2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға дайындалу үшін қазақстандық спортшыларға заманауи жабдықтар берілді. Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Париж Олимпиадасына дайындық аясында арнайы бағдарлама әзірленген. Оған сай, спортшыларға заманауи жабдықтар сатып алуға қосымша қаражат бөлінген.
«2023 жыл – Олимпиадаға дейінгі, ұлттық құрама командаларды даярлау тұрғысынан ең маңызды жыл. Ірі жарыстарда жеңіске жету үшін ең алдымен ерік-жігер, табандылық, спорттық рух пен тәртіп қажет екені анық. Бірақ инфрақұрылымның атқаратын рөлін естен шығармаған жөн. Сондықтан тиісті жағдайларды жасау үшін біз жабдықтарды жаңарту және сатып алу жұмыстарын жүргіздік. Енді соңғы нәтиже толығымен спортшыға байланысты», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.Спортшыларға 28 жазғы және қысқы олимпиадалық және 3 паралимпиадалық спорт түрлері бойынша жабдықтар берілді.
«Бүгінде кәсіби спортшылар технологиямен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл жерде жаттығу процесі, жарыстар мен демалыс туралы айтуға болады. Дегенмен прогресс соншалықты тез болғандықтан, жыл сайын әртүрлі жабдықтар мен жаттығу құралдарының жетілдірілген модельдері пайда болады. Сондықтан қазақстандық спортшыларға мұның бәрі қолжетімді екені қуантады», – деп атап өтті шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Денис Никиша.