжырымдамасы та­ныстырылды. Бұл тұжырым­да­маның мән-маңызы қандай? – Бұл құжат Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес әзір­леніп, Экономикалық реформа­лар жөніндегі жоғары кеңесте мақұл­данған. Тұжырымдама еліміздің көші-қон саясатын реттеуді және эко­номикалық дамуын кадрлық жа­ғынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында алдағы жұмыстың басты 3 блогы айқындалды. Атап айтқанда, елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; шетелде жұмыс істейтін қазақ­стан­дықтардың құқығын қорғау және өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті жою. Сондай-ақ елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі. Атап айт­қанда: Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы; бизнес-иммиграция; шетелден 100 үздік маманды тарту; этникалық көші-қонды рет­тейді; босқындармен жұмыс; Қазақстан азаматтарының ең­бек мигранты ретінде шетелге шы­ғуына қатысты және соңғы бағыт; еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынта­ландыру. Алдағы уақытта аталған ба­ғыттар бойынша біршама жұмыс жүргізіледі, атап айтсақ, заң жоба­лары, құқықтық актілер мен халық­аралық келісімшарттар қабылдау жоспарланған. – Жаңа көші-қон саясаты дегеніміз не? Мықты кадрлар тарту дегеніміз шетелдік мамандардың санын арттыру деген сөз бе? – Тұжырымдама шеңберінде технологиялар трансферті мен ұлт­тық кадрларды даярлауды қамта­масыз ететін тапшы кәсіптер бо­йынша кәсіби біліктілігі жоғары шетелдік мамандарға баса назар аудара отырып, Қазақстанға білікті еңбекші көшіп-қонушыларды тарту іс-шарасы қарастырылған. Шақырылатын жоғары білікті шетелдік мамандар үшін 10 жылға дейін тұруға ықтиярхат алу құқы­ғымен әлеуетті жағдайлар жасалады. – Білім иммиграциясы мен биз­нес иммиграциясының аражігі қа­лай? Бұл көші-қон саясатына қан­дай өзгеріс әкеледі? – Мемлекет ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT саласындағы сұранысқа ие кәсіпқойлар үшін же­ңілдіктер енгізеді және тұруға ық­тиярхат алу құқығымен визалар береді. Авторлық мектептерді ашу үшін жағдайлар жасай отырып, өнер, спорт, әдебиет саласындағы ше­берлер тартылады. Бұдан басқа, мұғалімдер, ға­лым­дар, тапшы мамандық бойынша Қа­­зақстан оқып жатқан шетелдік сту­­денттер арасынан «құнды білік­тілік иегерлерін» жеңілдетілген жағ­дайда жұмысқа орналастыруды көз­­дей отырып тарту жоспарланған. Бастама шеңберінде үздік биз­нес­мен­дер, оның ішінде тұтастай зият­керлік қызметке негізделген креа­тив­ті индустрияны (эконо­миканың төр­тінші секторы) дамыту үшін тар­­­тылады. Бұл адами капиталды да­­мытуға, білім құндылығы мәде­ние­тін қалыптастыруға айтарлықтай серпін береді және білім беру қыз­мет­тері сапасының өсуіне ықпал етеді. Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларынан асатын сомада инвестиция салған шетел азаматтары үшін инвесторлық визаларды алу шарттары қайта қаралатын болады. Виза иесі биз­несті тіркей алады, мүлікке, оның ішінде тұрғын үйге иелік ете алады, қаржылық операцияларды жүргізе алады, сондай-ақ тұруға рұқсат ала алады. Сондай-ақ, шетелде тұратын этникалық қазақтарға елге жеңіл­детілген түрде кіру үшін берілетін «Ата жолы» картасы енгізілді. Оның иесі тұру құқығын алған шетел­дік­термен бірдей елге жеңілдетілген кіру мүмкіндігіне ие болады. – «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген мәтелдің мәні артқандай. Соңғы жылдары елден кет­кендер саны артып келеді. Қа­зақстаннан көбіне жастар кетіп жат­қан секілді. Бұл үдеріс халық са­­ны­ның азаюына кері әсерін тигізбей ме? – Жалпы, 2011 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде негізінен еңбекке қабілетті жастағы жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетті. Тек 2019-2021 жылдары елден тұрақты тұруға шетелге 106,5 мың адам, оның 90 пайызы – Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы елде­рі­не жұмысқа орналасу немесе та­рихи Отанына оралу мақсатында көшіп кетті. Бұл соңғы жылдардағы көші-қон ағындарының серпіні жоғары білімі бар эмигранттар санының өсуін және елге жоғары білімі бар көшіп келушілердің қарама-қарсы легінің қысқарғанын көрсетеді, 10 жыл ішінде елге келген жоғары білімі бар адамдар саны екі еседен астамға қысқарып, 2020 жылы 1,9 мың адамға жеткен. Бұл эмиграция негізінен білімді жастар мен білікті мамандарды қамтитынын көрсетеді, мұның өзі Қазақстанның адами капиталының сапасына әсер етеді. Шетелдік оқу орындарында оқу қазақстандықтардың эмигра­ция­сы­ның алдын ала кезеңі болып есепте­леді. Қазақстан – білім беру бо­йынша көрсетілетін қызмет­терінің жаһандық нарығының белсенді қатысушысы. Шетелдік білім бе­рудің неғұрлым жоғары сапасы мен беделі, әлемді көруге және өз ой-өрісін кеңейтуге, шет тілдерін үй­ренуге деген ұмтылыс, студенттердің белгілі бір бөлігі үшін – одан әрі жұмысқа орналасу және шетелде тұру