Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туған күніне орай Астанадағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияда ақынның өнегелі өмірі мен шығармаларын насихаттауға арналған «Ақын жүрегіндегі елорда» атты еске алу кеші өтті. Кеш жүргізушісі Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, бұл кеш қазақтың ақын қызы, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығын еске алып қана қоймай, оқушылар арасында кеңінен насихаттау. Сөйтіп, кеш мектептің аспапты оркестрінің сүйемелдеуімен ашылды.
– Бүгінгі кештің бізге берері көп. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпаққа, мына жердегі оқушыларға үлкен сабақ болмақ. «Отыз екі тістен шыққан сөз, 32 руға тарайды» дегендей, бүгінгі Фариза Оңғарсынованың өнегелі сөздері, өлеңдері, еліміздің дамуына қосқан үлкен үлесі мен еңбегі жайында сөз қозғалады. Міне, осы әңгіменің бәрі мына жерде отырған оқушылар арқылы өзге білім ордалары мен оқушыларға кеңінен таралады. Оның үстіне, Фаризаның отты жырлары жастар арасында патриоттық сезімді оята түседі деп сенемін, – деді Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев.Ақынын ардақтаған алқалы жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Уәлихан Қалижанов, Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп, Еренғайып Сәліпұлы, сондай-ақ Фариза апайдың Оңайгүл Тұржан сынды елге белгілі ақын сіңлілері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Іс-шара аясында ақын Фариза Оңғарсынова кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, «Фаризатану» кабинеті тыныс-тіршілігінің таныстырылымы өтті.
«Мектепте оқып жүргенде1960-жылдардың ортасында Алматыға келіп, студент атанғанымызда әдебиетке құштар болдық. Газет бетіне жақсы өлең шықса, жата-жастана оқитынбыз. Фариза апамыздың өлеңі өзімізге жақын болды. Өлеңдері «Лениншіл жас» және тағы басқа газетке шығып жататын. Фариза Оңғарсынова – көптің жүрегінен орын алған ақын. Әбділдә Тәжібаевтың «...Кейін өлеңші ұмытқа айналады да, болашақпен беттесу және тілдесу үшін өмірде ақын қалады... Менің Фариза өлеңдерінен бірінші алған әсерім: өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де, шексіз қуандым» деп ағынан жарылған. Сол сияқты бүгін ақын болашақпен беттесіп, сіздермен өлеңі арқылы тілдесіп отыр. Бұл Фариза поэзиясының өміршең екенін, халқымен мәңгі жасайтынын дәлелдейді», – деді кеш қонағы Зейнолла Әжібаев.Айта кетерлігі, 2019 жылы елорданың сол жағалауындағы бір көше ақынның атымен аталса, 2021 жылы №77 мектеп-гимназияға Фариза Оңғарсынованың есімі берілген еді. Қызығы, ақынның жырға жақын болуына әкесінің ерте қайтыс болып, анасының еңсесін көтеру үшін ермек тапқан бала көңілі әсер еткен.
«Қазір ойлаймын, менің әдебиетті сүюіме, сөз өнерінен жұбаныш табуыма анамның қайғы-қасіреті ерекше әсер еткен болуы мүмкін. Мен анамның көңілін аулаудың түрлі жолын іздейтінмін. Үйімізде кітап көп еді. Мен өздігімнен әріптерді үйрендім әрі Қобыланды жырын жаттап алдым. Содан кейін дауыстап жыр оқитын едім. Бір қызығы, мен жыр оқи жөнелсем, анам көз жасын тиып, құлақ салып тыңдайтын. Сол кезден бастап менің қолымнан кітап түскен жоқ», – деген екен ақын.Жоғары оқу орнын таңдар тұста да, анасының сөзінен аттап кетпеген. Бастапқыда физика, математика пәнін таңдап, оқуға түскенімен, кейіннен сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне ауысады. 1961 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, Балықшы ауданының Еркінқала, «Октябрьдің 40 жылдығы» қазақ орта мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеген. Мектепте қазақ, орыс тілі және әдебиет пәнінен сабақ берген. Оқушыларды қазақ классиктерінің шығармаларымен сусындатып шығады. Осылайша, әдебиет әлеміне барынша жақындайды. Ақынның тік мінезі өлеңінен де білініп тұрады. Өзі де жұрттың бетіне айтып тастай беретін қасиет келе қалыптасқанын айтқан. Егер адамды жақтырмай қалса, сөйлеспей жүре беретінін де жасырмаған. Ақынның мінезін, ішкі әлемін аша түсетін ерекше оқиғаны суретші Таңсық Сәбитбекқызы жиі айтады. Фариза апамыз суретшіге алғашқы кездесуде сыр бермей, қырын қараған деседі. Артынша қылқалам шебері екінші рет байланысқа шыққанында ілтипатпен қабылдапты. Бірақ ол ақынды көргенде аузына сөз түспей, мысы басқанын жоққа шығармайды.
«Жұрт қатал, бетке айтатын тік мінез дейтін Фариза ақынның шын мәнінде жүрегі нәзік, көкірегі шерлі, өзім деген жанға өзегін жұлып берердей бауырмал жан екенін сонда сездім. Бірталай әңгіме айтты, бірақ ортадағы көзге көрінбейтін байланысты ұстап, есіл-дертім кенеп үстіндегі кейіпте болғанда оның ешқайсысын қаперге ілмеген екем ғой. Жанарда жүрген қонақтап, Қоңырқай күзде сорлы мұң» деп жырлаған ақынның ішінде өзімен бірге талай құсалы сыр, құмбыл дауыс кеткендей болады да тұрады», – дейді суретші.Фариза Оңғарсынованың лирикаға толы сыршыл өлеңін сүймейтін оқырман жоқ. Әсіресе, қыз сезімін, мұңын, ішкі сезім толқынысын дөп басатын жырларын жылы қабылдайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