қазақстандық жастар үшін жоғары білім алу мақ­сатында шет­елге шығудың басты алғышарттары. Мұнда Қазақстаннан білім беру көші-қонының «сыртқы» жағы көрінеді: бұл – көшіп-қонушылар­дың белгілі бір бөлігі оқуды аяқтаған соң басқа елдерде тұруға және жұ­мыс істеуге деген ұмтылысына бай­ланысты елдің зияткерлік әлеуетінің бір бөлігінен айырылуы. Мұндай көші-қон процестері «адами капи­талды» дамыту қажет екенін көрсе­тіп беріп отыр. – Бір жылдары оңтүстіктен сол­түстікке көш аударту үшін «Серпін» бағдарламасы жүзеге асқан еді. «Сер­пін» бағдарламасы бойынша грант бөлініп, студенттер қабылдай баста­ған-ды. Мұның соңы немен аяқ­талды? – Негізі, аталған «Серпін» бағ­дарламасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға ар­налған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында іске асырылған. «Серпін» бағдарламасына қа­тысушылар жұмыс күші Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Шым­кент қаласынан 9, 11-сыныпта­ры­ның түлектері жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар. Бұл іс-шараның орындалуына жа­уапты мемлекеттік орган сол кездегі Білім және ғылым министрлігі болды. Қазір «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасының іске асыру мер­зімінің 2021 жылы аяқталғанын ескере отырып, жалпы қоныс аудару іс-шарасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жалғасуда. Ал «Серпін» бағдарламасы өз кезегінде Білім және ғылым минис­трлігінің жауапкершілігінде қалды. Теріскейге көш қайта жал­ға­сатын секілді. Бұл қандай бағдарлама аясында жүзеге асатын болады? – Жаңа атап өткендей, 2022 жылдан бастап, қоныс аудару бағ­дарламасы «Қуатты өңірлер» ұлттық жобасы аясында жалғасуда. Ми­нистрліктің 2022 жылға бекітілген квота саны – 8 086, оның ішінде қандастарға – 1 499, қоныс ауда­ру­шыларға – 6 587. Қазіргі уақытта, жұмыс күші артық өңірлерден, жұ­мыс күші тапшы өңірлерге 7 552 адам, оның ішінде 1 235 қандас, 6 317 қоныс аударушы көшті. Қоныс аударушыларға бірреттік 70 айлық есептік көрсеткіш көле­мінде субсидия, тұрғын-үйді жалдау шығыстарын өтеуге 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін субсидия беріледі. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда бос тұрғын-жай болған жағдайда, қызметтік үй, жатақхана, бөлмелер ұсынылады. Айта кетерлігі, келесі жылдан бас­тап жоғарыда аталған тұжырымдама аясында жаңа механизм, яғни қо­ныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсыну қарастырылған. Аталған сертификат тұрғын-үйді сатып алуға немесе салуға, сон­дай-ақ алғашқы жарна ретінде қолдануға беріледі. Сонымен қатар мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемде­­се­ді. Іске асырылып жатқан ша­ралар халықты қоныстандырудың өңірлік диспропорциясы ішіндегі пробле­ма­ларды шешуде басты рөл атқарады. – Соңғы жылдары айналадағы қақтығыстардың салдарынан елімізге біраз босқын келген секілді. Бұлардың арасында қай елдің өкілі көп? – 2009 жылғы желтоқсанда Қа­­зақстанның «Босқындар туралы» заңы қабылданды, оның негізгі мақсаты шетелдіктер мен аза­мат­тығы жоқ адамдарға пана берудегі, сондай-ақ босқындар мәртебесін берудегі қатынастарды реттеу жү­йесін қамтамасыз ету. Заң босқындардың құқығы саласындағы халықаралық заңна­маның қағидаттарына негізделген: босқын мәртебесін алудан бас тарту, ашықтық және қолжетімділік, кем­сітушілік емес, босқындарды қол­дау, ақпараттың құпиялығы, отбасы бірлігі және босқындардың бала­ларының құқығын қорғау. Аталған заң пана іздеушілер мен босқын мәртебесін алған адамдардың құ­қықтық мәртебесі мен одан туын­дайтын құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Заң босқын мәртебесін беру, сондай-ақ тұрғылықты жері бо­йынша заңды тіркелу және жеке басын куәландыратын ресми құ­жаттар-босқын куәлігі мен жол жүру құжатын беру құқықтарын қоса алғанда, мемлекеттік қызмет­терге қол жеткізу рәсімдерін ай­қындайды. Бұдан басқа, босқындар Қазақ­стан­ның Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетуге құқылы. Босқындарға, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдарға медици­налық көмек тегін негізде Қазақстан азаматтарына көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Босқындар ең­бек бостандығы мен кәсіпкерлік қызметке құқылы. Ұлттық заңна­маға сәйкес, босқындарға басқа шетелдіктерден айырмашылығы, еңбек қызметіне рұқсат алу талап етілмейді. Қазақстан заңнамасы барлық баланың, оның ішінде бос­қындардың балалары мен пана іздеушілердің мектептегі білім бе­рудің барлық деңгейін алу құқығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біздің заңна­ма­мыз отбасы бірлігіне ықпал етеді. Бұл жерде босқындар мәселелері бо­йынша мемлекеттік саясаттың не­гізгі қағидаттары – пана іздеу­ші­лер мен босқындардың жеке өмірі ту­ралы ақпараттың құпиялығын сақтау. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР